A place where you need to follow for what happening in world cup

Медицина халыққа қолжетімді болуы керек

124

Бүкіл әлемді дүрліктіріп, мемлекеттердің дамуына, экономикасына елеулі шығын әкелген коронавирус індетінің алғашқы толқынынан тәжірибе жинақтаған еліміздің медицина қызметкерлері қазан айында келеді деп болжанып отырған КВИ індетінің екінші толқынына барынша дайындалу үстінде. Аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Жайдар Әскербекұлы Әйтішевпен бұл індетпен күресу барысындағы аурухананың дайындық жұмыстары жайлы сұрағанымызда ол былай деп жауап берді.

— Ауруханамыздың инфекциялық бөлімшесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының 1-қыркүйек 2020 жылғы №521 –Ө бұйрығымен провизорлық төсек жабылды. Екінші кезең басталған кезде 50 орындық провизорлық төсекті қайтадан ашуға дайынбыз. Осы 50 орынға арналған провизорлық төсектің ішінде 5 реанимациялық төсек, реанимациялық жабдықтармен жабдықталған 1 палата бар. Дертке шалдыққандарды емдеумен 18 дәрігер, 36 орта буында медицина қызметкерлері, 36 кіші буынды қызметкерлер айналысатын болады. Олардың тізімі облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсынылды. Аудан бойынша 5 мобильді топ құрылған. Барлық топ медициналық қызметкерлері мен санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етілген. Антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар, ыстық түсіретін құрылғылар және басқа дәрі-дәрмектер, бір реттік костюм, бетперде, көп реттік костюмдер,  дезинфекциялық сұйықтықтар сияқты медициналық бұйымдардың екі айға жететін қоры бар. Алдағы уақытта сұраныс арқылы тағы жеткізіледі. Сонымен қатар 3 ИВЛ аппараты, 41 оттегілік концентратор, 37 пульсиоксиметр, перфузор,  инфузомат, 16 дана небулайзер, 40 дана оттегілік балон, 400 дана антикогулянт препараты –гепасан, 200 дана фраксифарин, 40 дана клексан бар.

Жедел респираторлық инфекция мен тұмау маусымына 10600 адамды вакцинациялау жоспарланған. Ауруханаға 7 мың доза вакцина жеткізілді. Қазіргі кезде медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерді егу жұмыстары басталды. Жуырда шағын, пайдалануға ыңғайлы, жанармайды көп қажет етпейтін 2 «Дамас» көлігін Каспий банк, Сарыарқа, автоөндіріс кәсіпкерлігінің демеушілік жасауының арқасында қол жеткіздік. Ел басына қатер төнген кезде моральдық, материалдық жағынан қолдау білдірген азаматтарымыз көптеп саналады. Солардың қатарында жерлесіміз, облыстық мәслихаттың депутаты, ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов және тағы басқалары бар. Олар жүректері елім деп езіліп, халқыма аз да болса көмегім тисе екен деп, жүрген жомарт жандар. Аты жаман аурудың алғашқы лебінен сабақ алған ауданның ақ халаттылары келесі кезеңде кемшіліктерге жол бермеуді ұйғарып отырмыз. Елімізде коронавирус дерті бір қалыпқа түскендей. Кеселді жұқтырғандар саны азая түскені көңіл көншітеді. Әйтсе де күз келе тұмау, суық тию сынды аурулардың өршитіні тәрізді GOVID-19 індеті де белең ала ма деген қауіп бар. Жағдай ушықпас үшін кешенді әрі жоспарлы жұмыстарды жүргізе беретін боламыз. Мемлекет тарапынан індеттің алдын алу мақсатында қажетті шаралар қолға алынғаны тәрізді біздің ауданда да дәл осындай жұмыстар жүргізілуде. Ауданымызда коронавирус дертін жұқтырған сырқаттарды жатқызатын төсек-орындар мен қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Алда КВИ –дің екінші толқыны болып жатса, ауруханамыз оған сақадай сай тұр. «Сақтансаң — сақтаймын» деген. Аудан тұрғындарын арқаны кеңге салмай, медициналық талаптарды мүлтіксіз орындауға шақырамын. Өз денсаулығымыз өзіміздің қолымызда екенін ұмытпайық.

Жазып алған Жолдыбай ДӘМЕТОВ,

«Мойынқұм таңы».

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.