A place where you need to follow for what happening in world cup

«Өскенде қайтарып беремін»: Қазақстандықтар 9 жасар Оразымбетке баспана сыйлады

157

«Бір баспана болса ғой, өскенде қайтарып берем, шын айтам» деп арманын айтып, қазақ елін жылатқан 9 жасар Оразымбет баспаналы болды. «Харекет» қайырымдылық қоры Оразымбетке Шымкент қаласынан 5 бөлмелі үй сыйлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жуырда «Харекет» қайырымдылық қоры Оразымбеттің жағдайын көрсетті. 4-сыныпта оқитын бала қарт әжесімен, зағип анасымен, екі мүгедек ағасымен бірге тұрады. Отбасы мекен етіп отырған үйдің жағдайы мүшкіл. Қабырғалары бүлінген, сылағы түскен үйді отбасы жалға алып отырған.

Әлі бастауыш сыныпта оқитын Оразымбет реті келсе, сабақтан сұранып, анасына көмектеседі екен. Ол «үйлі болсам, анамды емдетсем» деген арманын жеткізді. «Өскенде қайтарып беремін» деп көзіне жас алған баланың бұл сөзі қазақстандықтарды елжіретті.

Көп ұзамай, Оразымбеттің отбасы «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы баспаналы болды. Онымен қоса, баланың анасы Бақытгүл ханымның көзін тегін емдетуге сертификат «Түнгі хабар» бағдарламасында табысталды.

Одан бөлек, Оразымбеттің өзіне су жаңа компьютер мен 5 миллион теңгеге сертификат берілді. Бұл қаражатты бала 18 жасқа толғаннан кейін қажетіне қарай жарата алады.

«Оразымбет батыр бала болса да, қырықтың қырқасына шыққан, елуді еңсерген, алпысты алқымдаған, жетпісті еңсерген азаматтардың сөзін айтты. Әлеуметтік желі арқылы өздеріңіз көрдіңіздер, бәріміз тебірендік. Бала арманың орындалсын. Бір-ақ нәрсе айтқым келеді, Алланың қалауымен сол армандарың орындалып жатса да, ел-жұрт болып жұмылып, жылу жинап, өз ағайындарын, бауырларын өзекке теппей, көмектесіп жатқан жағдайда да, ол сыйлық міндетті түрде болады. Ал енді соны қайтарамын деген райыңнан қайт, айналайын. Күллі қазақ саған сол дүниені қайтарып беру үшін емес, Алланың разылығы үшін, өзіміздің ағайын-туысқандар беріп жатыр деп қабылда», — деді Сәкен Майғазиев бағдарлама барысында.

Армандарының орындалғанына сене алмаған Оразымбет көз жасын тоқтата алмады.

«Баршаларыңызға рақмет. Алладан қайтсын», — деді ол.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.