A place where you need to follow for what happening in world cup

Жат ағым жақсылыққа апармайды

285

Хакім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген. Ұлы шайырдың бұл сөзін ойшыл Шәкәрім «Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол» деп қуаттайды. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан ислам дінінің қадір-қасиеті адамзат баласы үшін басты құндылық. «Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған ата-бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет.

Алайда, қазіргі кезде дін төңірегінде түрлі дау-дамайдың, пікірталастың көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине танымға талас жоқ. Бірақ елдің ішін алатайдай бүлдіріп, өзінің әр жерден естіген, көрген нәрселерін дінге әкеліп таңғысы келетіндер әлі де бар. Ал дінді дұрыс түсіну адамның өзінің таным-түйсігіне байланысты болса, әсіресе жас­тарға шариғаттың негізгі шарттарын түсіндіруде имамдар мен теолог ғалымдардың үлесі зор. Қуанарлығы, қазіргі кезде имандылық жолына қарай бет бұрған жастар көбейді. Өкінішке қарай, кейбір жастар дәстүрге қарсы шығып, дінді бұра тартуда. Жамбыл облыстық дін істері басқармасының мәліметінше, өткен жылы деструктивті діни ағымдардың ықпалындағы 1 мыңнан астам азаматпен қоғамға бейімдеу бағытында жеке адрестік жұмыстар Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған критерийлерге сәйкес жүргізіліп келеді екен. Деструктивті діни ағымдардың өкілдері арасында жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күнге деструктивті діни бағыттағы 136 азамат қоғамға бейімделді. Осылайша, «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы» экстремистік көзқарасты ұстанушылардың санын азайту нысаналы индикаторы толығымен орындалып отыр.

Сондай-ақ, Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде арнайы жоспарға сәйкес 8 теолог маман және 10 мешіт имамы аптасына 2 рет кездесулер өткізуде. Бұл жұмысқа республикалық «Ақниет» орталығының мамандары да тартылған. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында 645 жеке кездесу, 45 топтық кездесу өткізіліп, 2184 сотталушы ақпараттандыру шараларымен қамтылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 14 сотталушы оңалтылып, қоғамға бейімделді.

Барлық түзеу мекемелерінде өңірдегі драма театрлармен әзірленген «Тағдыр тәлкегі», «Берекең кетсе», «Я хочу домой» сияқты драмалық қойылымдары ұйымдастырылып көрсетілген. Сонымен қатар, түзеу мекемелерінде «Оразадағы ойран», «Қара жол», «Сағым» атты бейнефильмдері көрсетіліп, көрермендер тарапынан оң көзқарасқа ие болды.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында өтетін апталық іс-шаралардың желілік кестесі бекітіліп, аталған желілік кестеге сәйкес облыс әкімдігінің салалық басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі мен облыстық полиция департаменті тарапынан экстремизм мен тероризмнің алдын алу бойынша облыс көлеміндегі түрлі санаттағы азаматтар арасында профилактикалық кешенді іс-шаралар өткізілген.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.