A place where you need to follow for what happening in world cup

Газет шығару – үлкен өнер

431

Шу ауданының саяси айнасы әрі рухани шамшырағы «Шу өңірі» газетінің алғашқы нөмірінің жарық көргендігіне алдағы 16 маусым күні 85 жыл толады. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, оның оқырмандары үшін мерейлі мереке іспеттес. Өйткені осы жылдарда жергілікті ел-жұрттың шежірелі жылнамасын, тағылымды тарихын, жалпы тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап келеді.

Атап айтқанда, халқымыздың басынан өткен ашаршылық кезеңді, саяси қуғын-сүргін сергелдеңін, соғыс жылдарындағы ауыртпалықты, соғыстан кейінгі жылдардағы халық шаруашылығын қалпына келтіруді, тың игеруді және тағы басқа да толып жатқан елімізді елең еткізген елеулі жайттарды жариялап отырды. Әсіресе еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде де ел тынысы мен тіршілігін таспалап отырды. Қысқасы, « Шу өңірі» газетінің оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленіп, олармен бірге қуана білгендігін, кейде қабырғасы қайысқандығын архивтерде сақталған төл газетіміздің сарғыш беттерінен аңғару қиын емес. Бұл деген газет тарихы жергілікті халық тарихымен тамырлас, сабақтас, өзектес екендігін тайға таңба басқандай дәйектейді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінен бастап мен  де осы редакция қызметкерлерінің қатарында қызмет атқару бақытына ие болдым. Ол кезде газет редакторы Қадырхан Баққараев деген қаламынан әзіл-оспақ туындылары тамған сатира саласының саңлағы болатын. ҚазГУ-дың журфагында үшінші курсында сырттай оқып жүргендіктен мені корректордың көмекшісі ретінде қызметке қабылдады. Сол тұста корректор болып Мәрзия Сұртайқызы қызмет етті. Ол кісі әріп, тыныс белгі қателерін тексерген кезде ұқыптылығымен, сауаттылығымен көзге түсті. Бір ерекшелігі, ол бір ғана еңбек кітапшасына ие болып, корректорлықтан құрметті зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін табан тіреп үлгілі еңбек етті. Жақында ғана батыр ана Мәрзия Сұртайқызының өмірден озғандығы әріптестерінің де көңілін құлазытты.

Өткенге ой жүгіртсем, менен бір жылдай бұрын әріптесім Петр Норкин редакцияға фототілші болып қабылданыпты. Оның да өзіндік тағылымы бар. Жарты ғасырдай уақыт бір мекемеде бір қызметті атқарған қайсар да қажырлы қызметкерлер аса көп емес. Солардың бірі әрі бірегейі Петр Палладьевич екендігін атап айтқым келеді. Ол ұзақ жылдардағы журналистік жемісті еңбегі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі»,  «Шу ауданының Құрметті азаматы» атақтарына ие болғандығы мәртебелі мамандығына адалдығының жарқын көрінісі деп білемін.

Арада екі жыл өткеннен кейін төл газетіміздің редакторлығына Құдабаев Рахметілдә Өксікбайұлы тағайындалды. Бұл кісі де облыстық «Еңбек туы» газетінде бірнеше жыл табанды қызмет атқарып, іс-тәжірибесі толысқан тұлға болып көрінді. Жаңа басшының талабы да, сұранысы да ортамызға жаңаша леп әкелді. Ол кездері газет аптасына үш рет сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері жарық көретін. Әсіресе, сейсенбі күнгі газетті шығару оңайға түсе бермейтін. Қандай ауыртпалық болса да газет редакциясының шығармашылық тобы үлкен-кіші демей,             бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен еңбек ете білді. Сол кездерде Мейірхан Жанпейісов, Өмірзақ Балмұханбетов, Сергей Калашников, Сергей Рахманов, Бердібек Атаев, Умэльс Шоқалақов, Дихан Әбдиев, Қуантай Байжолов, Жақан Қожағұлов, Тұрсынбай Нұрғалиев, Еңлік Бұралқиева, Қойсын Байжұманова, Алтынкүл Баетова және тағы басқалары редакцияда қызмет етті.

Рахметілдә Өксікбайұлы 14 жыл бойы редакторлық қызметті атқарып, газет беделін көтеруге, оның таралымын көбейтуге зор ықпал жасады. Бұған бір мысал, жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың бас кезінде газет таралымы 12 мың данадан асты. Атап айтар жай, төл газетімізде сын мақалалар көбейіп, әдеби беттер тұрақты беріліп тұрды. Бұл жергілікті әдебиетсүйер қауымның талант көздерін ашуға, рухын асқақтатуға ұйытқы болды десек, асыра айтқандық емес.

Сондай-ақ, аудандық газеттер аралығында өзара социалистік жарыс ұйымдастырылғандықтан біздің газетіміз жыл сайын облыс бойынша бірінші, екінші дәрежелі дипломмен марапатталып тұрды. Соның нәтижесінде редакторымыз Рахметілдә Құдабаев КСРО журналистер одағының кезекті құрылтай жиынына делегат болып қатысып, бұрынғы одақ бойынша биік мінберден аудандық газеттің атқарып жатқан қызметтері мен алда тұрған міндеттері жайлы тебірене сөз сөйлегендігі де әлі есімізде. Іс-тәжірибеміздің осылайша кеңге тарағандығы біздерді қанаттандыра түсті. Жарыс озаты болғандықтан 1976 жылы жаз айында алдымен Петр Норкинге, одан кейін маған Украинаның Ужгород қаласына туристік сапармен барып қайтуға тегін жолдама берілді. Біз қазіргі Төле биден ұшаққа отырып, Жамбыл қаласына жетіп Мәскеу арқылы діттеген жерімізге жеттік. Ужгород, Львов және тағы басқа қалаларды аралап, одақтың әр түкпірінен келген журналистермен жүздесіп, екі апта бойы көтеріңкі көңіл-күйде жүрдік. Бұрын-соңды көрмеген өлкенің таңғажайып тарихи ескерткіштерін тамашалап, мол мұра сақталған музейлерінде болдық. Бір жылдан кейін бұл аймаққа Сергей Рахманов әріптесіміз де барып қайтып, алған әсерлерін айтып тауыса алмады. Шығармашылық тобымыздың қол жеткізген табыстары мен жетістіктері болмаса біз сияқты қатардағы журналистер Украина мемлекетінің батыс бөлігіне барар ма еді, кім білсін?!

Ұлы Отан соғысының ардагері болған Сергей Калашников соғыс тақырыбымен, Шу қаласындағы теміржолшылардың тыныс-тіршілігі туралы қалам сермеуден тайған емес. Жақан Тайжанұлы Шу өңірінің тауы мен тасын да, көлі мен шөлін де жақсы білетіндіктен, оқырмандарға терең ой салатын мазмұнды мақалаларын бере білді. Келешегінен көп үміт күттірген Мұрат Сыздықов та бір жылдай еңбек етсе де өзінің тума талант екендігін көпшілікке таныта білді. Әріптесім Кифаят Әскерова жайлы да айрықша атап өткенді жөн көрдім. Бір күні рабкоптың бір басшысы маған телефон соғып: «Әскерованың мақаласын газетке жарияламай-ақ қойыңыз» деп уәж айтты. Мен ол кезде редактор болғандықтан: «Қандай мақаланы басатынымызды, баспайтынымызды өзіміз шешеміз, әлде сіз бұйрық бергіңіз келе ме?» деп қарсы үн қаттым. Әлгі адам: «Мен сізге ескерттім, бұл мәселе аудан басшысына дейін жетеді» деп қарсылығын қатайтты. Арада сүт пісірімдей уақыт өткеннен кейін аупарткомның сол кездегі бірінші хатшысы кабинетіне шақыртты. Алдына бардым. Ол газет жағдайын шамалап сұраған болып, Әскерованың жазған материалы жарық көрмейтінін ескертті. Басшыға Әскерованың мақаласы біздің газетке басыла қоймаса да облыстық немесе республикалық орыс тілді газеттердің біріне шығатындығын түсіндірдім. Мұндай жауапты күтпеген болуы керек, аудан басшысы рабкоптың басшысына телефон соғып: «Сен журналистерді тыңдайтын бол, менің рұқсатымсыз  оларға ескерту жасағаныңды бұдан былай естімейін» деп ойын қадап айтты. Бұдан кейін К.Әскерованың  талапшыл, турашыл сын мақалалары талай басшыға сабақ болды.

Қаламы қарымды журналист Ләззат Тастанова да сын саласында бой көрсетті. Оның жазған басқа тақырыптағы мақалалары да оқырмандарға ой салды. Ал, Тампылбай Молдағұлов ақындығымен, сезімталдығымен селт еткізер өлеңдерін үзбей жариялап, кейінгі жас өркеннің өлең өлкесіне талаптануына, құлаш сермеуіне ықпал етті. Айта берсек, біздің шығармашылық ұжымда сегіз қырлы, бір сырлы рухани жаңартушылардың тобы жасақталған десек артық айтқандық емес.

Газет шығару жұмысында баспахана қызметшілерінің айтарлықтай шешуші рөл атқаратыны баршаға аян. Ол кезде редакция бір бөлек, аудандық баспахана бір бөлек мекемелер болып халыққа қызмет көрсетті. Тілге тиек етіп отырған жетпісінші жылдардан бері аудандық баспаханаға Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Алексеевич Бугаев, Асылбек Айнақұлов, Әлкен Әбенов, Лавринтий Анатольевич Кан, Дихан Абдиевтар басшылық жасады. Сондай-ақ, баспахана линотипистері Светлана Жигина, Әлия Сейтқожаева, Шолпан Жүнісова, газет беттеушілер Күлдана Сәмбетбаева, Ажар Испаева, Алтынбала Нашарбекова, Әлия Кейкиева, баспагерлер Әсия Исатаева, Гүлсанат Қожағұлова, Әсел Өскентаева, Тұрлыхан Шаймерденов және тағы басқалары өз істерінің нағыз шеберлері екендігін таныта білді. Айрықша айтар жай, Светлана Жигина өндіріс озаты болуымен бірге аудандық партия комитеті бюросының мүшесі және аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Бұл ретте баспахана ісінің хас шебері Алла Турдиева туралы да тебіренбей айта алмайсың. Осында әріп теруші болып қызмет істей жүріп тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Мәскеу қаласына бір айлық курсқа жіберіліп, алдағы уақытта өндіріске енгізілгелі тұрған компьютерді пайдалану тәсілдерін үйреніп қайтқан. Ол ұжым сенімін ақтай білді.

Еліміз егемендік алғаннан кейін аудандық редакция мен аудандық баспахана біріктіріліп «Шу аудандық баспасы» мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды. Ал қазіргі уақытта бұл ұжым «Шу аудандық баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып аталады. Әр жылдарда бұрынғы мекеменің, кәсіпорынның және қазіргі серіктестіктердің бухгалтерлері болып Ақлима Адаева, Зәмзахан Қосымбетова, Гүлдана Әділбаева, Рахима Қисықова,  Гүлнар Дүйсебаева қызмет етті.

Газет тарихы халық тағдырымен үндесіп жатқан рухани мол мұрамыз. Бұл ретте аудан оқырмандары үшін ауданның төл газеті тонның ішкі бауындай жақындық сезімін туғызса керек. Әрине, басқа газеттерді де тұрақты оқи отырып төл газетімізге көбірек жазылсақ, оны көбірек оқысақ ұтарымыз да көп болар еді. Осы мақсатта Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржан Қадырбеков басқарып отырған қазіргі  «Шу аудандық баспасы» ЖШС-нің көпұлтты ұжымы оқырмандар сенімінен шыға білуге аянбай күш-жігер жұмсап келе жатқандығын көріп отырмыз. Бәлкім содан болар, аудан журналистері мен полиграфистері тәуелсіз мемлекетімізде төтенше жағдай жарияланса да, карантин мәселесі ұзарса да өз жұмыстарынан бір күн қалып қойған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы саясатын басшылыққа ала отырып, оны жүзеге асыру жолында іс-тәжірибелері мен кәсіби шеберліктерін шыңдай түсуде.

Ауданның құрылғанына 90 жыл толуымен орайлас келген төл газетіміздің 85 жылдығымен әріптестерімді құттықтай отырып толағай табыстар тілеймін!

Ахметжан ҚосаХов,

ардагер-журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.