A place where you need to follow for what happening in world cup

Шаруашылықтарды аралады

184

«Көктемнің әр күні жылға азық» деген қағиданы ұстанған жуалылық шаруалар көктемгі дала жұмыстарын, мал төлдету науқанын жауапкершілікпен өткізу үстінде. Жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын, сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытудағы істерімен, ондағы туындап отырған проблемалармен танысу мақсатында Көкбастау және Қызыларық ауылдық округтерінде болып, бірқатар шаруашылықтарды аралады.

Аудан әкімі Н.Ергебеков бірінші кезекте Көкбастау ауылдық округіндегі ірі шаруашылықтардың бірі «Ержан» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қосбөлтек ауылының маңындағы сауын сиырлар ұстайтын шағын ферманы аралап, жас төлдерді көрді. «Ержан» ШҚ-ның мүшесі Б.Серкебаев шаруашылықтың жұмысы туралы кеңінен баяндап берді.

— Қазір ауыл маңындағы бұл фермада 70 бас сауынды сиыр ұстап отырмыз. Қазір бәрі жайылымда. Қорада тек қана жас төлдер тұр. Олар біраз уақытқа дейін осында күтіп-бапталып, өскен соң жайлауға жіберіледі. Малды асылдандыру бағытында да жұмыс жасап жатырмыз. Осы мақсатта биылғы жылы Павлодар облысынан 70 бас «Симменталь» тұқымды құнажындар әкелуді жоспарлап отырған жайымыз бар. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 38 миллион теңге көлемінде несие алуға арнайы келісімшарт жасасып отырмыз. Одан бөлек, сиырдың «Әулиеата» тұқымын да көбейту ойымызда бар.

Шаруашылықта мал азығы үшін көпжылдық шөп, арпа, бидай егіледі. Картоп, қызылша егумен де айналысамыз. Биылғы жылдың өнімі үшін алты гектар алқапқа картоптың «Радриго», «Латуна» деп аталатын сұрыптарын ектік. Атқарып жатқан басқа да шаруаларымыз көп. Бір айта кетерлігі, ағын судан тапшылық көріп жатырмыз. Ең басты – проблема осы,- дейді шаруашылық мүшесі Байұзақ Серкебаев.

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков шаруашылықтар төңірегіндегі туындап отырған кейбір түйінді проблемалардың өзінің салалық орынбасары Әбдікерім Уркумбаевпен, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовпен талқыланып, зерделенетінін жеткізді. Одан бөлек, шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер мемлекеттің негізгі тірегі екендігіне тоқталып, кәсіп бастап, жұмыс жасаймын деуші азаматтарға мемлекет тарапынан көмек-қолдаулар мен мүмкіндіктер қарастырылатынын да баса айтты.

Аудан басшысы келесі кезекте Қызыларық ауылдық округінде орналасқан «Дархан» шаруа қожалығының алма бағына барды. Атап айтсақ, шаруашылық 10 жылдан бері алма бақ өсірумен тұрақты айналысып келеді. Қызыларық ауылының шығыс жағында, сонымен бірге, Алатау жақ беткейіндегі бақтың жалпы көлемі 70 гектарды құрайды. Қазір мұнда алманың бірнеше тұқымдары бар.

Айта кету керек, Қызыларық ауылдық округінде «Бағдат», «Зейнеп» шаруа қожалықтары алма өсірумен айналысады. Округ шаруалары ақ егісті толықтай аяқтап, картоп егуге кірісіп кеткен. Биылғы жылы аталған округте жоспар бойынша 420 гектар алқапқа картоп егілмек.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.