A place where you need to follow for what happening in world cup

Алғыс айту – отбасы тұрақтылығының кепілі

788

Жуалы ауданы №1 мектеп-гимназияда аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Алғыс айту – отбасы тұрақтылығының кепілі» атты семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жастар қатысты.
Шараны ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арынова жүргізді.
-Қазақстанда Алғыс айту күні – татулық пен келісім саясатының символы.
Алғыс айту күні – айшықты мереке. Бұл күн барша қазақстандықтардың бір-біріне және қазақтарға алғысы мен құрметінің, татулығы мен достығының жарқын мерекесі.
«Қазақта «Отан – отбасынан» басталады» деген дана сөз бар. Шынында да әр азамат үшін Отан деген ұғымынан кейін отбасы тұрады.
Алғыс айту – отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық, достық қарым-қатынастың, үлкенді сыйлаудың, сыпайылықтың кепілі болары сөзсіз,- дей келіп қатысушылардың назарына Алғыс айту күніне арналған бейнероликті ұсынды. Бейнероликтегі кейіпкер сөзін «Ал, Сіздер кімге алғыс айтар едіңіздер?» деген сауалмен аяқтады. Айсұлу Арынова қатысушылармен челленджді жалғастырды.
Б.Момышұлы ауылдық аналар алқасының төрайымы Жаңаш Серғазина ең бірінші Аллаға шүкіршілік етіп, өмірге әкелген ата-анасына, бірге туған бауырларына, ағайын-туыстарына, ұстаздарына, балаларына, әріптестеріне алғысын білдірсе, «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова халықты бауырмалдыққа, татулыққа үндейтін Алғыс айту күнінің мәні, маңызы тереңде жатқанын айта келіп, тәуелсіздік алған елімізді талай қиындықтан алып шығып, бүгінгідей дамыған мемлекетке айналдырғаны үшін және халықты ауызбіршілікке, тұрақтылыққа үндеген сара саясаты үшін Елбасына алғысын жеткізді.
Ал, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Эсмира Мамедова бала кезден әкесінің балаларының құлағына қазақ халқына деген ықыласы мен алғысын тебірене жеткізіп, өзінің Қазақстанды туған Отаным деп есептеп, Отанымыздың гүлденуі үшін аянбай еңбек етіп жүргенін және жүректен шыққан жылы лебізін жеткізді.
Жаңаш Серғазина Эсмира Гашангқызына ешкімді бөліп-жармай ұзақ жыл перзентханада қаншама сәбидің дүниеге аман-есен келуіне себепші болып, тер төгіп адал еңбек еткені үшін аналардың атынан алғысын білдірді.
Он төрт баланың анасы, Батыр ана Ранай Әйімбетова өзінің ұрпақтарымен Қарақалпақстаннан атажұртқа келуіне жағдай жасаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын жеткізді.
-Менің көшемде әзірбайжан, орыс ұлтының өкілдерімен көршіміз. Бірақ ешқашан бөлінген емеспіз. Әрдайым барымызды бөлісіп, тату-тәтті тұрып келеміз. Халқымыздың ауызбіршілігі мықты болсын. Бірлігіміз болмаса, тірлігімізде береке болмайды,- деді Батыр ана.
Жастардың атынан Жастар ресурстық орталығының маманы Судаба Металимова мен «Аяла» қайырымдылық жобасының жетекшісі, «Millеnnium» оқыту орталығының директоры Альфия Мейрамбай сөйлеп, ақ жаулықты аналарымызға, асқар таудай әкелерімізге, жастарды қолдап, бар жағдайды жасап отырған Үкіметке, Елбасына, Президентімізге, қоғам белсенділеріне алғыстарын жеткізді. Күлбақыт Айтқұлова Алғыс айту күніне орай «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен шарадан алған әсерімен бөлісіп, үнемі бір-бірімізге алғыс айтып, қайырымдылық жасап жүруге шақырды. Сонымен бірге «Аяла» қайырымдылық жобасының жетекшісі, «Millеnnium» оқыту орталығының директоры Альфия Югданқызына жақында өткен қайырымдылық шарада көмекке мұқтаж жанға көрсеткен қайырымдылығы үшін алғысын білдірді.
«Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығы» қоғамдық қорының президенті Зейнеп Әбдімәжитқызы тақырыпқа сай тренинг өткізді. Психолог көптеген өз-өзімізді тануға арналған қажетті мағлұматтар берді.
Семинар-тренинг соңынан Айсұлу Арынова ауданның қоғамдық өміріне араласып жүрген және семинар-тренингке белсенді қатысқан жандарға, атап айтқанда Күлбақыт Айтқұловаға, Эсмира Мамедоваға, Судаба Металимоваға, Зейнеп Дәуреноваға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Алғысхаттарын тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.