A place where you need to follow for what happening in world cup

Сағынтаевтың не себепті Алматы әкімі қызметінен босатылғаны белгілі болды

327

Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі қызметінен кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды”, – делінген хабарламада.

Ол әлеуметтік желіде қала тұрғындарымен қоштасып, жазба жариялады.

“Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын Президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризамын.

Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым.

Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық. Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық.

Біз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойдық.

Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді.

Мектептерді жедел салу бағдарламасын қолға алдық. Тек 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынды. Бұл – мектептердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған түбегейлі қадам болды.

Экологияны жақсарту үшін жүйелі екі шешім қабылданды: миллион ағаш отырғызу және екінші ЖЭО-ны газға ауыстыру.

Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын!

Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде”, – деп жазды бұрынғы әкім.

Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев отставкаға тұрғындардың орнын босатсын деген талабына пікір білдірген.

“Мен бәрі аяқталған кезде сынның да, өтініштің де болатынын білдім. Алайда қызметімді жауапкершілікпен жасап, жұмысымды жалғастыруым керек. Қаланы қалпына келтіріп, шығын мәселелерін шешуім керек. Мен өз жауапкершілігімді білемін. Қалай болғанда да сындардың бәрін қабылдаймын”, – деді Сағынтаев.

Сондай-ақ бұрынғы ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

«Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы лауазымынан босатылсын», — делінген жарлықта.

  • Бақытжан Сағынтаев 1985 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген, экономист, саяси экономика пәнінің оқытушысы.
  • 1985 жылдан – Алматы халық шаруашылығы институтында саяси экономика кафедрасының оқытушыс
  • 1988 жылдан – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент.
  • 1992 жылдан – коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
  • 1998 жылдан – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
  • 1999 жылдан – ҚР Шағын бизнеске қолдау көрсету жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары.
  • 2000 жылдан – «Шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы.
  • 2001 жылдан – ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнеске қолдау көрсету жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
  • 2004 жылдан – ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы.
  • 2007 жылдан – ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің жетекшісі.
  • 2008 жылдан бері – Павлодар облысының әкімі.
  • 20 қаңтар — 24 қыркүйек 2012 жыл аралығында — Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда министрі.
  • 2012 Қыркүйек — 2013 қаңтар — «Нұр Отан» ХДП-ның төрағасының бірінші орынбасары.
  • 2013 жыл 16 қаңтардан бастап жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
  • 2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – ҚР Өңірлік даму министрі қызметінен босатылып, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары болып тағайындалды.
  • 2014 жылғы 7 сәуірден Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
  • 2016 жылдың 10 қыркүйектен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызмтін атқарды.
  • 2019 жылдың 25 ақпанында Қазақстан президенті Сағынтаевтың үкіметін отставкаға жіберді.
  • 2019 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалады.
  • 2019 жылдың 24 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.