«Nur Otan» партиясының республикалық Саяси кеңесінің мүшесі, Жуалы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова жақында Әзірбайжан Республикасының Милли Меджлисі сайлауын бақылау мақсатында Бакуге барып-қайтты.
Яғни, Әзірбайжан Республикасының Милли Меджлисі сайлауын байқау шеңберінде ТМД елдері Миссиясы құрамында болып, 8-10 ақпан аралығында Баку қаласындағы №29 Сабайлы сайлау округінің сайлау учаскелерін қамтыды. Анар Садыққызымен осы іссапары жайлы сұхбаттасқан едік.
– Анар Садыққызы, Әзірбайжан Республикасындағы сайлау мен біздің мемлекеттегі сайлаудың өткізілуінде қандай ерекшеліктер бар?
– Әзірбайжан Республикасына сайлауды бақылауға қатысқан 58 мемлекеттен 883 халықаралық бақылаушылар және 77 790 жергілікті бақылаушылар тіркеліп, қатысты. Оның ішінде Қазақстаннан 32 кісі барды. Оның екеуі «Nur Otan» партиясының өкілі ретінде бардық.
Қазақстаннан барған бақылаушылар жан-жаққа бөліндік. Мен Бакуде қалдым.
Сайлау бойынша депутаттыққа тіркелген кандидаттар саны – 1374. Оның ішінде 248 кандидат Саяси партиялардан ұсынылған. Сапалық құрамына келсек, әйелдер – 21 пайыз, ерлер 79 пайызды құрады.
8 ақпан күні Әзірбайжанда Тыныштық күні болды. Бұл күні ешқандай заң бұзушылықтар байқалмады. 9 ақпан күні сағат 07.40-та Сабайлы сайлау округінің №3 сайлау учаскесінде болып, учаскенің дайындығын көріп, сағат 8.00-де сайлау учаскесінің ашылу рәсіміне қатыстым.
Мұндағы бір ерекшелік, жаңашылдық – бұл елде 2005 жылдан бастап сайлаушылардың сол қолының бас бармағына Рентген бақылау жасалады екен. Рентген бақылау сайлаушыларының екі мәрте дауыс бермеуінің алдын алуы үшін, ашықтық үшін жасалатындығын байқадым.
– Әзірбайжанға барып келгеніңізге біраз уақыт өтіп кетті. Бірақ сұхбаттасудың сәті енді түсіп отыр. Мақсатымыз – барып-қайтқаныңызды айтудан бұрын, сол елдің ерекшелігін, үйренер тұсымен бөлісу еді. Сондықтан, салыстырмалы түрде қандай жақсы жақтарын байқадыңыз? Рухани жағынан үйренер қандай тұстары бар?
– Баку қаласы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан көрікті, таза, өркениетті, тарихи қала екен. Халқы да сондай мәдениетті. Бір байқағаным, туристік салаға өте жақсы жағдай жасалған.
Ең бастысы – халықтың өздерінің ұлттық салт-дәстүріне, тіліне, мәдениетіне, тарихына деген ерекше құрметі аңқып тұр. Қай қоғамдық орынға барсаңыз да ұлттық нақыштағы дүниелерді көресіз.
Тамақтанатын орнына барсаңыз, міндетті түрде ұлттық тағамдарын ұсынады. Ал бізде қалай? Бізде ұлттық тағамдарымызға арналған қоғамдық тамақтану орны жоқтың қасы. Мәселен, Тараз қаласында «Ғибрат» деп аталатын бір ғана кафе бар. Неге бұлай? Себебі, өзімізден ұлттық тағамымызға деген сұраныс жоқ. Кафеге барсақ өзге ұлттық тағамдарына тапсырыс береміз. Яғни, ұлттық тағамымызға өзіміз жүре қарасақ, өзгеден не күтеміз?!
Тағы бір тоқталатын жайт, Бакуде сіз орыс екенсіз немесе қазақ екенсіз деп орысша, қазақша сөйлеп алдыңызға түспейді. Өз тілінде түсіндіреді. Өз ана тілдеріне деген құрметі ерекше.
Біздің елде апорт алманың отаны – Алматы қаласы саналса, әзірбайжан елі – анар жемісінің отаны саналады.
Анар шырыны – әзірбайжан халқының ұлттық сусыны саналады екен. Қай жерге барсаңыз да анар шырыны тұрады. Яғни, халық үшін қолжетімді.
Халықтың бойындағы шынайы партиоттық сезімді, яғни өз ана тіліне, салт-дәстүріне, ұлттық өнеріне өте сергек қарайтыны, тікесінен тік тұрып құрмет көрсететіні қайран қалдырды. Бұл – біздің халыққа жетіспейтін қасиеттердің ең үлкені деп ойлаймын.
Бірнеше тарихи орындарды араладық. Оның ішінде Тұңғыш Президенттері Гейдар Алиевтің зираты, яғни мемлекетке еңбегі сіңген азаматтардың зираты орналасқан жерді көрдік. Халықтың мемлекеттің іргетасын қалап, дамуына үлкен үлес қосқан Тұңғыш Президенттеріне деген ықыластары да ерекше екенін байқадым.
Халықпен тілдесе отырып, олардың біздің мемлекет туралы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі жайлы жақсы пікірде, көзқараста екендігін естіп те қуанып қалдым.
Бізде халықты, жастарды кітап оқуға тарту, жағдай жасау мақсатында кітапханалар қайта жабдықталып жатыр ғой. Яғни, ақпараттық орталықтар, «Білім» орталықтары ашылуда.
Бакуде кітап дүкендерінде халыққа қолайлы жағдайлар жасалған. Адамдар шәй ішіп отырып кітап оқып отыр. Баспалдақтардың шетіне де отыруға арналған жиһаздар қойылған. Адамдар емін-еркін кез келген жерде отыра қалып, газет-журнал, кітап оқуда. Бұл жерде балалардың шығармашылықпен айналысуына да жағдай жасалған. Балалар бірі сурет салып, бірі басқа нәрсемен айналысып жатқанын көресің. Бұл көрініс ешкімге жат емес. Барлығы еркін, кімге қалай ыңғайлы солай өз жұмыстарымен айналысып отыр.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, барлық сауда-саттық ұлттық төл валюталары манатпен жасалады. Бізде доллар, еуро теңгемен қатар жүре береді ғой. Оларда олай емес. Бұл да ұлттық дүниелеріне деген құрметтің үлкені.
Шетке шыққанда елге естелікке алып қайтар сыйлық іздейміз ғой. Естелік сыйлықтардың барлығы ұлттық нақышта. Кілемдері болсын, ыдыстары, мейлі орамалдары, жалпы қандай зат болмасын барлығында ұлттық оюлар, ұлттық белгілер бейнеленген. Мұнда халқының бұл іс-әрекеттері жасандылық емес, шынайы құрметті, шынайы ілтипаты екені анық сезіліп тұр.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға мол табыс пен биік абырой тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Р.S. Қандай тамаша. Әрине, бізде де шынайы патриот, шынайы жанашыр азаматтар бар. Бірақ олар өте аз. Біз елімізде, яғни әр отбасында, әр ұжымда, ауданымызда ұлттық салт-дәстүрлеріміздің озығына, ана тілімізге, ділімізге, дінімізге деген құрметті жоғарылату мақсатындағы үгіт-насихат жұмыстарын күшейтетін кез әбден жетті.
Қай сала болмасын жасандылықтан арылуымыз керек. Біздің тіліміз, біздің салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз өзімізден басқа ешкімге керек емес. Ұлттық құндылықтары жойылған мемлекет көп ұзамай өзі де жойылады. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарамауымыз керек.
Биылғы жыл — Еріктілер жылы. Сондықтан мүмкіндік көп. Алда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы келе жатыр. Мереке күндері ғана емес, ай бойы ұлттық құндылықтарымызды барлығымыз шама-шарқымызша насихаттай білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ешкімнің айтуын күтпей, шын жанашырлықпен алға қадам басайықшы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ