A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылдың жас ақындары облыстық айтыста жемқорлықтың жолын кесуге үндеді

265

Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, осынау жағымсыз құбылыстың тамырына балта шабу – қоғам мен мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осы ретте Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде жемісті жұмыстар жасап келеді. Міне, күні кеше ғана «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисі және Жуалы ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған облыстық жас ақындар айтысы сөзімізге дәлел бола алады.

«Жақсылыққа жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында өткен облыстық жас ақындар айтысын өткізудегі мақсат та белгілі. Атап айтсақ, қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, жас ақындардың жемқорлық жайлы ойларын білу, сонымен қатар, облыс көлемінде ақындық өнерді дамыту мен насихаттау, жастардың шығармашылық ізденістерін арттыруға көмектесу – айтыстың басты мақсаттарының бірі.

Сонымен, қоғамдағы өзекті тақырыпты жырға қосқан жыр жарысына алты ақын үш жұп болып айтысты, өзара сөз қағыстырды. Тиісінше, жас ақындардың өнерін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, ақын, журналист, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызы, ақын, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі Дәулетжан Байдалиев және облысқа белгілі айтыскер ақын Есет Досалы бағалап, әділ төрелік жасады.

Облыстық айтысты аудан әкімі Нарбай Ергебеков құттықтау сөзбен ашты.

-Армысыздар, құрметті қонақтар және айтыссүйер ардақты қауым!

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, айтыс өнері қазақ халқының қанында бар қасиетті өнер. Сөз барымтасы халқымызды ежелден дамып келе жатқан өнердің бір түрі. Айтыс өнері бүгінде жаңа заманға сай сипат алу үстінде десек, әсте қателеспейміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихи тұлғалардың, тарихи оқиғалардың құрметіне ұйымдастырылатын айтыс өнері бүгінде ел ішінде, халық арасында жағымсыз әдеттерден аулақ болу, елдің дамуына атсалысу тұрғысынан да ұйымдастырылуда.

«Жақсылыққа жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» деп ат қойылып, қасиетті Жуалы жерінде өтіп отырған бүгінгі жыр жарысы – осының айғағы. Сол себептен осынау облыстық жас ақындар айтысына қатысушыларға сәттілік тілеймін!

Айтыс өнерінің біздің ауданда кенжелеп қалғаны рас. Өткен екі-үш жылдың ішінде Жуалы ауданының өнерпаздары айтыстың дамуы жолында еңбектеніп келеді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай өткізілетін дәстүрлі іріктеу айтыстары жас дарындарды анықтау үстінде. Алыс ауылдардан да домбыра ұстап, сөз сайысына түсуге талпынған жас талаптар баршылық. Жуалы ауданының намысын абыроймен қорғап жүрген түлегіміз, азулы ақын Қанат Мырзахан республика көлеміндегі айтыстарда бақ сынап, айбынымызды асырып, мерейімізді тасытып жүргені біз үшін үлкен мәртебе.

Бүгін Жуалы төрінде өткелі отырған облыстық айтыс құтты болсын. Ақындарға қоғамдағы жағымсыз әдеттерді жеріне жеткізіп жырлап, ел дамуына асыл сөздеріңізбен үлес қоса беріңіздер дегім келеді. Осы орайда облыстық айтысты өткізуге ұйытқы болып отырған мекеме басшылығына алғыс білдіремін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.

Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев өз сөзінде облыста қолға алынып жатқан игі бастамалардан Жуалы жұртшылығының қалыс қалмай, белсене атсалысып келе жатқанына ризашылығын білдірді.

Айтыстың алғашқы жұбы да сахна төріне шақырылып, жыр сайысы басталып, онда Жамбыл ауданынан есімі облысқа белгілі айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов пен меркілік Мұқағали Балтабай сөз қағыстырды. Айтысты бірінші болып бастаған Н.Құрманов: «Ақындарың ортада жырлатыпты, Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дей келіп, Жуалы жерінің қасиеті, осынау қасиетті топырақта өсіп-өнген тұлғаларды, оның ішінде қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлын, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ерлік істері, қас-дұшпанға шындықтың жебесі боп атылғанын асқан шеберлікпен жырға қосты. Ал Нұрлыбекпен сөз қағыстырған Мұқағали ақын: «Бұрынғы өткен дана бабаларым, Ақшадан биік қойған аппақ арын» десе, тағы бір тұста: «Қоғамда жемқорлық мүлде жойылып, айтыс жасау болсыншы жұмыстарың» деп ұтқыр жыр жолдарымен көрермен қошеметіне бөленді. Бұл жұптың айтысында ортаға тасталған тақырып кеңінен қамтылды деуге болады.

Ал айтыстың екінші жұбы болып, Жамбыл ауданының жүйрігі Мұхтар Қонарбаев пен Жуалы ауданының намысын қорғап шыққан Дидар Аббасов ортаға шақырылды. Бұл жұп та сахнада кең көсіліп, көрерменнің көңілінен шығатындай жақсы айтыс жасады. Жамбылдық Мұхтар ақын: «Қауіпті вирусты жеңу үшін, алдымен жемқорлықты жою керек» десе, енді бірде: «Қоғамды сақтап қала алмаймыз, дәстүрді сақтамасақ алдыменен» деп ортаға ұран тастады. Ал Дидар болса өз кезегінде Қазақ елінің дархандығы мен кеңдігін, қоғамның тыныштығын ұйытып отырған халықтар достығын, жемқорлықты жою үшін халықтың қандай шараларды қолға алу қажеттігін жеріне жеткізе жырға қосты.

Айтыс Жамбыл ауданының жас ақындарының бірі Мерейхан Райымбаев пен тараздық Бауыржан Нұртазаевтың айтысымен қорытындыланды. Айта кету керек, айтыс өнеріне енді ғана келген бұл жұп та хал-қадірінше, шама-шарқының жеткенінше тақырыпты ашуға тырысып бақты.

Бір сағаттан аса уақыттан созылған облыстық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетіп, қазылар алқасы қатарынан оза шапқан ақындарды анықтады. Жүлдегерлерге марапаттар тапсырылмас бұрын қазылар алқасының мүшесі, айтыскер ақын Есет Досалы сөз алып, жалпы айтыс барысын талдап берді. Ол өз сөзінде айтыскер ақындардың сөз саптаудағы шеберліктері мен ұтымды әрі тапқыр шумақтарды, сондай-ақ, кейбірінің сөз қолданудағы кемшін тұстарын да атап өтті.

Қазылар алқасының шешімімен «Жақсылыққа жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында өткен облыстық жас ақындар айтысының І орны Жамбыл ауданының жүйрігі Мұхтар Қонарбаевқа берілді. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарға жамбылдық Нұрлыбек Құрманов пен жуалылық Дидар Аббасов ие болды. Олар қомақты қаржылай жүлделермен марапатталса, ал бұдан өзге қатысушыларға Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков облыстық айтыста жыр жарысының көрігін қыздырған жас ақындарға игі тілек білдіре келе, ақын Ғайни Әлімбекқызына аудан халқының атынан алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады

Жаңа-ру жастар коалициясы заңды тұлғалар бірлестігі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.