A place where you need to follow for what happening in world cup

Салауатты өмір сүру – әр адам үшін маңызды

559

Біз күнделікті өмірде бұқаралық ақпарат құралдарынан  «Салауатты өмір салтын ұстанайық! Зиянды әдеттерден сақ болайық!» деген сөздерді жиі кездестіреміз. Ал ол туралы біз не білеміз және қалай түсінеміз? Осы жайында толығырақ тоқталып өтейік.

«Салауатты өмір сүру дегеніміз не?» осы сұрақты қояр болсақ   жауап беру әсте оңай, дегенмен оны сақтап, ұстап жүру кез-келгенінің қолынан келе бермейді.  Мәселен, зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, дене жаттығуларымен шұғылдану,  ауруды асқындырмау үшін дәрігерге уақытында тексерілу. Алайда, дұрыс өмір сүру салтының ережелері күнделікті сақтала бермейді. Сондықтан да, түрлі ауруларға шалдығу қаупі уақытылы емделмегендіктен, аурудың алдын алу шаралары қолданбағандықтан арта түседі.

Темекіге, алкогольді ішімдіктерге жастар мектеп қабырғасында жүріп әуес бола бастайды. Олар бұны есею деп түсініп, қатерлі де қате қадамға барады. Ғалымдардың делелдеуінше, жасөспірімдердің 90 пайызы темекі шегуді жоғарғы сынып оқушыларынан үйренген, онымен қоса ермек ретінде дәмін көрмек болу салдарынан туындаған қызығушылық та бар.

Осы тұста темекі торы туралы әлем ғалымдарының зерттеулерінен мысал келтірсек. Он бір жаста шегілген бір түйір темекі никотинге деген тұрақты тәуелділікке алып келуі мүмкін екенін британдық дәрігерлер дәлелдесе, Нидерландыда жүргізілген зерттеу  нәтижесінде, ата-анасы темекі шегетін балалардың өкпе қызметі төмен болатындығын көрсетті. Сонымен қатар, бұл зиянды әдет ойлау шапшаңдығын төмендетеді.  Темекі жүрек қан тамырларын ерте тоздырып, өмірдің қысқаруына себепші болады. Дені таза, шылым шекпейтін орта жастағы адамның қан тамыры минутына біркелкі 72-80 рет соғады десек, үсті-үстіне 3-4 шылым шегетін сол адамның қантамырының соғуы минутына 100-120 ретке дейін жетеді. Нәтижесінде темекі қан алмасуын төмендетіп өмірге үлкен қауіп төндіреді.

Осы орайда тағы бір үлкен қасірет, ол – арақ пен есірткі. Бұл екеуі талай үйдің адам қатарынан шығарып жібергенін, талай жанды бақытсыз күйге түсіріп, құт шаңырақты, ұйыған отбасын ойран етіп, ару жардың, сәбилердің өмірін өксіткенін айтып тауысу мүмкін емес. Спиртті ішімдіктер мен есірткі алдымен адам миына зиянды әсер етіп, орталық нерв жүйесін зақымдайды.  Аз мөлшерде қабылдағанның өзінде орталық нерв жүйесіне бірден әсер етеді.  Соның салдарынан адамның айналасындағы дүниені қабылдау қабілеті төмендейді, бұзылады, байқағыштығы нашарлайды, есту, көру сезімдері әлсірейді, уақытты шамалауы бұрмаланады. Осыншама зияндылығы болса да оны тұтынатын жастардың да, үлгі болар ересектердің де саны азаймай тұр. Есірткі мен ішімдік – адам болашағын бұлыңғыр етіп, бақытсыздыққа душар ететін үлкен қасірет. Көз тоймастай алтын басты ерлеріміздің бұл торға түсіп қор болғанын көзіміз көріп жүр.

Адам өмірі – Алланың оған берген үлкен сыйы және аманаты. Аманатқа қиянат жасауға ешкімнің қақы жоқ. Демек, біз өміріміз үшін, денсаулығымыз үшін жауаптымыз. Темекіден, ішімдіктен, есірткіден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстану арқылы баянды бақытқа, жарқын болашаққа, асқақ арманға жете аламыз. Бірінші байлық, денсаулықты бағалауымыз керек. Ол үшін, әрине, дәрігерлерге уақытылы қаралып, кезекті тексерулерден өту қажет.

Темекі тарту, алкоголь, есірткіні тұтыну сынды зиянды әдеттер мен оның зардаптары бүгінгі қоғамды алаңдатуда. Темекі адам денсаулығын бұзады, алкоголь мен есірткі адам тұлғасын ыдыратушы болып табылады. Ал деградацияға ұшыраған адам өз өмірін құртып қана қоймай, айналасындағыларға, жалпы қоғамға қауіпті.

Салауатты өмір салты — бұл дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, моральдық және жаман әдеттерден бас тарту арқылы денсаулықты жақсартуға және сақтауға бағытталған адам өмірінің тұжырымдамасы. Оны қалыптастыру арқылы аурулардың алдын алып, денсаулықты арттырып және тартымды келбетті сақтап, сұлу да сымбатты, тәні мен жаны жас, белсенді өмір сүруге болады. Салауатты өмір салтына дене шынықтыру, спорт, табиғатқа серуен, таза ауада жүру де жатады. Кешкі тамақтан соң таза ауада 1-2 сағат серуен құрып, ұйықтаудың пайдасы зор. Яғни салауатты өмір салтын  ұстанып, тиімді тамақтанып, денсаулығын күткен адамға ауру да жақындамайды. Ауырғаннан ауырмаудың алдын алайық!

Аружан Болатбек 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты «Жерге орналастыру және кадастр» кафедрасының 1 курс студенті

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.