A place where you need to follow for what happening in world cup

Оқушылар ардагерлермен кездесті

181

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай аудан мектептерінде ардагерлермен кездесулер өткізіліп жатыр. Осындай кездесудің бірі №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте өтіп, оған Ауған соғысының ардагерлері шақырылды. Мектеп ұжымы мен Талапты ауылдық клубының ұйымдастыруымен, оқушыларға Ауған соғысы жайлы толық мәлімет беру, олармен ашық әңгіме, сұхбат құру, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалармен ашық әңгімелесу, соғыста опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, олардың есімдерін қастерлеу арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беру мақсатындағы іс шара мектеп мұражайынан басталды. Айта кету керек, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының атын иеленген орта мектепте Батырға арналған шағын мұражай бар. Онда Б.Момышұлының өміріне қатысты мәліметтер, кітаптары, фотоқұжаттары сақтаулы. Иә, сол күні Б.Момышұлы мемориалдық музейінің қызметкерлері осында көшпелі көрме ұйымдастырған екен.

Шараның негізгі бөлігі мектептің акт залында өтіп, оған ұстаздар мен оқушылар қатысты. Мектеп директоры Руслан Сайлаубаев кездесу кештің тізгінін қолына алып, жалпы кездесудің мән-маңызына тоқталды. Ауған соғысының және осынау соғысқа қатысқан ардагерлердің қоғамдағы орны туралы әңгімеледі. Кеш барысында кездесуге шақырылған ардагерлер Қази Тасымбетов, Амантай Өтегенов, Орынғали Сатыбалдиев, Байғали Тәңірбергеновтың өмірбаяндары таныстырылып, тақырыпқа байланысты бейнеролик көрсетілді. Осы тұста бір атап өтерлігі, аталған ардагерлер түрлі дәрежедегі орден-медальдардың иегерлері.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде мектеп оқушылары сұрақтарын қойып, оларға ардагерлер тыңғылықты жауап берді. Кездесу кешінің қонақтары өз өмірлерімен қатар, Ауған соғысында ерлік істерімен, азаматтық ұстанымдарымен ерекшеленген тұлғалар – Бақытжан Ертаев, Борис Керімбаев туралы да әңгімеледі. Мектеп оқушыларына оқуда озат, тәрбиелі де саналы азамат болуларына тілектестік білдірді. Ардагерлер өз кезегінде мектепте құрылған «Бауыржан ұландары» патриоттық клубының мүшелеріне тіркеу куәліктерін табыс етті.
Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының және мектеп ұжымының атынан ардагерлерге сый-сияпат табысталды. Айта кету керек, кеш аясында мектеп оқушылары патриоттық әндер орындап, өлең-жырға кезек берді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.