«Ғалым» екен десе, зор құрметпен қарайтын кезең келмеске кеткен жоқ. Қайта оралып жатыр. Тек, біраз уақыт ғылымға дұрыс көңіл бөлінбей, зерттеушілердің жай-күйі зерделенбей қалғаны рас. Биыл 12 сәуір – Ғылым қызмкеткерлерінің күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде тұтас жоспар жасалып, іс-шаралар легі екі күнге жалғасты.
Білім-ғылым саласының дамуы – жастардың ынта-ықыласына байланысты нәрсе екені түсінікті. Ғылымды дәріптеген екі күндік іс-шаралардың алғашқы күні толықтай жас жеткіншектерге арналуы бекер емес. Ол Дулати университетінің бас ғимаратында оқу зерттеуші студенттердің жетістіктерін паш ететін көрмеден басталды. Шаһардағы мектеп бітіруші түлектер көрмені келіп тамашалауға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ университет ғалымдары Тараз қаласындағы №28 мектепке барып, оқушыларға дәріс оқыды. «Мен ғылымға құштармын» атты флешмоб ұйымдастырып, түрлі тақырыптық ашық дәрістер өткізілді.
Ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған негізгі іс-шаралар ертең жалғасын табады. Солардың ішінде назар аударатыны – университеттің ғылыми әлеуетін танытатын профессор-оқытушылар құрамының ғылыми еңбектерінің көрмесі. Сондай-ақ жас зерттеушілерге арнайы мәртебе берілетін кездесу де қызықты өтеді деп күтілуде.
Дулати университетінің медиа-қызметі