A place where you need to follow for what happening in world cup

Заңды тұлғалардың парадан алатын пайдасы қандай?

306

Тараз қаласында 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Жиын барысында спикерлер аталған тұжырымдама шеңберіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды ұсынып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәсілдерін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау шараларын талқылады.
Жиын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітовтың, мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларының, депутаттардың, бизнес-қоғамдастық, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өтті.
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бүкіл азаматтық қоғамның, әсіресе бизнес секторы өкілдерінің ерекше рөлін атап өтті.
«Президент тарапынан аталған тұжырымдама жобасын талқылауға тапсырма берілген. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға инвестициялық жағдай жасау, аталған саладағы мәселелерді оңтайлы шешу. Біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Мемлекеттік органдар мен бизнестің тығыз өзара іс-қимылы сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын тиімдірек жоюға мүмкіндік береді. Сол себепті, тұжырымдаманың жобасын талқылауға белсене қатысып талқылауға шақырамын.», — Н.Нұржігітов.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылға арналған тұжырымдамасына ерекше назар аударды.
Жалпы, тұжырымдама парасатты қоғамды қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын, бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге бағытталған алты негізгі блокты көздейді. Тұжырымдаманың жеке блогы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бақылау институтын жетілдіруге арналған.
Бизнеске келер болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу бойынша бірқатар шаралар ұсынылды. Бұл келісім-шарттардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпелер, компаниялардың бенефициарлық меншік иелерінің ашықтығы, контрагенттердің адалдығын бағалау және ықтимал сыбайлас жемқорлық мәмілелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудиті.
Біздің ойымызша адал жұмыс жасайтын компаниялар қаржылық жағынан көтермеленуі керек. Әрине, тікелей емес, бірақ мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік қолдау және т.б. кезінде преференциялар алу арқылы мүмкін болады, — деп атап өтті Ә. Әшірбаев.
Спикердің айтуынша, тұжырымдаманың жаңашылдықтарының бірі — негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу болып табылады. Ол шығыстардың кірістерден асып кетуі, қаржылық тексерісті бастауға негіз болатынын ерекше атап өтті.
Айтуынша, жосықсыз шенеуніктермен қатар сыбайлас жемқорлыққа мүдделі тарап бизнес-орта болып табылады. Сараптамалық бағалауларға сәйкес, заңды тұлғалардың парадан алатын пайдасы параның өзінен он есе көп.
— Сыбайлас жемқорлықты төмендету үшін міндетті шарттардың бірі — сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту. Ірі айыппұл санкцияларын және басқа да шектеу шараларын қолдану. Компаниялар үшін лауазымды тұлғаларды параға сатып алуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді, сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерін лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен, оның ішінде рейдерліктен қорғау бойынша жұмыс жалғасады, — деді өз сөзінде ол.
Кездесу соңында, өңір кәсіпкерлері мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын, қабылданатын шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету бөлігінде өз ұсыныстары мен уәждерін жеткізді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.