A place where you need to follow for what happening in world cup

«Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз»

35 593

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айғақтайтын мызғымас құнды нышандары. Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығын һәм даналығы мен асқақ арман-тілегін жеткізетін де осы қасиетті нышандар. Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекқызы бізге берген сұқбат барысында осындай ойларымен бөлісті.

Ұлана Сламбекқызы, Қазақстан  азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көз қарасы қалай болуы керек деп ойлайсыз?

– Енді, мемлекетік рәміздерге Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн жататыны белгілі ғой. 1992 жылдың 4 маусымында Елбасының арнайы Жарлығымен осы нышандарымыз қабылданған болатын. Міне, содан бері бұл рәміздер біздің бойтұмарымызға айналды десек қателеспейміз.

Ұлттық нышандар – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сол себепті Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көз қарасы қашанда жоғары болуы қажет және оны құрметтеу – әрбір азаматтың борышы болуы тиіс.

– Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселесі туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

Мемлекеттік рәміздер – елдік пен егемендіктің, бірлік пен биліктің нышаны. Оларды дәріптеу ісін жаңа деңгейге көтеру – идеологиялық жұмыстың маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда мемлекеттік символдарға байланысты бірқатар нақты мәселелерге назар аударған жөн.  Үкіметтің 2019 жылғы 28 маусымындағы қаулысымен Қазақстанның Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және Гимнін пайдалану қағидаларына өзгерістер мен толықтыру енгізілген болатын. Енді жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды елімізге деген құрметін білдіру үшін көпшілік қатысатын және жеке іс-шаралар барысында еркін пайдалана алады. Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді дайындауға рұқсаты бар лицензия иелеріне қатысты біліктілік талаптарын жаңа нормамен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Рәміздерімізді ел аумағында ғана өндірілуі тиіс. Негізінен бұл өнімдерді шет елдерде дайындап әкелуге қатаң тыйым салынады.

– Заң бойынша мемлекеттік символдар қандай жерлерде тұруы қажет?

– Заң талаптарына сәйкес мемлекеттік мекеменің ғимаратының төбесінде Ту мен Елтаңба орналасады. Түңгі уақытта ол нышандарға жарық түсіп, анық көрініп тұруы керек. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздер жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың басшыларының кабинетінде орналасады. Яғни, онда Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның тұруы міндетті. Сонымен қатар, сол мекеменің арнайы шаралары өтетін мәжіліс залы болса, ол жерлерде рәміздер көрініс тауып тұруы қажет. Одан бөлек, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн бейнеленген стендтер мекемелердің кіребесінде немесе фойелерінде көрнекі жерде қабырғаға ілініп тұруы тиіс. Айта кету керек, Тараз қаласында мемлекеттік рәміздер бойынша арнайы комиссия жұмыс жасайды. Комиссия мүшелері нышандардың Заң талаптарына сәйкес дұрыс пайдалануын, олардың сақталуын бақылауда ұстап, қаладағы мекемелерге үнемі зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Сонымен қатар, әскери бөлімшелерде, оқу орындарында, арнаулы және жоғары білім мекемелерінде де мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуын басты назарда ұстайды.

– Елімізде латын қарпінің енгізілуіне байланысты, Елтаңбаның өзгеріске ұшырағанын байқап жүрміз. Осы жағын тарқатып кетсеңіз.

– Иә, латын әліпбиіне көшкендіктен Мемлекеттік Елтаңбамызға өзгеріс енгізілді. Бұрын ондағы «Қазақстан» деген жазу кирилицамен жазылса, қазір ол латын әріптеріне ауысты. Басты өзгешелігі сол. Мемлекеттік мекемелерде Елтаңбаны жаңасына ауыстыру жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік мекемелер жаңа үлгідегі Елтаңбаға ауысып үлгерді. Жалпы, Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және стендттерді дайындаумен арнайы лицензиясы бар мекемелер ғана айналысуы қажет.

– Сұқбатыңызға рақмет.

 

Сұқбаттасқан Арайлым Шабденова

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.