Жамбылда ерекше режимдегі түзеу мекемесінің қоршауынан тыйым салынған затты лақтырған қос азамат қолға түсті. Оқиға бүгін ЖД-158/7 мекемесінде орын алды. Түскі уақыт шамасында абақты маңайын торуылдап жүрген күдіктілер көзге ілінеді. Мекеменің жедел-режим бөлімдерінің қызметкерлері бақылауды күшейтіп, қажетті іс-әрекетке кіріседі. Айласын асырғысы келген азамат көп ұзамай биік қоршауды асырып беймәлім затты ішкі күзет аумағына лақтырады. Өндірістік аумаққа бағытталған жапсырмамен маталған түйіншектің ішінен 3 ұялы телефон бар екендігі анықталды.
Жазасын өтеушіге көмектеспек ниетте заңбұзушылыққа барғандар бұған дейін істі болмаған 27 және 32 жасар қала тұрғындары.
Қазіргі таңда оқиға орнына Тараз қалалық 1-ші полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылып, түрме тәртібін бұзғандарды тиісті жазаға тарту үшін жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, күні кеше дәл осы ЖД-158/7 мекемесіндегі жазасын өтеушіге сәлем-сауқат арқылы есірткі кіргізу дерегінің жолы кесілген болатын.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі