A place where you need to follow for what happening in world cup

Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы

34 925

Елбасы Жолдауында «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдау туралы тапсырма беріліп, көптеген міндеттер жүктелді. Бұл – осы саланың қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтіп отыр. Үлгілі полиция қызметкері қандай болуы тиіс? Күнделікті қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қадағалайтын полиция қызметкерінің бейнесі қандай?
Бұған тәртіп сақшыларының өзі не дейді? Жергілікті тұрғындардың бұл жайлы пікірі қандай? Осы сынды сұраққа мақаламызда жауап іздеп көрдік.
Бүгінгі пандемия жағдайында медицина қызметкерлері сияқты полиция қызметкерлері де жауапты істерді атқарып отыр. Қысыл-таяң шақта әр учаскелік полиция инспекторларына да артылатын жауапкершіліктің салмағы зор. Осы орайда Сарысу аудандық полиция қызметі бөлімінің бастығы Асхат Аманқұлұлы Алметовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Асхат Аманқұлұлы, полиция қызметкері болу үшін қандай қасиеттер керек?
— Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды.
Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы келбеті назарға алынған. Полиция департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Мәселен, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасаймыз. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтамыз. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай анасының қателігін айнытпай қайталары сөзсіз.
Міне, осыны жол инспекторы асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтамыз. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс.
— Жаңа 2021 жылдың да бір айын артқа тастадық. Өткен жылы атқарылған жұмыстарға көз жүгіртсек…
— Сарысу ауданында ағымдағы жылдың 12 айында барлығы 153 қылмыс тіркеліп, (2019 ж.-240) былтырғы жылмен салыстырғанда 87 дерекке төмендеді.
Қылмыстардың ашылу көрсеткішіне келетін болсақ – 83,1 пайызды құрайды.
Аса ауыр және ауыр қылмыстар санаты бойынша ашылу пайызы 90,4 пайызды құрайды.
Денсаулыққа қасақана дене жарақатын салу бабы бойынша қылмыстың ашылуы 100 пайызға жетті.
Есеп беру кезеңінде «іздеуге» жарияланған 2 қылмыскердің екеуі де ұсталды.
— Сіздердің әр күніңіз неден басталады? Бір күнге шолу жасасақ?
— Бізде қызметте күнделікті бір жұмыс қайталанбайды. Нақты жұмыс, әр күні әртүрлі тапсырмалар түседі. Шақыртулар бойынша шұғыл шаралар қабылдаймыз. Мысалы, мен таңғы 07.30-да полиция бөліміне барамын. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Сүлейменов Жанат Қуанышұлының тарапынан тапсырмалар беріледі.
Бүгін не істеу керек, қандай жұмыс атқарылуы керек, әкімшілік аумақта қандай жұмыстар шұғыл болып тұрғанына қарай тапсырмалар беріледі бізге. Жоспар болып қойылады алдымызға не істеу керек екені. Сол жоспардың бәрін, орындау шараларының бәрін жазып, әкімшілік аумаққа шығамыз.
— Осы әкімшілік аумақтағы жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсеңіз?
— Әкімшілік аумақтар бойынша әртүрлі шақыртулар түседі. Кейбір шақыртуларда сағаттап тұратын жағдайлар болады. Отбасылық жанжал болып жатыр деген шақыртулар да болып тұрады. Аталған шақыртуға барған кезде мысалыға айтатын болсақ, жәбірленуші азаматша өзінің күйеуі отбасы тұрмыстық қатынас саласында мас күйде жанжал шығарып, ар-намысына тиетін сөздер мен былапыт сөйлеп мазасын алатын жағдайларда арызын қабылдап, күйеуіне қатысты ҚР ӘҚБтК-ның 73-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырып, жинақталған іс-құжатты шешім қабылдау үшін Сарысу аудандық әкімшілік сотына жолдаймыз.
Егер де арызданушы бітімгерлішікке келіп жатса, сотпен әкімшілік іс қысқартылады. Кешірім бермеген жағдайда ҚР ӘҚБтК 73-бабына сәйкес ескерту жасауға не бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға әкеп соғады.
Жәбірленушіге қатысты отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқыққа қарсы мінез-құлыққа жол бермеу туралы күйеуіне қатысты 30 тәулік мерзімге Қорғау нұсқамасы шығарылады. Осы аралықта күйеуі тарапынан отбасылық жанжалға жол берген кезде яғни Қорғау нұсқамасын бұзған кезде оған қатысты ҚР ӘҚБК-ның 461-бабымен әкімшілік хаттама түзіліп, іс-құжаттар жиналып әкімшілік сотпен шара қолданылады.
— Жүйелі жұмыстың нәтижесі қандай?
— Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында қылмыс саны азайды. Мал ұрлығы деректері 23,3 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 47,6 пайызға, тонау 55,6 пайызға, зорлау деректері 28,5 пайызға азайып, ашылу көрсеткіші 100 пайызды құрады.
Алаяқтық 20, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 25,9, көшелерде жасалған қылмыс 18,8, масаң күйде жасалған қылмыс 42,4 пайызға төмендеген.
Осындай көрсеткіштердің бірі – бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар саны 37,6 пайызға, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 50 пайызға төмендеген.
— Кәмелетке жасы толмағандармен қандай жұмыстар атқарылуда?
— Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында, жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында түнгі мезгілде жіберілмеуі және оларға темекі мен алкогольдік өнімдердің сатылмауы бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Дүкендер қатаң бақылауға алынып, кешкі және түнгі мезгілде көңіл көтеру мекемелерінде ата-аналардың қарауынсыз жүрудің алдын-алу мақсатында мобильдік топ құрылып, қазіргі уақытта күшейтілген жұмыстар атқарылуда.
— Халыққа қаншалықты жақынсыздар?
— Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Сүлейменов Жанат Қуанышұлының тарапынан да полиция бөлімінің қызметкерлеріне қойылған талап күшті. Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл ел дамуының өзегі болмақ. Президент заман талабына сай мемлекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартты.
Халықпен тиімді кері байланыс орнату. Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті екендігі айқын.
Бізде халықпен кездесу болып тұрады. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде халықтың алдында есеп береміз.
Нақтырақ тоқталар болсам өткен жылы 186 азамат фронт-офисте қабылданса, осы жылдың өзінде 70-ке тарта азамат әртүрлі мәселелермен қабылдауымда болды.
Сондай-ақ, халықпен кездесіп қандай ахуалдар болып жатқанын, қандай мәселелеріңіз бар, не жайттар болып жатыр деп шешілмей жатқан мәселелерді қараймыз. Өзіміздің атқарған жұмыстарымыз бойынша есеп береміз.
Бізге әртүрлі жағдайлармен арызданады. Мал ұрлығы, жер дауы, отбасылық шағымдар жиі түсіп жатады.
— Пандемияға байланысты қандай шараларды атқарып жатырсыздар?
— Пандемияға байланысты кешкі сағат 22:00-де әкімшілік аумақта орналасқан дүкендерді толығымен араладық, осы уақытта олар жабылу керек болды. Солардың жабылғанын қадағалап, үнемі бетпердеде болуын тексердік. Егер бетперде болмайтын болса, түсініктеме алынып, шара қолдану үшін тиісті мекемеге жіберіп отырдық.
— Ішкі істер бөлімінің ардагерлерімен байланыс бар ма?
— Ия, қашанда үлкеннен өнеге алып, білмегенді үйренуді ұстанған жанмын. Ардагерлеріміз әрдайым алдыңғы сапта. Бізбен бірге тірек пункттерінде елге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, көмектесіп келеді. Ардагерлердің төрайымы болып Жұмакүл Шакирова бірауыздан мақұлданған.
— Әңгімеңізге рақмет! Сіздердің жауапкершілігі мол жұмыстарыңыздың соңғы кезде нәтижесін көрген аудан жұртшылығы да ризашылығын білдіруде. Олар әлеуметтік желі парақшаларында және халықпен кездесулерде жиі айтып та жүр. Сондықтан батамен ер көгерер демекші, істеріңізге сәттілік, еңбектеріңіз елене берсін демекпіз.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.