Қазақ халқының қанына сіңіп, өмірімен біте қайнасып, ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпаққа мұра болып келе жатқан қасиетті өнер – суырып салма айтыс өнері. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы өнерді дәріптеп, насихаттау мақсатында аудандық балалар –жасөспірімдер орталығында «Жыр алыбы — Жамбылым» атты жас ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Атыстың негізгі тақырыбы жастарды өнер-білімге, төл өнерімізге баулу, насихаттау, жастардың айтысқа деген қызығушылығын арттыру болды. Ақындық айтыс өнері арқылы өзара тәжірбе алмасуды ұйымдастыру, жас ақындарды сөз шеберлігі мен сахна мәдениетіне тәрбиелеу, жас ақындардың азаматтық тұлға ретінде ашылуына жол сілтеу міндеттерін алға қойған байқауда қазылар алқасы жас ақындардың суырып салма өнеріне, орындаушылық шеберлігіне, сахналық мәдениетіне, пікірінің нақтылығына, шеберлігі мен сырт келбетіне назар аударды. Жас ақындардың шеберлігін айқындау үшін әр жұпқа айтыстың соңында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында өлең шумақтарымен айтысу талап етілді.
Айтысқа Ә.Еспаев атындағы №2 саз мектебінің директоры А.Жиенбекова, балалар-жасөспірімдер орталығының директоры Н.Райкулова, аталған орталықтың «Мәнерлеп оқу» үйірмесінің жетекшісі Е.Иманбаева төрелік етті.
Көпшілік алдында суырып салмалық өнерлерін паш еткен үміткерлер байқау соңында ұпай сандарына қарай жүлделерге ие болды. Нәтижесінде бас жүлдені Ж.Баласағұни атындағы шағын орталықты орта мектебінің 10 сынып оқушысы Айнұр Серік, бірінші орынды аталмыш мектептің 11 сынып оқушысы Ғалымжан Рәтжан, екінші орынды М.Мақатаев атындағы шағын орталықты орта мектебінің 7 сынып оқушысы Назерке Бодаубек, үшінді орынды Жамбыл атындағы шағын орталықты орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ризат Секербек қанжығалады.