A place where you need to follow for what happening in world cup

Боралдайда болып, ахуалымен танысты

175

Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы өкімімен бекітілген аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс алгоритмі аясында аудан әкімі Нарбай Ергебеков Боралдай ауылдық округіне жұмыс сапарымен шығып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Аудан басшысы алдымен облыстық мәндегі «Бауыржан Момышұлы-Қызтоған» автомобиль жолының 34 шақырымында терең сайда орналасқан көпірдің жағдайымен танысты. Көпірдің құрылыс жұмыстарына 2019-2020 жылға облыс бюджетінен 6,6 млн. теңге бөлініп, оны «Жол де люкс» ЖШС атқаруда. Жергілікті мердігердің көпірді жөндеуге кеш кіріскені туралы кезінде газет бетінде жарияланған-ды.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы көпірде жүргізілген құрылыс жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді. Серіктестік бүгінгі таңда сайдың табанын бойлай топырағын аршып, шытынаған сегіз темірбетон плитаны жаңасымен айырбастап, орнын топырақпен қайта үйіп, жолдағы көлік қатынасын қалпына келтірген. Алдағы уақытта жол төсемін нығыздау, көпірдің қос қапталын бекіту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Нарбай Әбілқасымұлы салалық орынбасарына және тиісті бөлімге құрылыс жұмыстарының қатаң түрде жоспарға сай және сапалы жүргізілуін қадағалауды қатаң тапсырды.
Нарбай Әбілқасымұлы округ орталығы – Көлтоған ауылына кіреберісте орналасқан бұрынғы жол пайдалану бөлімшесінің ғимаратына тоқтады. Екі бокстан, екі бөлмелі тұрғын үйден құралған мекеменің ғимараты жекеменшікке өтіп кеткен. Аудан басшысы мұнда объектіні қарап шығып, оны мемлекет меншігіне қайта сатып алу, жолды қыс мезгілінде күтіп-баптайтын техникаларды қою, жылыту пункті етіп қайта жабдықтау мәселелерін пысықтады.
Тағы бір оралымды ұсыныс – жолдарды қыс мезгілінде күтіп-баптайтын, қардан аршитын техникаларды ауыл іргесінде орын тепкен № 2 «Көлтоған» өрт сөндіру бекетінің жанына жайластыру. Бұл ұсыныстың ұтымдылығы, мұнда шұғыл байланыс құралдары да бар. Осы мақсатпен аудан басшысы аталған өрт сөндіру бекетіне аялдап, оның төңірегіндегі жердің жайымен, инфрақұрылым жағдайымен жете танысты. Өрт сөндіру бекетіндегі істің жайын да көзбен көріп, жеке құрамның саптық және техникалық даярлығын, шұғыл байланыс құралдарының жұмысын тексерді.
Аудан әкімі әрі қарай облыстық мәндегі «Бауыржан Момышұлы-Қызтоған» автомобиль жолының 40 шақырымында Боралдай өзенінің үстіне салынған көпірге тоқтап, оның жағдайына қанықты. Көптен бері жөндеу көрмеген көпірдің арғы-бергі басындағы іргетасының табанындағы нығыздағыш қиыршықтастар көшіп, төмен түскен. Соның салдарынан арғы басындағы тіреулер мен бетон конструкциялар жалаңаштанған, ылғал мен сыздан тіреулер мүжіліп, бетон конструкциялары шытынай бастаған. Көпірдің жолмен жалғасқан кей тұстары ойылған. Сонымен бірге, сәл әріректегі жолдың сол жақ жиегінің сайға құламасы жауын-шашыннан шайылып кеткен. Алда-жалда қатты жылдамдықпен келген көліктің сайға құлап кету қаупі бар. Осы және басқа да олқылықтарды қаперге алған аудан басшысы орынбасары Асхат Жабағыға тез арада тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Рысбек батыр ауылындағы «Үрзада апа» мешіті тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауданда ашылған санаулы мешіттердің бірі болып есептеледі. Алайда, 20 жылға жуық қызмет еткен ғибадат үйінің құжаттары дер кезінде рәсімделмеуінен және діни жоралғыларды білетін білікті дін қызметкерінің болмауынан бірнеше жылдан бері жабылған. Мешіт ауласына жиылған жамағат осы жағдайдың қабырғаға қатты батып отырғанын айтып, аудан басшыларынан осы іске қолдау көрсетуін сұранды. Мешіттің ішіне кіріп, оның жағдайымен танысқан Нарбай Әбілқасымұлы ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаевқа мешітті тіркеу ісін жеделдетіп, көпшілік қалап отырған жергілікті тұрғын Кенже Мешеловтың дін сауатын жетілдіріп, мешітке имамдыққа тағайындауды ұсынды.
Ауылдағы медициналық пункт 2012 жылы салынып, пайдалануға берілген, өткен жылы ағымдағы жөндеуден өткізілген. Бес келушіге шақталған денсаулық мекемесінің жұмысымен таныстырған медпункт меңгерушісі Нұрсұлу Исаева аудан әкіміне мекемеде ауыз су мәселесінің шешілмей тұрғанын жеткізді. Су тарту мұнарасына қондырылған электрлі сорғының істен шыққанына көп уақыт болған. Сонымен бірге электр желісінің қысқа тұйықталуы салдарынан мекеме үш күннен бері электр жарығынсыз отыр. Ғимараттан шығып, төңірегін қараған аудан басшысы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебековке мәселені жедел шешуді тапсырды.
Нарбай Әбілқасымұлы ауылдағы №20 Жамбыл атындағы орта мектепте де болып, білім ордасының жағдайымен танысты. Мектеп директоры Индира Қазақбаева мектептің жобалық қуатына толық сәйкес келетінін, бес жыл бұрын ағымды жөндеуден өткізілгенін, бүгінде мектептің спортзалына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу қажет болып отырғанын жеткізді. Ауылдағы жалғыз спорт ошағының рөлін атқарып отырған спортзалдың еденінің шіріген тақтайлары айырбасталған. Еденнің астыңғы тіреулерінің отыруы мен шіруі салдарынан әр тұстан ойнап тұр, сондықтан оны толығымен айырбастау қажет. Сондай-ақ мектепке қосымша акт залы мен шеберхана да қажет.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков мектеп ауласында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға ауылдың қысқы тыныс-тіршілігі, шаруалардың алдағы көктемгі дала жұмыстарына дайындығы сынды өзекті мәселелер арқау болды. Жарас Әлішеров мектептегі бірқатар мәселелерді қозғаса, Мыңбай Тәжібаев ауылға ауыз су құбырын жүргізу, көше жолын жөндеу, жарықтандыру мәселелерін көтерді. Мыңбай Тәжібаев ауылда егістік жерлерді таптау мәселесінің шешімін таппай тұрғанын ашына айта келе, осы ретте ауылдық округ әкімі Ғани Қуанышев пен учаскелік полиция инспекторының жұмысына сын айтты.

Абылайхан СӘРСЕН

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.