A place where you need to follow for what happening in world cup

Денсаулық саласында кезек күттірмейтін мәселе көп

323

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңестің күн тәртібіне ауылдық амбулаториялар мен ауруханалардың жай-күйі және қазіргі заманғы компьютерлік томографиямен, рентген аппараттарымен жабдықтау барысы шығарылды. Сондай-ақ, басқосуда «Балалар үшін қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым» акциясының қорытындысы және балалар үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.

Жиында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова баяндама жасап, соңғы 3 жылда жергілікті бюджет есебінен 9,1 млрд теңгеге материалдық техникалық базаны нығайтуға медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдарды алынғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 91,96%-ны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,7%-ға өскенін атап өтті.

Жасыратыны жоқ, өңірдегі медицина саласында құрал-жабдықтардан өзге де мәселелер жетерлік. Мәселен, соңғы 3 жылда облысқа «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында 65 маман келген болса, оның 30-ы қазірдің өзінде өзге жұмыстарын басқа өңірлерге ауыстырған.

Сонымен қатар осыдан 6 жыл бұрын перинаталдық орталықтар ауруханалармен біріккен болатын. Бүгінгі күні бұл реформа өз тиімсіздігін дәлелдеп, өңірдегі перинаталдық орталықтар ауруханалардан қайта бөлініп жатыр екен. Мұндағы басты себеп, ана өлімін азайтып, қызмет сапасын көтеру екен.

Бұдан өзге, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм Сарысу, Талас аудандарындағы ауруханалар мен емханалар бірде-бір МРТ, КТ аппараттарымен қамтамасыз етілмеген. Аппараттары бар жерлердің өзінде, ол аппаратта жұмыс істей алатын медициналық мамандар жоқтың қасы. Білікті дәрігерлер мен мен кіші медициналық персоналдар тапшы. Айта кетерлігі, бұл бағытта басқарма қаржы көздерін қарастырып жатыр екен.

Ашығын айту керек, қазіргі таңда аймақта Жедел-жәрдем қызметіне тұрғындардың шағымы көп. Сондықтан тиісті басқарма жедел-жәрдем қызметін қайта жаңғыртып, жұмыс істеу бағытын өзгертпек. Яғни, бүгінге дейін орталықтандырылған жүйе өзгеріп, жергілікті мекемелер арқылы жұмыс жасамақ.

Тілге тиек ете кетерлік жайт, Қарасу алқабында денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен салынған «Денсаулық» саябағының бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Айналдырға екі жылдың ішінде онда орналасқан барлық жабдықтардың тоз-тозы шығып, кейбіреуі қолды болған.

«Арай» алқабындағы Шота Руставели көшесі 55 үйден бастап, көше соңына дейінгі қаз-қатар орналасқан бірде-бір люк жабылмаған. Сондай-ақ, Мыңбұлақ, Самал, Қарасу мөлтек аудандарының көшелері, Қолбасшы Қойгелды 188 көшелерінің септиктері люксіз, қоршаусыз ашық жатыр. Бұл өз кезегінде балалар мен ересектер өмірі үшін үлкен қауіп туғызып тұр.

Дегенмен жиынға келген Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев бұл мәселелер бойынша мардымды жауап бере алмады.

Кеңесте көтерілген мәселелер партия назарына алынып, алдағы уақыта тиісті мекемелерге ұсыныстар берілетін болады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.