«Жуалының түкпірінде ауыл бар,
Ей, бұлттар, сонда барып жауыңдар.
Сол ауылда Қыдыр дарып, Бақ қонған,
Ағайын бар,
Ауылдас бар,
Бауыр бар…».
Өмірден ерте озған ақын-композитор, ғажайып дарын иесі Бауыржан Үсенов жұлдызы биік Жуалы ауданының ең түкпірінде орналасқан өзі туып-өскен қасиетті Қошқарата ауылын осылай жырға қосып еді. Қашанда асқақ армандар мен кіршіксіз тұнық сезімдердің барлығы туған ауылдан басталатыны сияқты Бауыржан ақынның бойына да туған жердің қасиетті топырағынан кие дарып, үлкен өмірге, әдебиет әлеміне қанат қақтырғаны анық.
Қазақ поэзиясында жасындай жарқ етіп, артынша өмір көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақынның бірі – Бауыржан Үсенов болатын. Ол сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі еді. Бәлкім, тағдыр соны көпсінді ме, сұм ажал оны нағыз бүр жарып тұрған шағында алды да кетті. Ол бар-жоғы 31 жыл ғана өмір сүрді. Соңында тау бұлағындай мөлдір өлеңдері, сазды әндері қалды. Егер аман болғанда Бауыржан қазақтың маңдайалды ақындарының бірі болып жүрер еді. Тәуелсіз елімізді өз жырларына арқау етіп, әлі де адамзатты таңғалдырар тамаша шығармалар тудырар еді. Биылғы жылы ел-жұрты асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойын атап өтер еді… Шерхан Мұртаза айтпақшы, бұл да бір кем дүние.
Әлемде қазақтан асқан көреген, қазақтан ырымшыл халық жоқ шығар, сірә. Бауыржан дүние есігін ашқанда әкесі Мұқан атай баласын орыстың жазушысы Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» деп аталатын кітабының парағын жыртып алып ауыздандырыпты. Алайда, Мұқан атай баласы Бауыржанның дәл осы Островскийдің жасында бақилық болатынын сезген жоқ еді…
Жылдар өтіп жатты. Бауыржан ат жалын тартып мінгеннен-ақ ел аузына ілігіп, тамаша ақын атанды. Алланың берген дарыны мен үнемі ән салып тұратын туған жердің тамаша табиғаты оны ақындық соқпаққа салды. Тырнақалды өлеңдері аудандық «Жаңа өмір» газетінде, басқа да республикалық әдеби газеттерде жарық көріп, есейген жылдары республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты болды. Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң аз ғана уақыт туған ауылындағы орта мектепте ұстаздық етіп, аудандық газетте жұмыс істеді. Бір өкініштісі, Бауыржанның жалын атқан жастық, студенттік жылдары 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздігіміздің бастауы болған сол оқиғаға қатысып, сондағы алған бүйрек жарақатынан айыға алмай, бақиға кете барды. Бауыржан Үсеновтың алғашқы балауса өлеңдерін 1976 жылы аудандық «Жаңа өмір» газеті жариялап, таланттың тұсауын кеседі.
Ел-жұрты биылғы жылы ақжарма ақын ұлын еске алып, оның ішінде, өзі туып-өскен Жуалы ауданында бірқатар мәдени-әдеби іс-шаралар өтеді деп жоспарлануда. Мұның бәрі әлбетте, Бауыржан Үсеновтың 60 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Жақында Б.Момышұлы ауылындағы №15 мектеп-лицейдің мәжіліс залында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында ақын, қоғам қайраткері Бауыржан Үсеновтің 60 жылдығына орай және талантты жастардың ақындық қабілетін шыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүміндіктер беру мақсатында «Оралдым туған жерге ақпандатып» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Шараның негізгі мақсаты – жастарды ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айту. Көркем сөйлеуге өз бетімен іздене білуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу, талантты жастардың ақындық қабілетін шыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүміндіктер беру, поэзия жанрын жастар арасында дәріптеуге шақыру.
Жыр жарысына 14 пен 29 жас аралығында балауса ақындар қатысып, бақтарын сынады. Мерекелік шараны «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов ашып, мүшәйраға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Ақын атындағы мүшәйраға аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев, облыстық «Арай» жастар газетінің аға тілшісі Шынболат Сейдуалиев, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов, білім бөлімінің әдіскер маманы Гүлмира Мәденова және осы жолдардың авторы қазылық жасады.
Мүшәйраға барлығы аудан мектептерінен 19 талантты жас талапкер қатысып, бақтарын сынады. Мерекелік шараны «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы Аружан Қуанышбай және №15 мектеп-лицейдің оқушысы, «Инабат» қыздар клубының белсенді мүшесі Ілтипат Кеңес жүргізді.
Байқау екі кезеңнен тұрды, атап айтқанда, үміткерлер бірінші кезекте ақын Б.Үсеновке арнау өлеңін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жазылған бір-бір өлеңдерін оқыды. Мүшәйраға қатысушы ақындардың дені мектеп оқушылары болғандықтан, кейбір өлеңдердің осалдығы көрініп тұрды. Қатарынан оза шапқандары да болды. Қорыта айтқанда, жыр жарысы өте әсерлі өтті.
Шара барысында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Қарасаз ауылдық округіндегі жастар ісі нұсқаушысы Аружан Қуанышбайдың орындауында «Сағым жылдар» және «Арманым-ай» әсем әндері шырқалды. Ал ақын Дәулетжан Байдалиев жастарға өзінің Бауыржан Үсеновке арнаған өлеңін оқып берді.
Жас ақындар мүшәйрасының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен I орын Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектептің оқушысы Аяжан Мұстафаға берілді. II орынды №5 М.Ломоносов атындағы ОМ оқушысы Санжар Даярбек, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Еркемай Жақсынбек, ал III орынның жүлдесін №8 С.Бәйтіков атындағы ОМ оқушысы Анар Әуесбек, №24 Т.Рысқұлов атындағы ОМ оқушысы Мөлдір Еркінбек өзара бөлісті. Сондай-ақ, Ақмарал Рахметова мен Ақмарал Жалғас байқаудың «Үздік жас ақын» номинациясына ие болды. Басқа да үміткерлер мүшәйраға қатысқаны үшін Алғысхаттармен марапатталып, жүлдегерлер «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Дипломдарына және бағалы сыйлықтарына ие болды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ