A place where you need to follow for what happening in world cup

Рахым мен нұр жауатын ай

35 679

24 сәуір – қасиетті Рамазан айының бірінші күні. Бұл – барша мұсылман халқы сағына күтетін қастерлі де берекелі ай. Қазақ жұртшылығы үшін де мәртебесі биік Рамазан айының қадір-қасиеті мен оразаның мән-маңызы жайында аудандық Төле би мешітінің наиб имамы Талғат Сейткереевпен сұхбаттасқан едік.

— Құрметті, Талғат Кәрібайұлы! Күллі мұсылман халқының қасиетті Рамазан айы қарсаңында тұрмыз. Алдымен оқырмандарға осы айдың қадір-қасиеті жайында айтсаңыз…

–Бисмилләхир Рахманир Рахим! Алла Тағаланың қалауымен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Бұл ай, расында, өте қадірлі де ерекше, мұсылман қауымы үшін берекелі де жолбасшы уақыт. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын»-делінеді. Демек, осы айда қазақ жұрты қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілді.

Рамазан айында әрбір ісіміздің сауабы өзге уақыттарға қарағанда еселенетіні иісі мұсылман қауымына мәлім. Себебі, Алла Тағала бұл айды өзге айлардан құрметті қылып, сауабын өзім беремін деп уәде етеді. Ендеше, Хақ Жаббардың рахым-нұры жауып, мысқалдай ізгі амалымызға таудай сауаптар жазылатын айда құлшылық-ғибадаттарымызды көбейтіп, сөзіміз бен ісімізді түзеп, ниетімізді тазартуымыз керек деп ойлаймын.

— Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты адамдарға шоғырлануға болмайды. Жамағат болып қатысатын тарауық намазы қалай оқылады?

— Тарауық намазының бірінші күні 23 сәуірде оқылады. Бірақ төтенше жағдайға байланысты жамағат болып мешітте емес, әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқылатын болады.

— Осы тұста ауызашар беру жиыны жайына да тоқталып өтсеңіз…

— Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға байланысты ораза ұстаған адамдарға ауыз ашар берудің басқа амалдарын жасауға болады. Мәселен, асханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға ауызашар жеткізу, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру.

— Рамазан айында ауыз бекіту барша мүсылманға міндеттелген. Елімізде орын алып жатқан пандемиямен күресу жолдарының бірі — иммунитетті көтеру. Ал ораза ұстаған адамда әлсіздік басым болатыны белгілі. Жалпы биылғы Рамазанда ауыз бекіту- бекітпеуге ерік беріле ме?

-Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді.

— Биылғы Рамазан айында қандай игі істер жасалады?

— Жағдайы төмен, көпбалалы отбасына, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету тек бұл айда емес, жалпы жыл бойы жасалатын іс. Аудандағы мешіттерге материалдық тұрғыдан немесе қаржылай және азық-түлік өткізіп жататын азаматтар аз емес. Мешіт қызметкерлері оларды көмекке зәру отбасына теңдей бөліп таратып беруде. Сол секілді биылғы жағдайға байланысты елімізде жүргізіліп жатқан «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында қайырымды жандардың ықпалымен жоғарыда аталған санаттағы жерлестерімізге қол ұшын беріп келеміз. Рамазан айында бұл бағыттағы жұмыстар еселенетін болады.

— Пітір садақа қалай белгіленді?

— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл Рамазан айында бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшерін 370 теңге деп бекітті.

Пітір садақаның құны ұнның республикадағы орташа нарықтық бағасымен шығарылған.

Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.

– Асыл дінімізде Рамазаннан да басқа айларда ораза ұстаудың сауабы бар дейді, жалпы оразаның мәнісі, ауызы берік жанға жазылар жақсылық пен берілер сауаптар қандай?

– Жалпы, мұсылман баласы үшін барлық уақыт қадірлі. Дегенмен, шариғатымызда дәрежесі биік, құрметі жоғары айлар жайында, расында, айқын айтылған. Әз елші Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы»-деп, мұсылман үмметі үшін қасиетті айларды атап көрсетті. Осы мәндес келесі бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Иә, Алла! Ережеп және Шағбан айын қайырлы әрі мүбарак еткей, бізді Рамазан айына аман-есен қауыштыр»-деп Раббысынан сұрап, дұға ететін. Міне, Рамазан айының алдында келетін Ережеп, Шағбан айлары қадірлі уақыттар. Осы айларда пайғамбарымыз тілеген жақсылыққа, мейірім мен рахым айына, кешірім мен береке айы – Рамазанға Оның үмметі, сіз бенен біз аман-есен жетіп отырмыз. Құдайға мың да бір шүкір дейміз. Хақ елші құрметтеген айларға деген құрметіміз жоғары болса, Алланың алдындағы дәрежеміз де соған сай болар деген үміттемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Балнұр Жексенбекқызы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.