A place where you need to follow for what happening in world cup

«Қашықтан оқудың тиімді тұстары көп болды»

760

Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Биылғы оқу жылы  жылдағыдан ерекше  сипатта өтуде және жылдағыдан ерекше аяқталатыны баршаға белгілі. Елімізде орын алған пандемия себебінен оқу жаңа форматта оқытылуда. Осыған байланысты қашықтан оқыған балалардың оқу үлгерімі, қорытынды бағалары қандай болғаны, жалпы жыл қорытындысы жайында біз аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Асқар Өсербайұлы Бименбетовпен сұхбат жасадық.

-Асқар Өсербайұлы, алдымен жаңа жүйеге тоқталсақ. Қашықтан оқуға мұғалім де, оқушы да бой үйреткен секілді. Жалпы осы жүйенің тиімді тұстарын атап өтсеңіз?

-Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтан оқытуда екі компонент бар: оқытуды басқару және өз бетімен білім алу. Қашықтан оқыту мұғалімнің біліктілігін көтереді, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады, ата-аналардың жаңа технологияға көзқарастарын өзгертеді. Мұғалім де, оқушы да ақпараттық технология мен коммуникация құралдарын білім алу негізінде жұмыс жасап, тереңірек игеруде. Оқушылар қашықтан оқу арқылы өз білімдерін жетілдіре алады және ақпарат жүйелерін пайдалану мүмкіндігі артады. Мысалы, керекті әдебиеттер мен оқу кітаптарын іздеу, бақылау және тесттік тапсырмаларды орындау, лабораториялық жұмыстар, дайын баяндамалар, қашықтан олимпиадаға қатысу оқушының шығармашылық потенциалының дамуына әсер етеді. Оқушылар қашықтан оқыту кезінде білім беру процесінің негізін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында тиімді пайдаланады. Олар өз бетінше жұмыстың техникасын игеріп, жоғарғы деңгейде өз бетімен білімін толықтыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл жүйеде мұғалім оқушылардың жұмыстарын, жеке қызығушылықтары мен сұраныстарын ескереді. Мұғалімге жүктелген жауапкершіліктің көбі ата-анаға жүктелуде. Уақыты жұмыспен өтетін ата-аналар қазіргі жағдайға байланысты балаларына көңіл бөліп, бірге сабақтарына қарауда. Мектеп қабырғасындағы сабақ кестесіндей емес, тәуелділік жоқ, мұғалімдер сабақ барысындағыдай 40 минутта сабақты аяқтап тастамайды. Барлық оқушылармен үнемі кері байланыс орнатып отырады. Мұғалімдер білім алушылардың тапсырмасын 10 пайыз тексере алады және келесі сабаққа дейін қатемен жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар және білім алушыларда бәсеке бар, бірінші жауап беруге асығады.

Қашықтан оқыту тек оқушылардың емес, ата-аналардың да белсенділіктерін оятты, оған дәлел ретінде 2 сәуірде өткен жалпы ата-аналар жиналысын айтуға болады. Қашықтан оқыту ұстаз еңбегінің қиын екендігін, оқушы мен ата-анаға ұғындырып, ұстаздың мәртебесі жоғары екендігін дәлелдеді.

-Биыл қанша бала мектеп бітіреді. Оның ішінде «Үздік аттестат», «Алтын белгі» үміткерлері қанша?

-2019-2020 оқу жылында аудан бойынша 36 мектептен 903 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 818 оқушы күндізгі мектепте, 85 оқушы кешкі мектепте, 640-ы қазақ сыныбында, 263-і орыс сыныбында білім алуда. 903 мектеп бітірушінің 736-сы (81,5%) ҰБТ тапсыруға өтініш беріп, Ұлттық тестілеу орталығының базасына тіркелді.

Сондай-ақ, ағымдағы оқу жылында 48 оқушы «Алтын белгіге», 22 оқушы жалпы орта білім туралы «Үздік аттестатына» үміткер.

-Соңғы қоңырау мен мектеп бітірушілер кешінің форматы   жылдағыдан ерекше болатыны белгілі. Жалпы біздің ауданда бұл шаралар қалай өтпекші?

-Елімізде болып жатқан пандемияға байланысты соңғы қоңырау мен мектеп бітірушілер кеші 3-4 маусым күні өткізіледі. Аттестат тапсыру рәсіміне мектеп бітіруші түлектер және олардың ата-аналары қатысады. Бөгде адамдардың қатысуына қатаң түрде тыйым салынған. Аттестатты беру рәсімінен кейін ағаш отырғызу рәсімі болады. Іс-шаралар бекітілген кесте негізінде арақашықты, санитарлық нормаларды сақтай отырып жоспарға сәйкес өткізіледі.

— Мектеп бітірушілер ҰБТ-ның сынама тестін қалай тапсырып жатыр?

Мектеп бітіруші оқушылар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Ұлттық тестілеу орталығы дайындаған әдістемелік кітапшалармен және www.testcenter.kz сайтының онлайн тестімен, BilimLand, «Daryn.online» порталында орналасқан iTest виртуалды кешенінде орналасқан онлайн тест тапсырмалары арқылы байқау сынақтарымен дайындалуда.

-Әдетте жазғы демалыста оқушылар лагерге жіберілетін. Биыл лагер ашылады ма? Оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізуге қандай жоспарлар бар?

-Уақытылы қабылданған шектеу шараларының арқасында пандемия басылады деген үміттеміз. Жылдағыдай мектеп жанындағы жазғы алаңдар болмайды, дегенмен С.Мұқанов атындағы бастауыш мектеп жанындағы «Бәйтерек» балалар сауықтыру алаңында 560 бала, қала сыртындағы сауықтыру демалыс орталықтарында 300 бала жекелеген санаттары бойынша демалыспен қамтылады деген ойдамыз. Қалған балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандағы 7 мектептен тыс білім мекемесінің үйірмелеріне (тіл үйрену, өнер, спорт, қолөнер, техникалық бағыттағы) қашықтан қатыстыру жоспарланып отыр.

-Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.