A place where you need to follow for what happening in world cup

Көкжелекте шағын футбол алаңы пайданауға берілді

113

Көкжелек  ауылында шағын футбол алаңы ашылды.  Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Амангелді Нәметқұлов, аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков, ауыл әкімі Мұхит Тілеужанов  және ауыл тұрғындары қатысты.

Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген А. Нәметқұлов «Спорт — денсаулық кепілі» екендігін атап, футбол алаңшасы ауыл жастарының спортқа деген ынтасын арттыратынын баса айтты. Сонымен қатар еліміздегі індетке байланысты карантин талаптарын орындауға шақырды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік  бағдарламасы негізінде салынған нысанның құрылысын  «Кәусар» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. 11 миллион 340 мың  теңгеге салынған жаңа алаңның ұзындығы 40 метр болса, ені 22 метр. Жаңа алаңға жасанды шөп, футбол қақпасы, жанкүйерлерге арналған орындықтар, стритворкаут алаңшасы мен тенис үстелі орнатылған.

Сондай-ақ ашылу салтанатында ауыл ақсақалы Сайн Жұмабаев атамыз сөз алып, ауыл жастарына  ауылдың қалай  «Көкжелек» аталуының себебін атап, жаңа футбол алаңшасын  ұқыпты пайдалануға шақырды.

Алаңның ашылу лентасын аудан әкімінің орынбасары А.Нәметқұлов пен ауыл ақсақалы, ауданның Құрметті азамат М.Сартов қиды.

Футбол алаңының ашылу салтанатынан кейін  ауыл жастары  мен жасөспірімдері  доп тебуге әзір екендіктерін көрсетті. Су жаңа футбол алаңшасының алғашқы ойынына допты қосу құрметі аудан әкімінің орынбасары А.Нәметқұловқа  бұйырды. Бұдан кейін, ауыл жасөспірімдері арасында жолдастық кездесу өтті. Аталмыш шара барлық санитарлық талаптар сақталып, ережеге сай өткізілді. Алаңша маңайының безендірілуі мен іс-шараның өз дәрежесінде өтуіне ауылдық клубтың меңгерушісі Болат Жақсылықовтың қосқан үлесі мол болды.

Жалпы аудан бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік  бағдарламасына  52 жоба енген, жалпы құны 1 млрд. 387 млн. теңге. Оның ішінде аудан бойынша 9 шағын  футбол  алаңшасы бар.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.