A place where you need to follow for what happening in world cup

Азаматтық міндет — әскери қызмет

296

Қазақстан Республикасы Президентінің  2020 жылғы 12 ақпандағы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерін запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын   мерзімді әскери қызметке шақыру туралы»  Жарлығына сәйкес,  Шу ауданының аумағында кезекті мерзімді  әскери қызметке шақыру жүргізілуде.

Биылғы әскерге шақырудың ерекшелігінің бірі — жүргізу мерзімі болып отыр. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты әскерге шақыру және медициналық комиссияның жұмысы уақытша тоқтатылғанымен, бүгінгі күні шақыру қайта жалғасын тауып, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы және Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштерін  жасақтау жоспарлы түрде жүргізілуде.

ҚР Президентінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі №312 Жарлығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айынан тамыз айына дейін ұзартылды. Яғни ресми көктемгі әскерге шақыру 31 тамызда аяқталса, 1 қыркүйектен күзгі мерзімді әскерге шақыру басталады.

Коронавирустық инфекцияның таралуын ескерту, алдын-алу мақсатында барлық шаралар жасалған.

Мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, денсаулығы бойынша әскери қызметке жарамды, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар  жатады. Әр әскер тектерінің белгілі бір талаптары бар, сондықтан шақырылушыларды әскер тектері бойынша тағайындау кезінде олардың денсаулық жағдайы, білімі, мамандығы және моральдық-психологиялық қасиеттері ескеріледі. Мысалы, десанттық әскерлерге бойы 170 см. төмен емес, дене бітімі келісті, спортшы шақырылушылар тағайындалады. Сондай-ақ, Қарулы Күштер ІТ-мамандарға, музыкант, аспазшы, жүргізуші, байланысшы мамандықтарына мұқтаж. Әскерге шақырылғандардың бөлігі оқу орталықтарында 6 ай ішінде БТР, БМП, танк механик-жүргізушісі, артиллериялық және миноатқыш қаруларының командирлері және көздеушілері, инженерлік қамтамасыз ету мамандықтары бойынша дайындықтан өтеді. Дайындықтан кейін олар маман ретінде әскери бөлімдерге жолданады.

Ата Заңымызда аталғандай Отанымызды қорғау — әрбір азаматтың қасиетті парызы мен міндеті. Әскердің жастарға үйретері де, берері де көп. Әскер — жауапкершілікке, шыдамдылыққа, өз-өзіне сенімділікке, берік достастыққа, бауырластыққа үйретеді. Қиын-қыстау кездерде тез ойланып шешім қабылдау, әскери қару-жарақ қолдану, күрделі әскери техниканы пайдалану дағдыларына ие болады.

Өкінішке орай, кейде өз парызы мен міндетін өтеуден жалтаратын азаматтар да кездеседі. Ол азаматтар 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 387  бабына сәйкес әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару – бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мынадай:

1) өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы;

2) аурумын деп жалған сылтаурату жолымен;

3) жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мерзімді әскери қызметте болу өз кезегінде «әлеуметтік баспалдық», ары қарай құзырлы және арнайы мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасу мүмкіндігін береді.

Нұрлан Бөден

аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы,

подполковник.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.