A place where you need to follow for what happening in world cup

Бір баланы мектепке дайындау – 83 865 теңге

3 236

Үш аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Жергілікті базарлар мен сауда орталықтарында оқушылардың мектеп фор­масы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарға сұраныс артты. Сұра­ныстың артуына байланысты бағаның да шарықтайтыны айтпаса да түсінікті. turkystan.kz

Қазақстан ТМД елдері ішінде киім-ке­шек бағасының қымбаттығы жағынан Ресейден кейін екінші орында. Биыл елімізде киім-кешек пен аяқкиім ба­ғасы 10 пайызға өскен. Тек маусым айын­да сауда сөрелеріндегі аяқ киім мен киім бағасы 1,4 пайызға қымбаттаған. Осы бір айдың ішінде аталған тауар­лар­дың бағасы Солтүстік Қазақстан, Маң­ғыстау және Қызылорда облыс­тарын­да ерекше өскен.
Қымбатшылық науқаны балаларға ар­налған киім-кешек пен аяқ­киім­ге де жет­кен. Сыртқы киім бағасы бір ай­да 1,1 пайыз­ға, аяқкиім бағасы бір айда 1,9 пайыз­ға, бір жылда 14,7 пайызға кө­теріл­ген.
Нақтырақ айтатын болсақ, соңғы бір жылда футболка (12,8 пайыз), пи­­жа­ма (11,9 пайыз), шұлықтар мен голь­фи­лер (10,9 пайыз), мектеп жасындағы ба­лаларға ар­налған маусымдық күр­те­шелер (10,5 пайыз), қысқы комбинезондар (10,3 пайыз) ба­ғасы қымбаттаған. Бұдан бөлек, мектеп жа­сындағы балаларға арналған қысқы күр­те­шелер (9,7 пайыз), джин­сы (9,3 пайыз), шал­бар (9,1 пайыз), кол­готки (8,6 пайыз), ұл ба­ла­ларға арнал­ған жейделер (8,5 пайыз), спорттық кос­тюмдер (7,9 пайыз) бағасы да кө­теріл-
ген. Балалар аяқкиімінің бағасы да қым­баттаған. Балалардың қысқы етігі мен бә­теңке (15,9 пайыз), кроссовкалар (15 пайыз), жазғы сандалийлер мен туфли (13,4 пайыз), балалар маусымдық аяқкиімі мен қыс­қы аяқкиім (13 пайыз), қыздарға арнал­ған туфли (9,7 пайыз) бағалары өскен. Сон­дық­тан биыл ата-аналарға балаларын мек­теп­ке дайындау жылдағыдан қымбатқа түс­пек. Оның тағы бір себебі бар. Кеңсе тауар­лары бағасы 9,9 пайызға қымбаттаған.
«AMANAT» партиясы жанындағы Қоғам­дық саясат Институты шілде айында оқушы­ға ең қажетті деген құрал-жабдықтар мен киім-кешектің бағасын есептеп шығарды. Зерт­теуге ABDI, Glasman дүкендерінің он­лайн және бөлшек саудадағы киімдері мен оқу құралдарының бағасы алынған. Соны­мен, бір баланы мектепке дайындауға қанша теңге керек?
Институт оқушыға ең қажетті кеңсе тауарларының бағасы 13 885 теңге бо­латынын есептеген. Бұл бағаға баланың оқуына қажет 22 зат кірген, оның ішіндегі ең қымбаты – рюкзак (6 800 теңгеден бас­талады), ал ең арзаны – қарындаш пен ұш­та­ғыш (50 теңгеден басталады).
Ал мектеп формасы мен спорттық кос­тюм орташа есеппен 69 980 теңге тұрады. Қыз­­­дардың киімі сәл қымбаттау – 71 980 тең­ге. Нәтижесінде, бір мектеп оқушысын мек­тепке дайындауға 83 865 теңге керек.
Еліміз бойынша төрт және одан да көп­балалы 487,6 мыңға жуық отбасы бар екен. Ал көпбалалы отбасындағы әр ба­ла­ға берілетін жәрдемақы мөлшері 12 252 тең­­ге ғана. Бұл ақша бір баланың ең қажетті де­ген кеңсе құралдарын алуға ғана жетеді. Ал алда әлі күз, қыс, көктем айлары бар. Күз­дік, қыстық күрте, баскиім, қыстық аяқкиімге кететін шығын бұдан бөлек.
Мектепке қажетті тауарлардың баға­сы тамыз айының соңына дейін қым­баттамайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан балаға қажетті заттарды ер­те­рек сатып алу керек немесе оқу жылы бас­талар алдындағы жеңілдіктер мен жап­пай сатылымдарды күту керек дейді ма­ман­дар.
Осы орайда біз де оқушылардың мек­тепке қажетті заттарына зерттеу жүр­гізіп көрген едік. Мәселен, бірінші сыныпқа баратын баланың рюкзагы 7 000-10 000 теңге шамасында. Бұл жерде сөмкенің бағасы да оның үлкендігі, әдемілігіне қарай өсіп отыратынын ескеру керек. Ал кеңсе тауарларының бағасы әртүрлі. Оқушының күнделігі 230 теңгеден басталып, 3 500 тең­геге дейін жетеді. Оған ұсақ-түйек қалам­сап, қарандаш, ұштағыш, сызғыш, өшіргіш сынды заттарды қосыңыз. Ал дәптерлер 50 теңгеден басталады. Жазуға арналған қалың дәптер құны 300 теңгеден басталып, 10 мыңға дейін жетеді.
Мектеп формасына келетін болсақ, ұл баланың жейдесі 5 000 теңге. Шал­бар 8 000, пиджак 9 000, кеудеше 8 000 мың­нан басталады. Ал шалбар-пиджак-кеу­деше жиынтығын 20 мың теңгеге сатып алу­ға болады. Қыздардың киімі де шамамен осын­дай бағада сатылып жатыр.
Оқушыларды мектепке дайындау дегенде жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы еске түседі. Іс-шара биыл да жалғасын тауып отыр. Аталған нау­қан­ға кез келген адам қатыса алады. Қаты­сушы­лар мұқтаж отбасылар мен балаларға қол­дау көрсете алады немесе керісінше кө­мек сұрай алады.
Одан бөлек, осы аптада 400 мыңнан ас­там баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді де­ген жағымды жаңалық тарады. Оқу-ағарту ми­нистрлігі Балалардың құқықтарын қорғау ко­митеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев:
– Бұған дейін арнайы санаттағы бала­лар­ды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нор­маға министрлік ұсынысы бойынша өз­герістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек
37 389 теңге болады. Сондай-ақ жергілікті ат­қару­шы органдардың ұсынысымен көмек көр­сету тетігіне өзгерістер енгізілді. Ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдіктер са­тып алатын. Сондықтан да тауардың көле­м­іне, сапасына байланысты мәселелер туын­дайтын, – деді.
Министрлік өкілінің мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек ала­тын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күн­кө­ріс деңгейінен төмен отбасылардың бала­лары­на материалдық көмек көрсетіледі. Не­гіз­гі қолдау шараларын әкімдіктер жүзеге асы­ратындықтан, биыл олар қаржылай кө­мек алатын барлық балаға 37 389 теңге кө­ле­мінде қаражат бөледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетімдер үйінің тәр­бие­ленушілері мен ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балалар және төтенше жағ­дай­ға тап болған оқушыларға да материал­дық көмек көрсетілетінін жеткізді.

Құралай БОРАШҚЫЗЫ,
«Гаухар» тігін фабрикасы директорының орынбасары:

Кредитке киім алып жатыр

– Биыл азық-түлікпен қатар киім-кешек бағасы да өсті. Өйт­кені нарықта матаның бағасы қымбаттады. Қазақстан ма­та­ны шетелден алдыртады, ал импортқа тәуелді болу, доллар бағасына тікелей байланысты. Біздің тігін фабрикасы мектеп формасының матасын шетелден тоқытып аламыз. Былтыр мектеп формасының бағасы биылғыдан 20 пайызға арзан болған. Ал биыл қыз балаға ар­налған пиджак, белдемше, кеудешеден тұратын мектеп фор­ма­сының бағасы 15 мың болса, ұл балаға арналған пиджак, шал­бар, кеудешеден тұратын форма – 18 мың теңге.
Биыл мектеп формасының бағасы қымбаттап, ата-аналардың қалтасына ауыр тиіп отыр. Ата-аналар тығырықтан шығудың жолын іздеп, kaspi red, бөліп төлеу қызметтеріне жүгініп отыр. Оларда басқа амал жоқ, өйткені баласын оқу жылына дайындап, қатарынан қал­дырмау керек.
Біздің тігін фабрикасы карантин кезінде екі жыл қатарынан Ресейден тапсырыс алды.
Биыл шетелден тапсырыс алмай, тек отандық нарыққа үлес қосып отырмыз. Бізге тапсырыс болса, 18-20 мың дана мектеп формасын дайындай аламыз. Тіпті одан да көп дайындауға мүмкіндігіміз бар. Мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек, қаржылай қолдау жоқ. Өзіміз тіккен киімді нарыққа өзіміз шығарамыз. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов биылғы оқу жылынан бастап енгізілетін жаңа талаптар бойынша, әр өңір (облыс не рес­публикалық маңызы бар қала) өз мектептеріне ортақ мектеп формасын таңдайды деді. Айта­лық, Қазақстанда 20 өңір болса, сәйкесінше енді мектеп формасы түрлерінің саны 20-дан аспайтын болады. Осыған орай, бізге де әртүрлі тапсырыстар түсіп жатыр. Мысалы, кей мектептер мектеп формасын өз логотиптерімен тіктіргісі келеді, ал кейбірі қыздардың белдемшесінің етегін ұзындау қылады. Яғни, тапсырыс берушінің талаптары әртүрлі.
Соңғы жылдары отандық жеңіл өнеркәсіпке көңіл бөліне бастады. Бұрын Қырғызстан, Өз­бекстаннан келген мектеп формалары нарықты жаулап алған болатын. Қазір отандық өнім­дер көбейген. Осы орайда бір айта кетерлігі, аз қамтылған отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға берілетін көмектің бір жүйеге келтірілмеді. Әлеуметтік осал санаттағы бала­ларға көмек көрсету барысында біршама олқылықтар орын алды. Кейбір басшылар мұқтаж жан­дарға өлшемі үлкен немесе кіші, одан қалса сапасы өте нашар киім-кешек сатып алған фактілер кездесті. Осыған орай министр әлеуметтік осал топтарға мектеп формасын емес, ақша беруді ұсынды. Алайда ата-аналардың кейбірі бөлінген қаражатты басқа қажет­тіліктерге жұмсауы мүмкін екенін де ескерген жөн. Аз қамтылған отбасына арналған тен­дерге біз де қатыстық, байқағанымыз мектеп формаларының сапасы шынында да әр­түрлі. Сондықтан осыны бір жүйеге келтіріп, мемлекеттік сатып алу жұмысын сапалы өнім шығаратын тігін фабрикаларына тапсырса дейміз.

Мира ЖИЕНАЛИНА,
көпбалалы ана:

8 балам мектепке дайын емес

– Мен Ақтөбе қаласында тұрамын. Өзім көпбалалы анамын. Биыл 8 балам мектепке барады. Үлкені – 11 сынып, одан кейін 10, 9, 8, 5, 3, екеуі 2-сыныпқа барады. Ай сайын балаларыма мемлекеттен 101 мың теңге, «Алтын алқа» иегері ретінде 20 мың теңге аламын. Өзіміз 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз, айына 10 мың теңгені коммуналдық төлемдерге жұмсаймыз. Ай сайын төлейтін 67 мың теңге несием бар. Азық-түлікті дүкеннен қарызға деп жаздыртып аламыз. Ол кейде 50-60 мыңға жетеді. Өйткені азық-түлік бағасы өте қымбат. Мысалы, 5 литр сұйық май 6 мың теңге, картоптың келісі 250 теңге, макарон өнімдері де күн санап қымбаттап жатыр. Ет алғымыз-ақ келеді, бірақ оны қалта көтермейді, арасында тауық етін жейміз. Күйеуім таксист. Оның күндіз-түні жүріп тапқан ақшасы күнделікті жолға, тамаққа, машинаның жанармайы мен бұзылған жерін жөндеуге кетеді.
Қыркүйек айы жақындаған сайын базардағы бағаны көріп көңіліміз түсіп отыр. Балаларыма әлі мектеп формасын, оқуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған жоқпын. Базарда арзан кроссовки 5 мыңнан басталады. Жақсыларын 10 мыңға сатып алуға болады. Жаппай сатылымда тұрған ең арзан деген туфлидің өзі 5 500 теңге. Ал 12 беттік дәптер 40-50 теңге, 24 беттік дәптер 100-130 теңге, 96 беттік дәптер – 350 теңге болыпты. Жоғары сыныптағы балаларыма қаншама қалың дәптер керек. Осылайша, үйдегі көңілді базардағы баға бұзып отырған жайымыз бар.
Ал мектептен әлі көмек болмады. Сегіз баламның екеуі осыдан бес жыл бұрын қамқоршылыққа алынған. Сондықтан болар, мектеп сегіз баламның екеуінің ғана құжатын қабылдады. Яғни, екі балама ғана көмек бермек. Себебі бұл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындарға ғана беріледі екен. Мен ондай көмек алмаймын, күйеуім де еш жерде ресми жұмыс істемейді. Алайда бұл көмекке де қуанып отырмын. Биыл бір балаға 37 мың теңгеден беріледі деп естідім. Екі балама алсам, сол ақшаға басқа балаларымды да аз-маз киіндірер едім ғой.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.