A place where you need to follow for what happening in world cup

Татуласу орталығы халыққа тиімді

336

«Ел іші даусыз болмас» дейді халық даналығы. Дау-жанжалдарды шешу мен реттеудің тиімді әдістерін қолдану әлемде өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Тараптар үшін дауды біттімен аяқтаудың тиімділігіне адамның жүйкесі тозбайтынын, теріс эмоцияға берілмейтінін, денсаулығына нұқсан келмейтінін, уақыт үнемділігін атауға болады. Сонымен қатар, туындаған дауды татуласу келісімімен немесе медиация тәртібімен реттеу мемлекеттік баж төлеу, сот шығынын өтеу, заңгерді жалдау, жол шығыны, жеке сот орындаушылардың ақысы үнемделеді. Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамызда қалыптасқан. Сәл дау туса дереу сотқа жүгіреміз. Ал, даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес, сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне істің сотта қаралу мерзімі  созылып кетуі мүмкін, даудың кейбір санаттары 9 айға жуық қаралуы мүмкін. Мәселен, сіз сотқа арыз берді делік. Іске соңғы нүкте қойылғанша, әдетте бірнеше сот отырыстары өтеді, жұмыстан қайта-қайта сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке шаруаны бір жағына ысырып қойып, қаншама үлкен шығындарды ысырап етесіз. Осындай кезеңдерден өткеннен кейін дау сіздің пайдаңызға шешілетінен еш кепілдік жоқ. Керісінше, сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып, екі тарап татуласып, бір мәмілеге келген жағдайда туысыңыз, досыңыз, көршілер арасында қатынасқа, сыйластыққа нұқсан келмейді.

Ұлы қазақ билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билер ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолмен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауда үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі. Осы үрдіс тәуелсіз Қазақстанда да өз жалғасын тауып келеді. Дамыған елдерде де солай даулардың 70-90 пайызы сотсыз, бітіммен аяқталады екен.

Татуласу рәсімдерін жүргізу туралы ұсыныс кез келген тараптан жасалуы мүмкін. Сондықтан, мұндай ұсынысты талқылаудан бас тартпау қажет, өйткені оның барысында екінші тарап дауға қатысты өзіне тиімді шарттарын айтуға құқылы. Осылайша даудың екі жағы бір-біріне медиатордың көмегімен дауды шешудің шарттарын ұсынып, екі жақты қанағаттандыратын келісімге келуі мүмкін. Тараптарды татуластыру тақырыбына қатысты сотта жиі кездесетін оқиғалардан көптеп мысал келтіруге болады.

Мысалға, «Ф» акционерлік қоғамы сотқа талап арыз беріп, онда жауапкерлер Е. және С-тен берешекті кепілге қойылған мүліктен өндіруді сұраған. Сот отырысында тараптар татуласу тәртібімен реттеу туралы  келісіміне келіп,  оның шарттары бойынша жауапкерлер 4 910 044  теңгені үш бөліп төлеуге міндеттеніп, ал талап қоюшы талап арызынан бас тартқан, заңға қайшы келмегендіктен сот татуласу келісімін бекітіп, азаматтық іс бойынша іс жүргізуі қысқартылды.

Тағы бір мысал, талап қоюшы А. сотқа талап арыз беріп, онда жауапкер Е-ден келтірілген материалдық шығын 211 000 теңгені өндіруді сұраған. Сот отырысында тараптар татуласу тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, оның шарттары бойынша: талап қоюшы А. жауапкер Е-ден келтірілген материалдық шығын 211 000 теңгені өндіру туралы талабынан бас тартып,  жауапкер Е. ай сайын 17 583 теңгеден бөліп төлеп құтылуға міндеттенген. Талапкердің төлеген мемлекеттік баж өзіне қайтарылды.

Медиацияның атауы жаңаша болғанымен, түпкі мән-мағынасы ата-бабаларымыз дәстүрлі құқығының негізінде мыңдаған жылдар бойы ұстанып келе жатқан бітімгершілік жолымен үндес. Ал, қазіргі уақытта тараптардың өзара бітімге келіп, істің бейбіт жолмен шешілуінің өзі материалдық тұрғыдан қарағанда оңды және тиімді шешім болатыны талассыз.

К.Койгельдиева,

Шу аудандық сотының жетекші маманы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.