A place where you need to follow for what happening in world cup

Облыс әкімі Б.Сапарбаев өңір тұрғындарына үндеу жасады

128

Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өңір тұрғындарына
ҮНДЕУІ

Құрметті ата-ана! Қадірлі жерлестер!
Бала – адамның бауыр еті. «Барым да, байлығым да балаларым» деп өмір сүрген халықпыз. Яғни, балалар өміріміздің жалғасы, еліміздің болашағы. Сондықтан, балаларға бар жақсылығын аямау әрбір отбасының және мемлекеттің басты парызы.
Соңғы жылдары елімізде көп балалы отбасылардың саны артып келеді. Бұл әрине, отбасы, ана мен баланы қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың нәтижесін білдіреді. «Бар жақсылығымыз — балаларға» деген ұранды ту етіп ұстаған мемлекетіміз жас ұрпақтың жағдайын жасауда еш аянып қалған емес.
Алайда соңғы кездері облысымызда жас балалардың өміріне қауіп төндірген оқиғалар жиі орын алып, көпшіліктің алаңдаушылығын туғызуда. Тіпті, бұл оқиғалар ата-ананың жауапкершілігі, әке-шешенің бала алдындағы міндеті, парызы туралы қаттырақ айтып, көпшілікке үндеу жолдауға мәжбүр етіп отыр.
Қалалық елді мекендерде тұрғындардың көбі көпқабатты тұрғын үйлерде тұрады. Осындай үйлердің екінші және одан жоғары қабаттарындағы пәтерлерде тұратын тұрғындардың балаларының терезелерден құлап кету жағдайлары жиі орын алуда. Тіпті, бүлдіршіндердің терезеден құлап, ауруханаға түсу фактілері айына екі-үш мәрте қайталануы жүрегімізді қатты ауыртады. Осының салдарынан ел аман, жұрт тыныш кезеңде қаншама балаларымыз опат болып, мүгедек боп қалып жатыр.
24-шілде күні Тараз қаласындағы бір отбасының бес баласы ата-анасының үйде жоқ екенін пайдаланып, таңертең үйлерінен шомылуға шығып кеткен. Сөйтіп, жолда адасып, күні бойы полиция қызметін аяғынан тік тұрғызып, кешке қарай әрең дегенде табылды. Дәл осындай жағдай Т. Рысқұлов ауданында да орын алып, ата-ананың бақылауынсыз қалған балалар өз беттерімен алысқа шығып, полиция көмегінің арқасында көрші ауылдан табылды. Бұл оқиғалар құқық қорғау органдарын әуреге салғаннан бөлек, ел ішінде әр түрлі әңгімелердің өрбуіне сеп болып, көпшіліктің көңіл-күйіне кері әсер еткені анық.
Мұның бәрі ата-аналардың жауапсыздығынан орын алуда. Әрине, қазір жаз мезгілі, балалардың нағыз қызыққа батып, алаңсыз демалатын кезі. Оның үстіне карантин кезінде үйден ұзап шыға алмаған балалардың да қазіргі күрделі жағдайын жақсы түсінеміз. Бірақ, қандай жағдай болса да балалардың қауіпсіздігін, олардың амандығын, денінің саулығын ата-ана ешқашан ұмытпауы қажет. Яғни, бірде-бір бала бақылаусыз қалмауы керек. Бұл бір жағы ата-ананың балаға дұрыс тәрбие беруіне де байланысты.
Отбасы — өмірдің тұтқасы. Үй-ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы – отбасындағы тәрбие, бауырмалдық, береке-бірлікке байланысты. Халқымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп тегін айтпаған. Отбасылардан мемлекет құралады. Яғни, мемлекетіміз әрбір отбасының, оның әрбір мүшесінің, еліміздің әрбір азаматының амандығы үшін алаңдайды және сол үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Отанымыз қуатты, отбасымыз шуақты болуы үшін әрбір ата-ана перзент алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі керек. Өйткені, барлық бала бақытты болу үшін жаралған. Лайым, шаңырағымыздан шаттық кетпесін. Әрбір ата-ананың ұйқысы тыныш, балаларының күлкісі жарқын болсын!

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.