A place where you need to follow for what happening in world cup

Таза ауызсу — ел игілігіне

1 546

Қасиетті Жуалы ауданында ел игілігі үшін бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Өткен жылдың ішінде тұрғындардың денсаулығын нығайту үшін ауданға қарасты сегіз бірдей ауылдан медициналық пункттер салынды,.Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген қыруар қаражатқа аудандағы ірі елдімекендердің бірі саналатын Қарасаз ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары іске асырылған болатын. Бұл игілікті жұмыстарды біз де аудандық газет арқылы ауыл тұрғындарының көзайым қуанышын бөліскен болатынбыз.
Биылғы жылы Жуалы ауданында барлығы тоғыз жоба іске асырылады деп күтілуде. Оның бірқатары сәуір айынан басталып та кетті. Атап айтар болсақ, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылындағы №21 Дмитрий Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал мен алты оқу бөлмесі, аудан орталығына сүт өңдеу цехын іске қосу арқылы «ЛФ» компаниясының фирмалық дүкенін ашу, Билікөл ауылдық округіндегі Берікқара шатқалынан 150 орындық «Тау самалы» отбасылық демалыс орталығын ашу, Көкбастау ауылдық округінде инфрақұрылым жүргізу, Нұрлыкент және Теріс ауылдарының арасындағы ұзындығы 1,04 шақырым болатын жолды, сондай-ақ, Диқан ауылына кіреберіс автомобиль жолын жөндеуден өткізу көзделуде. Тағы бір айта кетерлігі, Б.Момышұлы ауылы Д.Қонаев көшесінің бойынан тұрғындарға арналған демалыс орталығын ашу, Нұрлыкент ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізу, жеке кәсіпкерлер тарапынан Көлбастау ауылынан 50 орындық балабақшаны пайдалануға беру, сонымен қатар, тұрғындар көптен күткен Шақпақата, Тәттібай Дүйсебайұлы, Ертай, Көлтоған, Қошқарата ауылдарына ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Бұл ауданда ағымдағы жылы атқарылатын жобалар.
Сәуір айының ортасынан таулы аймақта орналасқан Ертай, Көлтоған, Қошқарата ауылдарында тұрғындар көптен күткен ауыз су жүйесінің құрылысы басталды. Аталған ауылдар біраз жылдан бері сапалы таза ауыз суға зәру болып келеді.
Көлтоған ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамту жұмыстары 15-ші сәуірден басталған болатын. Қазіргі таңда ауылдың ішінде құбырлар тартылып, басқа да жұмыстар қызу жүруде. Аталған жұмыстарды «Ақмешіт мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталатын Қызылорда қаласынан келген мердігер компания атқару үстінде.
Жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков Көлтоған, Ертай ауылдарындағы ауыз су жүйесінің құрылысымен танысу үшін аталған ауылдарға арнайы барды. Көлтоған ауылындағы «Ақмешіт мелиорация» ЖШС-ның прорабы Ержан Таңатаровтың айтуынша, ауылға жалпы ұзындығы 25 шақырым ауыз су құбыры тартылмақ. Осының нәтижесінде, барлығы 227 аулаға ауыз су кіргізіледі деп жоспарлануда. Қазір көшелерде 8 шақырым жер қазылып, құбырлар тартылып үлгерген. Аталған жұмыстарға 5 арнайы техника мен 15 жұмысшы жұмылдырылған.
-Көлтоған ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамту жұмыстарына барлығы 348 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл жоба 2020 және 2021 жылға өтпелі құрылыс ретінде жоспарланған. Алла сәтін салса, біздің серіктестік бұл жоспарлы жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп отырмыз. Осы ретте, құрылыс жұмыстарын қызу жүргізудеміз. Қолдау көрсетіп, жұмыс барысында кездескен проблемаларды реттеуге қол ұшын беріп отырған Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышевқа, әкімшілік аппаратына, сонымен қатар, ауылдың ақсақалдарына алғысымды айтқым келеді. Материалдар, жұмыс күші жеткілікті. Әзірге ешқандай проблема туындап отырған жоқ,- дейді мердігер компанияның прорабы Ержан Қадырұлы.
Құрылыстың бас жоспарымен, сондай-ақ, ауыл ішіндегі көшелерге құбыр тарту, ауыл сыртындағы сусорғы станциясы маңындағы жұмыстармен танысып көрген аудан әкімі Нарбай Ергебеков мердігер компания басшылығына жұмысты сапалы атқарып, сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да жұмыстар жасауды мықтап тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі Нарбай Ергебеков Ертай ауылындағы ауыз су жүйесі құрылысының барысымен танысып, мұндағы бас мердігер «IMPULSE-LTD» серіктестігінің прорабы Парымбек Әйтетеевке де жұмысты сапалы атқару керектігін ескертті.
Аудан басшысы осы сапарының барысында Қоңыртөбе ауылындағы №21 Д.Пахомов атындағы орта мектеп жанынан жапсарлас салынып жатқан спорт зал мен оқу кабинеттерінің құрылысымен де танысты. Аталған білім ошағының жылыту қазандығын және жылыту құбырларын да ауыстырудың қажеттілігі туындап отыр. Аудан әкімі бұл мәселелерді шешуді мектеп директоры Нұржан Құрмашевқа тапсырды.
Айта кету керек, биылғы жылдың үлесінде Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата және округке қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдарында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Т.Дүйсебайұлы ауылында құрылыс жұмыстары басталып, оны мердігер компания «Интеллект Азия» ЖШС жүргізуде. Шақпақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қайыповтың айтуынша, аталған ауылда барлығы 160 аулаға ауыз су құбыры тартылмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын 11 арнайы техника, мердігер компанияның жұмысшыларымен қатар Т.Дүйсебайұлы ауылынан 11 адам жұмыс атқаруда.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.