A place where you need to follow for what happening in world cup

«Тыңдарманды алдауды доғару керек»

6 624

Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Әнді сүйсең менше сүй» тақырыбында онлайн сұхбат өтті. Шара аясында Жамбыл өңіріндегі шоқтығы биік өнерпаздардың бірі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Құрмаш Қуанышбаев @taraz_jastary инстаграм парақшасында тікелей байланысқа шықты.

 

– Құрмаш мырза, балалық шаққа саяхат жасайықшы. Бала Құрмаш қандай болып еді?

Бала Құрмаш өте бұзық болған. Оны жақын достарымнан, отбасы мүшелерімнен сұрасаңыздар, барлығы ауыз толтырып айтып береді (күліп).

– Өнер адамы болу бала кезден бергі арманыңыз ба?

Иә, бала күнімде үлкен сахнаға шығып, көрермендердің қошеметіне бөленуді армандайтынмын. Сол арманым мақсатқа айналды.

– Әнші болудан шаршап, басқа мамандық таңдағыңыз келген кез болды ма?

Менің негізгі мамандығым – заңгер. Алайда, әнші болу – менің жан қалауым. Ешқашан өз қалауымнан бас тартпақ емеспін.

– Шоу- бизнесте әншілер арасында бәсекелістік бар ма? Бәсекелестік туралы ойыңыз қандай?

Әрине, бәсекелестік болған өте дұрыс. Бәсеке болған жерде жұмыс та болады. Еңбекқорлық күшейеді.

– Қазіргі жас әншілердің орындап жүрген әндеріне қаншалықты көңілініз толады?

Мен әрқашан өнердегі іні-қарындастарымызбен білгеніммен бөлісіп, ойымды айтудан шаршамаймын. Өздеріне лайықты, табиғатына келетін әндерді таңдаса екен дегім келеді. Заман талабы деп табиғатына келмейтін әндерді орындайтыны қынжылтады жатады.

– Соңғы кездері тыңдармандар батыстың әндеріне көбірек мойын бұрып бара жатқан секілді. Осыған орай, әншілеріміздің әндерінде де ұлттық нақыштар азайып кеткен секілді. Сіздің ойынызша қазіргі қазақ музыкасында ұлттық нақыш қаншалықты сақталған?

Әрине, әр орындаушының талғамы сан қилы. Расында, ұлттық нақыш азайып кеткені жасырын емес. Бәлкім бұл да заманның талабы шығар.

– Репертуарыңыздағы әндеріңіздің арасында жанынызға жақыны деп қайсысын айта алар едіңіз?

Жаныма жақын ән ол – «Рахмет, Ана». Ананың біз үшін орны бөлек, ерек жан. Бізге жарық дүниені сыйлаған асыл жанға неге ән арнамасқа деп шештім.

– Өзіңізге белгілі, жақында Сенаттың жалпы отырысында фонограмма туралы заң қабылданды. Осымен қаншалықты келісесіз?

Өте дұрыс. Неге десеңіз, халық жанды дауысты қатты сағынды. Тыңдарманды алдауды доғару керек. Сенің әнінді тыңдаймын деп сыйлап келген жандарға сыйластық білдіріп, жанынды салып жанды дауыста бар әнінді орындап беруің қажет.

– Алдағы жоспарларыңызға тоқталып өтсеңіз?

Жоспар өте көп. Жуық арада, карантин аяқталса, жеке ән кешімді берсем деп жоспарлап отырмын. Бірнеше бейнебаяндарды жарыққа шығару ойда бар. Сонымен қатар сан-түрлі әндер де жазылуда.

– Құрметті Құрмаш мырза, қазақ өнерінің дамуына қосып келе жатқан сүбелі еңбегініз үшін алғыс білдіремін. Өнер көгінде қалықтай беріңіз. Сізге шығарма табыстар тілеймін. Бүгінгі қызықты сұхбат үшін алғысымды білдіремін. Қош сау болыңыз!

 

Таңшолпан  Поштабаева,

Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы»

ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.