A place where you need to follow for what happening in world cup

Түйетауық — табыс көзі

223

Еліміздегі бизнес ортаны өзгерту мен жақсарту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ауданымызда қарқынды жүзеге асырылуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар бағдарлама аясында білім алып, өз кәсібін бастауда. Көпшілігі мал және құс шаруашылығымен айналысуды ниет етіп, несие рәсімдеген.

Мойынқұм ауылының тұрғыны Серғазы Темірбаев та кәсіппен айналысу үшін мемлекеттің қолдауына жүгініпті. Ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалында өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен ауданымыздағы жұмыссыз азаматтарға арналған оқуда кәсіби біліктілігін шыңдап, «Бизнес» жобасын қорғап шығады. Сөйтіп, мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, қайтарымсыз 505 мың теңгеге ие болды. Ол қаражатқа 50 түйетауық, үй маңына қора-жай салып, олардың қыстық азығын да дайындаған.

«Кәсіп түбі – нәсіп» дегендей, Серғазы өз алдына мақсат қойып, алдағы уақытта түйеқұстың жұмыртқасын, етін сатып, кәсібінің нәсібін тапқысы келеді. Оның сөзіне жүгінсек, 2014 жылы Бірлік ауылында тұратын әпкесінің құс шаруашылығымен айналысуына қолғабыс тигізіп, 10 түйетауық балапанын алып, аз уақыттың ішінде оларды 185-ке жеткізген. Сөйтіп, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріпті. Күнделікті ас мәзіріндегі түйетауық жұмыртқасы мен етінің адам денсаулығына пайдасы зор екенін ол жақсы біледі.

– Қазіргі таңда құс шаруашылығын дамыту мәселесі халықаралық деңгейде көтеріліп отыр. Оның ішінде түйетауық өсіруге ерекше назар аударылған. Өйткені етi жұмсақ, дәмдi әрі тез сiңеді. Сонымен қатар олар жылдам салмақ қосады. Қазірден бастап күтіп-баптасам, көктемге қарай әжептәуір өсіп қалады, – дейді жас кәсіпкер.

Иә, құс шаруашылығы күнделікті өмірде тұтынатын өнімнің едәуір бөлігін құрап отыр. С.Нұрғалиұлы ерiнбей еткен еңбектiң нәтижесiнде осылайша шағын шаруашылығын жүргізуде. «Еңбекке бейiм болсаң, қатарыңнан кейiн болмайсың» деген осы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.