A place where you need to follow for what happening in world cup

Жас та, жасамыс та жарысқа түсті

27 413

Дені саудың жаны сау. Ал денсаулық жақсы болу үшін әр адам спортпен айналысу керек. Спорттың көл-көсір пайдасын білсек те уақытымызды бөліп, тұрақты айналысуға көбіміз асықпайтынымыз рас. Уақыт пен жұмысты сылтау етеміз. Әйтсе де ол үшін көп уақыт керек емес. Екі сағат телефон қарап, интернет шарлаған уақыттың жартысын спортқа арнасаңыз өз-өзіңізді әлдеқайда жақсы сезінер едіңіз.

Спортты насихаттаудан, онымен айналысудың пайдасын айтудан біз әрине жалықпаймыз. Осы мақсатта қала күні қарсаңында Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен күздік кросс жарысы өтті. 2400 метрді құрайтын бұл марафонға қаламыздың көптеген жүйріктері қатысқан болатын. Аталмыш жарысқа қатысушылардың көптігі бізді қуантты. Қатысушыларды тіркеу барысында спортшыларымызға арнайы номерлер жетіспегенін байқадық. Жарыс ережеге сәйкес әр жас ерекшеліктеріне орай 18-35 жас, 36-44 жас және 45 жастан жоғары,  сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі спортшылар додаға түсті. Іс-шараны қала әкімі Бақытжан Орынбеков ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыс басталмас бұрын қатысушылар дене қыздырып, көңілді әуенге билеп те алды.

Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған денсаулық марафонына Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен барлығы 60 тарта спортшы қатысты. Олардың қатарында студенттерімізбен қатар оқытушыларымыз да бар. Жарыс нәтижесінде спортшыларымыз қатысқан топтарында марапатқа ие болды. Солардың бірі әрі бірегейі әріптесіміз Асқар Жазыбаев 45 жастан жоғары топта додаға түсіп, жүлделі 3-орыннан көрінді. Асқар ағай спортқа көңіл бөлетін және онымен тұрақты айналысатындардың қатарында. Дене шынықтырудың адам ағзасына тигізер пайдасы туралы үнемі айтып, жастармен білгенімен бөлісіп тұрады.

Күздік кросс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға жақсы көңіл-күй сыйлады. Алдағы уақытта да жастарымызды спортқа баулу мақсатында осындай денсаулық іс-шаралары жиі ұйымдастырылса деген тілегімізді білдіреміз.

 

Қанат Арқабаев, Жамбыл политехникалық

жоғары колледжінің оқытушысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.