A place where you need to follow for what happening in world cup

Азық-түлік бағасын өсіргендер айыппұл арқалайды

1 168

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыровтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Брифингте Дәулет Мақсұтұлы шаһардағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.

– Бүгінде баға тұрақтылығын сақтау – басты міндет. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша берілген тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлемдер де өзгермеуі қажет. Қарашаның қалтасын қағып, тауар құнын шарықтатып келгендерге де тұсау салынуда. Мемлекет бекіткен шекті бағаны сақтау, делдалдардың жолын кесу, жергілікті өнімнің базарлар мен дүкен сөрелеріне кедергісіз жетуі – жергілікті биліктің жіті назарында. Осы мақсатта Тараз қаласы әкімдігі тарапынан қаладағы барлық сауда орындары мен дүкендерге бағаны көтермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме ақы 10-15 пайыздан асырмау туралы күнделікті түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүргізу үшін 13 мониторингтік топ бекітіліп, тиісті жұмыстар атқаруда.
Шаһар басшысы Е.Жылқыбаев та шағын аудандар мен орталықтағы ірі сауда орындары, дүкендердегі бағаны өз бақылауына алған. Президент тапсырмасына сәйкес сауда нысандарына бағаны шарықтатпау, яғни ілеспе құжатта көрсетілген бағадан 10-15 пайызға асырмау керектігі ескертілді. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде қала аумағындағы сауда орталықтарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бұрын 15-20 пайыз аралығында үстеме ақы қосып сатылса, қазіргі таңда 10 пайыздан аспай босатылуда. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік тауарлар төмен бағада сатылымға шығарылған. Енді арзан азық-түлік алу үшін арнайы әлеуметтік дүкен іздеп әуре болмайсыз. «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан қала аумағындағы 5 ірі сауда дүкені мен 2 базарда әлеуметтік бұрыштар ашылды, – деген спикер жыл соңына дейін жаңа форматта әлеуметтік дүкендердің санын 15-ке жеткізу жоспарланып отырғанын және қазіргі уақытта Б.Майлин көшесі бойында әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізіліп жатқанынан құлағдар етті. Ол сондай-ақ өзімбілермендікке салып, бағаны негізсіз қымбаттатқандар алдымен 100 айлық, егер қайталанған жағдайда 400 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайтынын да қатаң ескертті.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.