A place where you need to follow for what happening in world cup

Бауыржан Момышұлы –тіл жанашыры

501

Аты аңызға айналған  Халық қаһарманы Б.Момышұлының жазушы ретінде қалыптасуында ХХ ғ. айтулы оқиғасы Ұлы Отан соғысының (1941-1945 ж)орны ерекше.Баукең соғыста жүріп-ақ әдебиет майданына да қызу араласқанын байқауға болады.Әдебиетке о бастан жақын халықтың бай ауыз әдебиетімен әжесі Қызтумас арқылы танысса, әкесі Момыш арқылы Абай поэзиясымен жақындасады. «Әкем көңілді кезінде бізге Абай  жайлы айтушы еді: «Балаларым сонау «Жеті өзеннің»ар жағында , бізден алыс ауылда Тобықты руынан шыққан Абай деген кісі тұрады.Бүкіл елдің арын қорғаған ақылды азамат, оған қоса ақын.Оның өлеңін ел біткен жаттап, әнін бүкіл дала шырқайды екен»-дейтін.Сөйтсем ұлы Абайды өлді деуге қимайтын халқымыз өмір бойы өз орталарынан оған орын сайлап сөйлейді екен ғой».(1-165)Орыс тілін Абай Құнанбаев айтқандай, еліне қорған болу үшін, жақсы қасиеттерін ойда ұстау үшін меңгергенін ұғу қиын емес.Кеңес үкіметінің саясаты Одақ көлемінде мүмкіндік жасап, басқа қалаған тілдерді игеоуге жағдай болмағандығынакөзіміз енді жетті.Нәтижесінде жастарымыз салт-дәстүрден аулақтап, ана тілінен безінді.Осындай заман ағымын Б.Момышұлы сонау сұрапыл соғыс жылдары-ақ байқап, от пен оқтың ортасында жүрсе де, қолы қат еткенде ел басқарушы ағаларға өз ойын айтып хат жолдап отырған.

Б.Момышұлы үлесі тек әдебиетте көркем әдебиет туындыларын берумен шектелмеді, ол әркез халқымыздың тарихын, мәдени игі дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындарын, тілін естен шығармауды оны белгілі бір құжат ретінде қалдыру ниетінде болған.Оның ұлттық дәстүрдің озығын жаңғырту әдісін «Ұшқан ұя»повесі арқылы әкелгенін көреміз. «Ұшқан ұя» болашақ ұрпақ дамуына қажет өз ұлттық топырағыңнан ажырасаң, құнарсыз жердегі тырбиып өскен көктей боласың, ұлттық жан дүниең жұтаңдайды деген идеяны көтеріп тұр.Түпкі негізіміз 1068-1070 жылдары жазып кеткен Жүсіп Баласағұнидың, одан бертін Абай, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек шығармаларының негізгі арқауы-әрбір адамның рухани анасы іспеттес ұлттық дәстүрлерден қол үзбеу.Б.Момышұлы майдан ішінде жүріп, ой тереңіне сүңгуі, жастар тәрбиесіне арнап еңбек әзірлегені, ұрыс оқиғаларын талдап қағаз бетіне түсіруі, ойларын хат түрінде білдіруі, мақал-мәтелдер шығарып, өлеңдер қиыстырууы айғақ болып шықты.Бұның нақты дәлелі-Б.Момышұлының 1943 жылғы 18-наурызда Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің Председателі Нұртас Оңдасыновқа жолдаған хаты.Бұл хатта 1942 жылдың февраль айында-ақ «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлар» деген жалпы тақырыпта жеке басынан өткен ауыртпалық пен қиыншылықтардың, басқаларға жүргізген бақылаулары мен жеке солдат пен жауынгер коллективтерінің ұрыс қимылдарының қорытындыларын жинақтап жазуға кіріскенін айтады.

«Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс.Тарихымызда даңқты қазақ жігіттері-Исатай, Махамбет, Амангелді және тағы басқалардың ерлік істері біздің қазіргі заманғы жігіттеріміздің дәстүріне айналуы керек-жастарымыздың оларды нашар білетіні қандай өкінішті десеңші.

1. Асық ойнау, жасырынбақ, жарыс-жасөспірімбойына ширақтылық, әуесқойлық, төзімділік, мергендік, табандылық және басқа жауынгерлік қасиеттерді, ұрыста солдатқа ауадай қажет әдістерді тәрбиелейді. «Әдіссіздік-әлсіздік», «Ептілік те -ерлік» екеніне тәжірибеден көзім жетті.

2. Сөз тапқанға қолқа жоқ».Бәдік те, той да, айтыс-шапшаң ойлау, өткір әжуә бәсекесі.Адамға алуан түрлі күтпеген қолайсыз жағдайлар дәл осы айтыста кездеседі.Айтыста, бәдікте, тойда бозбала, бойжеткендер суырыпсалма өлеңге, ауыз әдебиетіне, ән-күйге әуестенетін, ой-өрісін кеңейтетін.Өткір ой тастай білуге, ептілікке үйрететін…

3. Көкпар, бәйге, аударыспақ, сайыс- дәстүрлі ұлттық ойындар.Бұл ойындар өжеттікке, ептілікке, денені шынықтыра беруге баулиды, абырой, атақ үшін құрбандыққа дейін аянбайтын қасиеттерді сіңістіреді.Айтулы ойындардың маңыздылығында ешбір күмән жоқ.Қызыл Армия солдатына аса қажет жігіттің ең ардақты серілік қасиеттерін тәрбиелейді.

Адамды Ерлікке, Батырлыққа тәрбиелеу тек  әскери қабілеттерді дамыту негізінде жүзеге аспайтындығын, тәрбие әскерге алынғанға дейін жүргізілуә керек. «Қазақ халқы : «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер»-дейді.Егер бала жөргекте жатқан кезінен-ақ анасын тыңдамай, бес жасынан әкесімен тайталасып, тілін алмай, бұзақы болып өссе, онда өсе келе одан сөзсіз жаман адам, жаман солдат шығады.Балаға адамның, азаматтың бойындағы барлық жақсы асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет, сонда ғана одан жауынгер шықпақ»(3,35).

1944 жылы 19-қаңтарда Алматыда қазақ зиялылырының алдында «Соғыс психологиясы»ғылыми еңбегінен лекция оқығанда: «Әскери тәрбие проблемасы-бұл жөргекте жатқан кезден басталады…Ата-ана тәрбиесі-мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды.»-дейді.Адам бұл өмірден озғанша тәрбиеленумен болады.Оған тәрбие беретін өмірдің өзі. «…біздің халқымыз жауынгер халық болмаған деп айта аламыз ба?Жоқ, біз бұлай деп айта алмаймыз,өйткені өкінішке орай біздің жауынгерлік ержүректілік қасиеттерімізге соңғы уақыттарда өткен жаппай тас лақтыру, қаралауға жатсына, тосырқана бастаған сияқты….Мұның өзін республиканың ескі басшыларының тарапынан жасалған белгілі дәрежедегі зиянды іс деп санаймын.Игі дәстүрлерді архивтің сөрелеріне қататп қоюға бола ма екен?Бұл ұлттық масштабта, әлемдік масштабта да өте үлкен зиян келтіреді.Егер біздер қазақ халқының барлық жақсы дәстүрлерін керегі жоқ деп қудалайтын болсақ, ата-бабаларымыздың кім екенін білмейтін болсақ,мұның өзі пайда бере қояр ма екен:өткен тарихымызды барып тұрған хайуандықпен жермен жексен ете аяққа таптап….ұлттық одан әрі дамып жетілуіне зиянды нәрселермен айналысты»

«Майдандағы қазақ жауынгерлері өзінің туған тілінің, туған әдебиетінің төл музыкасының сарқылмас қазынасынан тіпті болмашы мардымсыз нәрсе болса да ала алмай отыруын мен қылмыс деп есептеймін» .Осы ойын Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдіхалықов жолдасқа жазған хатында да айтқан болатын.

«16.Сіздерге жүздеген мың жауынгерлерді (орысша түсінбейтін немесе нашар түсінетін – қазақтарды өз ана тілінде шығатын газет пен әдебиетсіз ескерусіз (мүлдем) қалдыруға кім право берді?»

Екінші рет Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің наихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдіхалықов жолдасқа «Таяқ еттен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табар, мал-иесінтабар», «Зекетсіздің малы –арам, тілсіздің дауы-арам» деген мақалдарды келтіріп, қазақ тілі таза түрінде, өткір, құлақ құрышыңды қандырып, жүрегіңе жетіп, ұғымға қонып бір-ақ ауыз сөзбен адамның аузын аштырмай қоятын тіл деп бағалаған.

«Тіл байлығы- ұлт қасиетінің салт-санасының белгісі»деген тұжырым жасаған.

Өз ана тілінің қадіріне жете алмаған рухани мәңгүрт топастар қазақ тілінің беделін түсірді деп, жан айқайын салды.Сондай-ақ тіл тазалығын сақтауды айта отырып, Ғ.Мүсіреповтің «Жеңілген есірапыл», «Тарту» жинақтарындағы дұрыс мағынада қолданылмаған сөздер мен сөз тіркестерін мысалға келтіреді. Мұнымен бірге С.Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» мен Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясын», академик Бәйішевтің тарих ғылымы хақындағы еңбектеріндегі және көркем әдеби шығармалардағы орысша сөздердің қазақша баламасы қарастырылмай, сол қалпында берілгеніне нақтылы мысал келтіріп сын айтқан.Тілді жоғалту халықтың мәдени мұрасын, тарихын, мемлекетін жоғалту деп тапқан. Ал сол кезең үшін бұндай өткір де, ащы шындықты айту-ерлік еді.Жазушы ана тілінде тілі шығып, қазақша сөйлейтін қазақ баласының таңсыққа айналып, ұлттық мектептердің күрт қысқаруын көрегендікпен болжаған.Сондықтан төмендегі іс-шараларды міндетті түрде орындау керек дегенді айтады:

1.Қазақстанда қазақ тілі-мемлекеттік тіл болуы керек;

2.Қазақыландыру алдымен қазақтан басталуы керек;

3.Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болсын;

4.Барлық қазақ қыздары мен ұлдары әкімшілік тарапынан қазақ мектептеріне көшірілсін;

5.Оқу құралдары шүршіттіктен тазартылып, қоқсық-құрымнан тазартылсын;

6.Тіл мәселесі аяқ асты болмасын;

7.Жөнсіз жүрген орыс тіліндегі сөздер жиналып, қазақ тіліндегі сөздер қайтарылсын;

8.Дальдің үлгісімен «Толковый словарь» шығарылсын;

9.Профессор Ушаковтың «Орфографическийсловарының»үлгісімен сөздердің дұрыс  жазылуына құрал жарық көрсін;

10.Қазақ тілі өсу, даму деңгейіне жеткізілсін

Өз сөзіне дәлел ретінде кейін немересі Ержанды қазақ мектебіне береді.

Тарихтан ана тілін жоғалтқан халықтардың бар екенін олардың құмға құйған судай жоғалып кеткендері қаншама деген сауал тастайды.Газет,журнал, радиохабарлардағы тіл шұбарлығына қатты назар аударады.Әсіресе,орысшадан қазақшаға аударуда жолма-жол аударудан кейінгі мән-мағынасынан айырылған тіліміздің сүреңсіз кейпін елестетеді.Аудандық орындар қазақ ауылдарына орыс тілінде қағаздар жазып жібере салуды әдетке айналдырғанын Баукең сол кезде-ақ айтса, оның арты неге апарып соққанын көріп отырмыз.1944 жылдан бері тіл саясаты түбінде дағдарысқа ұшырайтынын болжап кеткен сияқты.Тіл жөніндегі ұсыныстары оның өміршеңдігін қамтамасыз етері даусыз.Бүгінгі күні де бұл ғылыми ұсыныстар өз мәнін жойған жоқ.Кезінде бір орталықтан басқару аталған ұсыныстардың орындалуына мүмкіндік бермеді.Елімізде тіл бостандығы –ел бостандығымен қатар қатар келген заманда тілге жанашырлық танытатын – жергілікті ұлт өкілдері екенін ашып айтуымыз қажет.Сондықтан ана сүтімен дарыған ұлттығымызды танытатын тілімізді қадірлейік, ағайын!

Дулати университеті,

Филология және журналистика кафедрасының аға оқытушысы Түймебекова Әлия Әбзелбекқызы

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.