A place where you need to follow for what happening in world cup

Бағаны қолдан қымбаттатқандар қатаң жазаланады

277

Әлем елдерін әбігерге салған індет біздің елімізді де айналып өтпегенін көз көріп жүр. Тіпті, оған пневмония ауруы қосылып, кейінгі кездері сырқаттанған адамдардың саны да күрт өсе түсті. Осыған байланысты, дәріханалардың алдында ұзын-сонар кезек пайда болып, ел тұрғындары қажетті дәрісін таппай әлекке түсуде. Шынын айту керек, бұған дейін дене қызуын түсіруге арналған парацетамол дәрісі кез келген дәріхананың сөресінде толып тұратын. Халық көп тұтынатын цитрамон, асперин секілді дәрілердің жетіспеушілігі білінген де емес. Жасыратыны жоқ, бұл мәселе күн өткен сайын өткірлене бастады. Оған ауданымыздағы бірқатар дәріханаларды аралау барысында анық көз жеткіздік. Айта кету керек, өткен аптада аудан әкімі Нұржан Календеров дәріханаларда кезек пайда болып, қажетті дәрілердің бағасы өзгерді деген ақпаратқа байланысты дәріханаларды аралаған болатын. Аудан басшысы өзі бас сұққан дәріхана сатушыларына баға тұрақтылығын сақтауды ескерткен-ді. Дегенмен, өңіріміздегі дәріханаларда ұзын-сонар кезек жоқ болғанымен, тұмауға қарсы дәрілердің біреуі болса, екіншісі таусылып қалған. Мәселен, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы «7Я Januia», «Хорошая» дәріханаларында тұмауға қарсы дәрілердің тапшылығы анық байқалады. Ал парацетамолды іздеп таба алмадық. Оған қоса, қашан келетіні де белгісіз. Аудан орталығындағы дәріханаларда да дәл осындай жағдай. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде дәрі тапшылығын болдырмас үшін жауапты тұлғалар дәріні рұқсат етілген мөлшерде ғана алу керектігін жеткізген болатын. Алайда, қаладағы орталық базардан асперинді қалауыңызша алуыңызға болады. Аталған дәріні базардағы сатушылардың сатуға құқығы бар ма, жоқ па, ол жағын білмедік. Бір білетініміз, ондағы сатушылар асперинді жоғары бағада саудалауда. Дәлірек айтар болсақ, көк базардың көкөніс сататын бөлігіндегі саудагерлердің айтуынша, асперинді Тараздан 125 мың теңгеден сатып алып, мұнда 150 теңгеден саудалап жатыр екен. Бұған дейін аталған дәрінің 20 қорабын әкелсе, бүгінде ол таусылуға жақын қалған. Елдегі жағдай қалыпты кезде аспириннің 40 теңгенің көлемінде тұрғанын ескерсек, қазіргі кезде бұл дәрі 3-4 есеге дейін қымбаттап кеткенін аңғару қиын емес. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық үндеу жасап, әлем бойынша вирус жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетіп, соның салдарынан 500 мыңнан астам адамның қайтыс болғанын айтты. Оған қоса, біз әңгіме өзегіне айналдырған дәрі-дәрмек мәселесі туралы да өз ойын білдірді. «Дәрідәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі» деп, елдегі ахуалдың қалпына келе бастағанын жеткізді. Бұдан былай, өңірдегі дәріханалар да баға тұрақтылығына мән беріп, тұрғындарды әбігерге салмайды деп сенеміз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.