A place where you need to follow for what happening in world cup

Ғылымның қия жолында

214

«Ғылым – теңіз, білім – қайық» дегендей. қиын да, қызық ғылым жолында жүрген жандар қаншама десеңізші? Cол жолда шын еңбегімен, ақылымен дараланып, қоғамға пайдасын келтіріп жүрген азаматтар баршылық. Ғылымның қия жолында аянбай еңбек етіп, жемісін көріп жүрген жерлесіміз, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының «Молекулалық биология және гендік инженерия» зертханасының ғылыми қызметкері Ербол Борашев үстіміздегі жылдың 13 наурызында «6D060700-Биология» мамандығы бойынша диссертация қорғап, PhD (философия докторы) дәрежесіне ие болды.

Жас ғалым қол жеткізген бұл жетістіктің бастамасы көп жыл бұрын басталған-ды. Жуалы өңірінде туып-өскен Ербол Досанұлы алғашқы білім алу қадамын 1993 жылы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназия қабырғасында бастаған болатын. 2001 жылы Тараз қаласындағы «Дарын» атты мектеп-интернаты алғаш ашылғанда іріктеуден өтіп, оқуын осы мекемеде аяқтап шығады.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің іргесінен бакалавр дәрежесін алып шыққан Ербол Досанұлы 2008 жылдың қыркүйек айында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының «Микроорганизмдер жиынтығы» зертханасына аға зертханашы болып жұмысқа қабылданды. Институттың зерттеулеріне белсене қатысып, бір жыл өте, кіші ғылыми қызметкер лауазымына ие болады. Осы кезеңде тұмау вирусына бағытталған зерттеу жұмыстарына атсалысып, содан 2009-2011 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Тұмау вирусының NIBRG-121-XP штаммының биологиялық қасиеттерін зерттеу» тақырыбында магистрлік диссертациясын қорғап шығады.

Ғылыми бағытты өзгерту мақсатында 2011 жылдың қараша айында Ербол Досанұлы институттың «Молекулалық биология және гендік инженерия» зертханасына ауыстырылды. Жұмыс барысында ол молекулалық биологияның заманауи әдістерін игеріп шығады. Зертханада жасалып жатқан отандық және халықаралық жобаларға қатысып Ресей, АҚШ, Үндістан, Түркия және Польша елдерінің ғылыми орталықтарында тәжірибие алмасып, конференцияларында өзекті тақырыптарда баяндама жасады. 2012 жылы АҚШ-тың Джорджия штатындағы университетінің сертификатына ие болды.

PhD бағдарламасын 2013-2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Биология» факультетінде «6D060700-Биология» мамандығы бойынша «2012 жылы Қазақстан Республикасында оқшауланған тұмау вирусының өзекті штамдарының биологиялық қасиеттерін зерттеу» тақырыбында аяқтап шығады. Қосымша уақытта қажетті мақалаларды жариялап, 2020 жылдың 13 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің диссертациялық кеңесінде диссертациялық жобаны сәтті қорғап шықты.

Ербол Досанұлына диссертация қорғау кезінде БҚПЗИ қызмеркерлері қатысып, қолдау көрсеткен болатын. Осы сәтке тағы да демеу көрсетіп, институт қабырғасында 50 жылдан астам қызмет атқарған Валентин Лукьянович Зайцев қатысқан болатын.

Диссертацияны қорғау нәтижесі бойынша, диссертациялық кеңесінің төрағасы Амангелді Бисенбаев пен кеңестің мүшелері қорғалған зерттеулер мен докторант Ербол Досанұлына жоғары баға қойып, «6D060700-Биология» мамандығы бойынша PhD (философия докторы) дәрежесін беруді бірауыздан қолдады.

Ал тұрмыстық жағынан айтатын болсақ, Ербол Досанұлы жұбайы Әзизамен бірге Малика және Аяжан атты кішкентай қыздарды тәрбиелеуде. Әрине, барлық жетістіктерге жеткізген, дұрыс тәлім-тәрбие беріп өсірген әкесі Досан Сегізбайұлы мен анасы Майра Төлепбергенқызының үлесі ерекше!

Біз де жерлесіміз, жас биолог ғалым Ербол Борашевты жеткен жетістіктерімен құттықтай отырып, оған талмас қанат пен қайтпас қайрат тілейміз. Осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарып, отандық ғылымға және халқымыздың әлеуметтік тынысына қосатын үлесінің зор болатынына сенімдіміз! Жас ғалымның ғылым жолында алар асулары мен белестері көп болсын дегіміз келеді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.