Мойынқұм ауданында көріктендіру, абаттандыру және санитарлық тазалаудың күзгі екі айлығының бір айы артта қалды. Бір айда аудан орталығы — Мойынқұм ауылында тазалық жұмыстары біршама жүргізілді. Алайда, көңілді көншітпей тұрған бір мәселе, осындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы «Жастар» саябағының ішіне тазалық жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілмегені. Саябақ ішінің шығыс жағындағы жыңғыл, шеңгел, жантақтардың арасындағы қаптаған қоқыстардың ұсқынсыз көрінісі көзге сүйелдей көрініп тұрғанына бірнеше жыл болды. Ол қашан тазаланады? Оған кім жауапты? Сондай-ақ саябақтың дәл ортасында сәулеттік сәні келіскен «Халық қаһарманы» Қ.Рысқұлбековтің мүсіні бейнеленген ескерткішін тал бұтақтары көлегейлеп, аты дардай саябақтың затына лайық еместігін аңғартып тұрғандай. Саябақ ішіндегі жастарға арналып соғылған шағын футбол алаңшасының да қоршау торларының ара-жігі ажырап, әр жерден аңғарадай тесілген. Маңайы лас. Орталықтағы жалғыз саябақ ауылдың сәніне айналуы тиіс емес пе?
Жоғарыда атап өткеніміздей адам ең көп жиналатын Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының дәл жанында тұрған саябақтың шығысындағы жыңғыл, шеңгел, жантақ басқан жерлерді тазартып, арықтарды аршып, қазып, су түсіріп, шағын жерді неге кішігірім жасыл желекті орманға айналдырмасқа? Саябаққа су келмегендіктен мұндағы тал-дарақтардың қурай бастағаны көрініп тұр. Талдарды балақтайтын да уақыт жеткен сияқты.
Сәні қашқан саябақ емес, елге демалып, таза ауа жұтып, серуендейтін саябақ керектігі айтпаса да түсінікті. Ендеше саябақтың әрін кірзігіп, кем-кетігін түзейтін ауылдық округ әкімшілігі бұл іске қашан кірісер екен?
Асылхан ӘЛТАЙ,
Мойынқұм ауданы.
Суреттерді түсірген автор.