A place where you need to follow for what happening in world cup

Қазақ Қандай халық?

299

Орта Азияның шалқыған, кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы мекен еткен қазақ халқы жайлы не айтылмады? Қаншама пікір қалдырылды: қазақ жайлы түйгені мол, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларынан бастап, сонау Батыс елдерінің зиялы өкілдері ойымен бөлісті; құны өлшеуге келмейтін, тарихи құндылыққа айналған зерттеу жұмыстарын қалдырды. Олардың қазақ жеріне келуінің түп мақсаты: “Қазақ деген кім? Олар, өзге көшпелі тайпадан немен ерекшеленеді? Қазақ қандай халық?”, — деген, ойды толғандыратын, маза бермей келген сұрақтардың түбін қазбалап, ақиқатқа жетуді көздеді. Алайда, олардың ішінде бұл тапсырманы əділдіктен аулақ, тарихи шындыққа жанаспайтындай пікір қалдырып кеткендері де аз емес екендігін айтып өтпесек болмайды. Қалай дегеніменде, осы тақырып аясында оймен бөлісу кезегі маған келіп жеткеніне мен қуаныштымын, себебі қазақ халқының атына дақ қалдырған пікірлерді жоққа шығарғым келеді. Олай болса, осы күнге дейін қазақ халқы жайлы оқығаным мен тоқығанымды ортаға салып, төменгі бөлімдерде бөлісуді дұрыс деп санадым..

Күмəнсіз, “қазақ қандай халық?”, — деп, кез-келген адам баласынан сұрасақ, олар терең ойға батпай-ақ: көшпелі өмір салтын ұстанған мал баққан ел; жат адам, жақын адам деп бөлмей қонақжайлығын көрсете білетін жұрт; жауына тіке қарап, жеріне жау аяғын бастыртпаған жауынгер халық дер еді, себебі бұл — менің пікірімше — қазақтардың ділімінің негізін қалаушы үш асыл қазына. Бұлай топшылауымның не себепті екенін, қазақ менталитетінің негізін салушы деп, осы үш алып бағанды таңдаудағы пікіріммен бөлісейін.

Досмұхамед Кішібеков, өзінің “Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең” жұмысында, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарын — қазақтардың көшпелі тұрмысты шетке ысырып, отырықшылыққа көшу кезеңімен беттестіреді. Алайда, “қазақ тарихын көшпелі тұрмыстан бөліп қарау мүмкін емес”, — деп, Досмұхамед Кішібеков өз наразылығын білдіреді. Əрине, он бесінші ғасыр — қазақ хандығының кіндік кескен атаулы кезеңдерінің бірі, алайда қазақ халқының тарихы біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші ғасырда өмір сүрген ата-бабаларымыз — ғұндардың Батысқа қарай, қазіргі Қазақстан жеріне жер аударуынан бастауын алады. Демек, қазақ — тарихы он бесінші ғасырдан басталатын емес, жиырма бес ғасырлық тарихы бар халық. Деректерге сүйенетін болсақ, қазақтардың отырықшылық өмір салтын ұстануы шамамен небəрі бір ғасырды қамтиды. Ендеше, қалайша біз, жиырма төрт ғасыр бойы көшпелі өмір салтын ұстаған қазақ халқының тарихын жоққа шығара аламыз? Қанша жерден мемлекет болып, жаңа дамыған заманда өмір кешсек те, қазақ халқының — көшпелі халық екендігін ұмытпаған жөн. Ал, көшпелі өмір салты — мал бағу шаруашылығымен тікелей байланысты екендігі барлығымызға мəлім. Қазақ тарихын жетік білген ғалым, Манаш Қозыбаев: “Қазақ — аман саулық сұрасқанда “мал-жан аман ба?” деп бастайтын əдеті бар халық”, -дейді. Осы пікірге зер салып мəн беретін болсақ, қазақ халқы жанның амандығын малмен тығыз байланыста ұстағанын аңғарамыз. Алаш халқы: мал өнімін — ішсең сусын, жесең — азық, кисең — киім, тұрсаң — үй, ал тауар айырбасында — ақша ретінде пайдаланған. Демек, қазақтардың күн көрісінің мəз болуы, төрт-түлік малдың молдығымен өлшенетін. Бұған дəлел, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары солақай жүргізілген саясат нəтижесінде, малдың барлығы қырылып, бүтіндей елдің тең жартысының аштықтан баудай үзіліп түсуі. Бұл кезең қазақ тарихында “Ұлы жұт” атауымен аталды. Тіпті, күнделікті өмір-тұрмысында төрт-түлік малға қатысты түрлі этнолингвистикалық арналарды кеңінен қолданған. Мəселен, “тайға таңба басқандай” секілді теңеуі, “екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды” секілді мақалы, “құлаққа ұрған танадай” деген іспеттес тұрақты тіркестерінің қалыптасу уəжі де қазақ халқының малға қатысты тұрмыс-тіршілігімен өзара жақын екендігіне көзімізді жеткіземіз. Осылайша, “қазақ қандай халық?” сұрағына бірінші жауабым: көшпелі өмір салтын ұстанған мал баққан халық болмақ.

Ол заманда бұл заман, қазақ жұртының қонақжайлығы жайлы естімеген, білмейтін жан дүниесі жоқ-ау сірə. Табиғатында жат адамды тосырқау, жатсыну əдеті жоқ қазақ — ақжарқын келетіні біраз жазбаларда көрсетілген. Ешбір халық қазақ жұрты секілді қонақты құрметтеп, асқақтатпаған шығар бəлкім. Қонақ сыйлау қазақтардың бойына сіңген менталитеттік қасиеттеріне жатады. Қазақ “Қырықтың бірі — Қыдыр” дейді. Мұнысы қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді деп есептегендіктен. Қонақ болып отырған адам, өзінің жауы болса да үй иесі өз үйінде оған жəне басқаға да қиянат жасатпайды. “Өз үйіңде таудай дауыңды айтпа” деген ақыл-сөз де осыдан шыққан. Қонақжайлық — біздің жұртымыздың арасында бала кезінен тəрбиеленетін, атадан-балаға берілетін мұралардың бірі. “Адам болар бала қонаққа үйір” деп халық тегін айтпаған. Өйткені, əр қонақтан естіген жаңалықтары, білгені мен көргені жастың өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Нақыл сөздер мен пайдалы кеңестерді санасына тоқып, жақсылыққа жолдас, жамандыққа қас болуды үйренеді. Демек, қонақжайлықтың тəрбиелік мəні молынан десек артық айтпағанымыз болар. Қаламгер, жазушы, əрі қоғам қайраткері Сабыржан Шүкірұлы, қазақтың қонақжай меймандос қасиетін былайша сипаттаған: “Қазақтың бүкіл тəуір қасиетінің негізі осы пейілінен бастау алады. Бұған бауырмалдығы, ағайынгершілігі, жиен, құда-жекжат, қонақ сыйлағыштығы, біреуге қол ұшын беріп, қайыр жасауға, көмектесе кетуге бейім тұратын кеңпейілдігі сынды жан сүйсіндіретін мінездері жатады. Осыдан да қазақтың досы көп болады, кез келген ортадан орын тиеді, қандай жағдайда да жалғыз қала қоймайды. Қазақтың жомарттық, мəрттігіне талай ғасырдан бері шет жұрттықтар тəнті болып келеді. “Аты барда желіп жүріп жер таныған, асы барда беріп жүріп, ел таныған” қазақтың берекесі — дастарқаны, дастарқан үстіндегі пейілі. Досын бекіткен, қасын дос еткен, өзі сыйлы еткен отбасына ат басын тіреген кісіні қол қусырып қарсы алып, құрметпен шығарып салатын меймандостығы”. Осылайша, қазақтар жайлы оңды не теріс, мадақтау не мысқыл күлкіге айналдыру мақсатында, қандай пікірлер айтылмаса да, хақтың түбі Сабыржан Шүкірұлының осы бір ой-сарасы болмақ. Сол себепті, “қазақ қандай халық?” деген сұраққа, толық сеніммен жəне мақтанышпен, қазақ — қонақжайлы халық деп жауабымды нық бекітемін.

Осы тақырып аясында, Шəкəрім Құдайбердіұлының жазып қалдырған келесі бір өлең жолдарына тап болдым:

“Көретін көзі жоқ, Ұғатын сөзі жоқ,

Қазақтың бұл күнде

Аты бар, өзі жоқ…”

Осы өлең жолының соңғы тармағы мені терең ойға батырды. “ “Аты бар, өзі жоқ” дегені не дегені? Не айтқысы келді екен? Əлде, біз, өзіміздің кім екенімізді ұмытқанымызды меңзеп тұр ма екен?”, — дедім. Бұл сұрақтарға жауап табу, ақиқатына жету мен үшін маңызды болды. Осылайша, “қазақ халқы нені жоғалтқанын жəне қазақ қандай халық?”, — деген екі сұрағын қанағаттандыратын жауапты таба алдым. Дидар Амантай, “Заман Қазақстан” газетінің 1998 жылы он бесінші мамырда басылған “Қазаққа тиіскен адамның түсіне қасқыр кіреді” деген мақаласында, автор: “Қазақтың бойындағы қасқыр өлген. Рухымыздың бастауындағы Бөрі оққа ұшты. Кімнің қасқыры тірі? Бізге қасқыр қажет. Қайдасың қасқыр бабалар?”, — деп, мақаласын қорытындылайды. Ойланып қарасақ, бұл тек автордың ғана емес, бүкіл зиялы қауымның жан айқайы. Абай, Шəкəрім, Міржақып аталарымыз кезінде оята алмаған қазақтың əлі күнге дейін ұйқыдан көзі ашылмай жүруі де содан. Біз — қасқыр секілді, ешқашан ешкімге бағынбаған, жауынгерлер мен батырлардың ұрпағымыз. Біздің тарихымыз сонау ғұндардан бастау алады деп айтып кеткенмін. Əлемді дүрліктірген ата-бабаларымыздың дүркін-дүркін бас салуына тойтарыс бере алмай, қорыққандығы соншалық, Қытай империясы өздерінің тарихи тас дуалын орнатқан. Еуропа елдерінің арасында үрей тудырған Еділ патшаның бастауымен жауға қарсы тұрған ғұндардың ұрпағы — мына біз, қазақ халқы. Əлемнің жартысынан көбін өз қол астына қаратқан Шыңғыс ханның төрт ұлынан тараған Дешті-Қыпшақ жерлерін мекендеген тайпалардың жалғасымыз. Қазақ хандығын құрған, жоңғарларды жерімізге жолатпаған Керей мен Жəнібек ата-бабаларымызды естен шығармаған жөн. Ұлы Отан соғысында еліміздің амандығы үшін майданда жанын салған Бауыржан Момышұлы, Əлия Молдағалиева, Мəншүк Мəметова секілді ата-əжелеріміздің үміті екенімізді ескере кету абзал. “Қазақ қандай халық?”, — деген сұраққа жауабым, қазақ — жауынгер халық. Алайда, “неліктен біз бұл қасиетімізді жоғалтып алдық?”, — деген сұрақ туындайды. Бұл — санамызды уландырып, Рахманқұл Бердібаев айтпақшы: “өз тарихын білмей келген”. қазақтардың бойына құлдық психологиясын енгізген, орыс халқының идеологиясы. Осы жауынгерлік қасиет қазақтардың бойына қайтып қонбас үшін, жиырмасыншы ғасырдағы репрессияға ұшыраған зиялы қауым өкілдері: Əлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Тұрар Рысқұлов, Ахмед Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов айыпсыз құрбан болды. Адмирал Колчак: “Қазақтарды басқару — оңайдың оңайы: 500 интеллигенцияның көзін жойсақ болды, қазақтарды

бағындырамыз”, — деген, себебі олар қазақтардың бойында сөніп қалған оттың қайтып лапылдап жануына жəрдемін тигізер еді. Дəл осы себепті де Адмирал Колчак пайымдаған пікірдің астарлы ойы осы болар деп түсіндім. Қазақ халқы Ресей бодандығында өмір сүргенімен, біз ешқашан құл атанбағанбыз жəне болмағанбыз. Алайда, 1991 жылы тəуелсіздігімізді алсақ та, бүгінгі күні, қазақтар — өз тізгінін өз қолына əлі алмаған халық. Міржақып Дулатов айтпақшы: “Қазақ — ең алдымен Россияға тəуелді халық”, жəне бұл пікірмен мен толықтай келісемін. Ал, бұл оймен келіспеу немесе жоққа шығару — өзін-өзі алдаумен теңер едім.

Тоқсан сөздің тобықтай бір түйініне келсек, қазақтар — еркіндікті сүйетін дала адамдары. Еріктен айырылу, олар үшін өлімнен де жаман, себебі олар түрмені “абақты” деген, сол абақтыдан аулақ болған. Қазақ халқы, Марко Поло айтпақшы: “Соғыста қашуға арланбайды жəне сол қалпында артына қайырылып атады”. Демек, қазақтар жаудан қашып, арқасын жауға қаратқан халық емес, керісінше қандай жағдай болмасын жауға қарсы тұруға дайын болған халық. Менің пікірімше, қазақ халқының Россияға тəуелділігі — уақытша дүние, себебі қазақ халқы найзасын қолынан тастай қойған жоқ. Егер менен, “қазақ қандай халық?”, — деп тағы бір рет сұрасаңыз, мен: Қазақ  —  Алланың  сыйға  тартқан кең алқап жерінде ғасырлар бойы көшпелі мал-шаруашылығымен айналысқан, бөтен адамды жат көрмеген қонақжай да, кез келген жауға төтеп беруге əрқашан да дайын болған, ешқашан ешкімге бағынбаған, мың өліп мың тірілген, Абылай хан армандаған бостандықты аңсаған Алаш даласының ұлдары мен қыздары дер едім.

М.Х.Дулати атындағы  Тараз өңірлік университеті, «Экономика және құқық» факультеті, «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы, экономика магистрі

Блялова Айнагул Қырымқызы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.