Қасиетті қазақ әдебиетінің Гималайы, мәдениетінің шыңы, руханиятының тұғыры хәкім Абайдың 175 жылдығына арналған ауқымды шаралар Ұлы даланың түкпір-түкпірінде басталып кетті. Соның бірі Баласағұн орталық концерт залында өтті.
«Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хәкім Абайдың мәңгілік мұрасының мән-мақсатын, түпкі тұжырымын тура айтқан болатын. Расында адамзат ғұмырындағы сан сауалға, ақ пен қара арпалысқан тағдыр жолындағы кез келген жұмбаққа ақын шығармаларынан салмақты һәм өмірлік жауап алуға болады. Ғұламаның қара сөздері, өлеңдері, сонымен қатар өзі айтқандай «құлақтан кіріп, бойды алар» классикалық әндері ешқашан өзегін жоймас өшпес мұра. Осы ретте кеше «Баласағұн» орталық концерт залында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы мен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы және өнерпаздары «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композициясын ел назарына ұсынды. Жалпы «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінің өзі Абайдың табиғат тазалығы мен махаббаттың үндестігін кестелі, көркем айшықтап, 1888 жылы жазған туындысы. Әдеби сазды кештің солай аталуы да көпшілікті рухани тазалыққа, мөлдір сезімге сусындатқандай. Шараға жиналған Абайдың елі ең алдымен лэд экраннан «Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты деректі фильмді тамашалады.
Ал негізгі әдеби сазды іс шара Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің (дирижер: Адай Жұмат) орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылды. «Мерей» тобы және «Шолпы» би ансамблі «Желсіз түнде жарық ай» әнін жүрекке жеткізсе, «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» туындысын облыстық театр әртістері нақышына келтіре оқытып, жан тебірентті. Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Кәдіров Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен хәкімнің әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін шарықтата шырқады. Одан кейін Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сегіз аяқ» туындыларынан театр тарландары керемет композиция орындады. Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева және Сұлужан Әбенова «Сегіз аяқ» әнін орындап сезім пернелерін басса, театр әртістері «Абай мен Тоғжанның», «Абай мен Әйгерімнің» поэтикалық көріністерін ғажап сомдап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Абай операсынан «Ажардың ариясы», ақынның А.Пушкиннен аударған «Е.Онегиннің Татьянаға жазған хаты» , «Айттым сәлем, Қаламқас» атты сазды шығармалары да, «Есіңде бар ма жас күнің?», «Ғашықтың тілі тілсіз тіл», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты терең философиялық һәм лирикалық өлеңдері де көңіл толғандырып, көптің санасына сөнбес сәулесін шашты. «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Әулиеатаны әуелеген Абай әндері, музыкалық мұралары таудың алыстаған сайын биіктейтініне тағы да көз жеткізді.