A place where you need to follow for what happening in world cup

Көрсеткіштер көптің көңілінен шықты

153

Шау аданының әкімі Жарылқасын Айтақовтың халық алдындағы қорытынды есеп беру жиыны өтті. Аудандық Мәдениет үйінде өткен қорытынды есепті кездесуге облыстан арнайы облыс әкімінің орынбасары М.Ж.Шүкеев келіп қатысты.

Залға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, депутаттар, ауылдық округ әкімдері, басқа да мекеме басшылары және елді мекендерден жиналған аудан тұрғындары қатысты. Мінберге шыққан аудан әкімі Ж.Ә.Айтақов алғысөзін жалпы елімізде нендей өзгерістер орын алғандығына қысқаша шолу жасады. Соның ішінде ел Президенті болып Қ.К.Тоқаевтың сайланғандығына, алғашқы Жолдауы халыққа жол тартқандығына, астанамыздың аты өзгеруіне және биылғы жылы Абайдың — 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің — 1150, Шу ауданының 90 жылдығы және тағы да басқа мерейтойлардың аталып өтетіндігіне ерекше екпін берді. Осындай жүйелі бағыт-бағдардың нәтижесінде біздің ауданда да әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығында оң динамикалар қалыптасқандығын көрнекі слайд арқылы егжей-тегжейлі атап өтті.

2019 жылы жалпы шығарылған өнім көлемі 113 млрд.381,3млн. теңгені немесе  2018 жылмен салыстырғанда 128,6%-ды құрады. Мұның ішіне өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы сынды салаларда жеткен оң көрсеткіштер кіреді. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен облысымызда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасы жүзеге асырылуда. Оған ауданымыздан пилоттық округ ретінде Жаңақоғам ауылдық округі таңдап алынып, ауылдағы 493 аулаға 625 млн. 495 мың теңге қаражатқа сұраныс берілген. Бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Өткен жылы тұрғындар үшін ерекше болған тағы бір қуаныш 100 отбасына арналған жатақхананың пайдалануға берілгендігі. Баспана көпбалалы және аз қамтылған, жалғызбасты отбасыларды баспанамен қамту мақсатында берілген. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 8 көпбалалы отбасына және демеушілер есебінен 3 көпбалалы отбасына тұрғын үй сатып алынған.

Былтыр аудан көлемінде бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгендігін ерекше айтуға болады. Атап айтқанда, Мойынқұм және Абай ауылдарында су жүйелері мен су шығару имараттарының құрылысы, Далақайнар ауылы, Т.Әшімбаев атындағы орта мектепке жапсарлас спортзал, мәжіліс залы, асхана құрылысы, Шу қаласы Тоғай тұрғын аумағында 300 орындық мектеп құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, 2019 жылдан 2020 жылға өтпелі нысандардың құрылысы басталып, биылғы жылы аяқталуы жоспарланып отыр. Оның ішінде Төле би ауылында спорт-сауықтандыру кешені құрылысы, «Шу қаласындағы «Қайрат» стадионының күрделі жөндеу жұмыстары, Шу-Бурылбайтал автожолы бойында ойын-сауық көпфункционалды нысанының құрылысы, Бірлікүстем, Алға ауылындарында 300 орындық оқушыға арналған Домалақ Ене және Амангелді орта мектептерінің құрылысы жүргізілмекші.

Ауданға қарасты 7 ауылда (Мойынқұм, Ақтөбе, Алға, Белбасар, Жаңа жол, Абай, Қонаев) клуб ғимараттары жоқ болғандықтан, ыңғайластырылған ғимараттарда отыр. Аудан  бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту  және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына сәйкес, 2020-2021 жылдары 3 елді мекенде (Абай, Қонаев, Белбасар) және 2022-2025 жылдары 4 елді мекенде (Алға, Мойынқұм, Ақтөбе, Жаңа жол) ауылдық клубтар салу жоспарлануда. 2019 жылы  аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен  Абай ауылында 90 орындық ауылдық клубтың ЖСҚ-сы дайындалып, Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет, қала құрылыс және құрылыс басқармасына  келісімге жолданды. Ал, Қонаев ауылы бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үшін 4,5 млн теңге қарастырылып отыр.

Осындай жақсы жаңалықтармен қуантқан аудан басшысы кездесу барысында ауылдарда көтерілген мәселелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары дайындалып, қажетті қаражат көздері қарастырылатын болатындығын жеткізді.

Есепті кездесуде тұрғындар тарапынан елді мекенге газ құбырын жүргізу, сүт өнімдерін өндіретін цех ашу, тазалық жүргізу сынды әлеуметтік маңызы бар сұрақтар көтерілді. Әрқайсына мардымды жауап қайырған аудан басшысын тұрғындар оң бағалап, жыл қорытындысына қанағаттанарлық баға қойды.

Ал, соңғы сөзбен жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары М.Шүкеев біраз мәселені көтерді. Соның ішінде тұрғындар ұсынысын қолдап, ауданда сүт және ет өнімдерін өңдейтін орынның міндетті болуы, елді мекенді газдандыру, ауызсумен қамту, ауылшаруашылығы саласын арттыру, учаскелік полиция инспекторларының қызмет көрсететін ауылдарда тұрғылықты жері болуы сынды мәселелердің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.

 

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.