A place where you need to follow for what happening in world cup

Заңдағы жаңғыртулар ел игілігі үшін

309

Кез келген елде ең бірінші экономика, яғни елдің  әлеуметтік хал-ахуалы арқылы экономиканы көтеру мақсаты тұрады. Заман алға жылжыған сайын, заңдарды жаңғыртып, жаңартып отыру қажеттілігі туындайды. Мұндай өзгерістер қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеу үшін, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғау үшін, заңсыздықтардың алдын алу үшін жасалатыны анық.

Биылғы жыл да бірнеше жаңа заңның қолданысқа енуімен басталды. Соның бірі — «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы. Заңдағы өзгертулер әкімшілік құқық бұзушылық айыппұл көлемін азайтуға, ескерту түріндегі әкімшілік  жазаларды қолдануды кеңейтуге, әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірқатары бойынша тек сот тәртібінде берілетін сакцияларды соттың ведомстволық бағыныштылығынан алып мемлекеттік  органдарға беруге, жалпы айтқанда кодекстің  құқық қолдану  тәжірбиесінде анықталған құқықтық кемшіліктер мен қайшылықтарды жоюға бағытталған.

Мысалы, өзгерістерге сәйкес, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі «Ортақ пайдаланатын орындарды ластау» деп аталатын 434-2 баппен толықтырылып, заңның жаңа редакциясына сәйкес, ортақ пайдаланатын орындарды ластаушыларға полиция қызметкерлері хаттама толтыру арқылы айыппұл салу  құзіретіне ие болды.

Сонымен қатар, кейбір құқыққа қарсы жасалған әрекеттерге қолданылатын жаза қатаңдатылды. Көлік  тізгінін масаң күйде басқарған адам өз өмірі үшін ғана емес, өзгелердің де өмірі үшін жауапты екенін ұмытып кететіні рас. Енді, жаңа заң көлік рөліне масаң күйде отырғандарға қатысты жазаны едәуір ауырлатып отыр.

Қоғамдық орында, яғни көшеде мас күйде жүрген адамға бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер ол он сегіз жасқа толмаған болса баласы үшін айыппұлды ата-анасы төлейді.

Заңға енгізілген тағы бір маңызды өзгеріс — отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы  құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты болып отыр. Бұрынғы  нормаға сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру болып табылады. Олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер нәтижесі — ескерту жасауға не үш тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соқтырады. Ал, жаңа нормаға сәйкес мұндай құқықбұзушылық жасаған адамдарға тағайындалатын жаза — ескерту жасау  немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға болып белгіленді. 73-1-бабы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру 1-1 бөлігімен, яғни құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастағы орын алған құқық бұзушылықтарға ескерту жасау не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу бөлігімен толықтырылды. Бұл жерде ескерту тек отбасындағы жақын адамдар арасындағы құқық бұзушылыққа  қолданылады. Ал, бөтен  әйелге қол көтергендерге жауаптылық басқа. Сондай-ақ, 73-2 бабы ұрып-соғу 1-1 бөлікпен, яғни құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастағы орын алған құқық бұзушылықтарға  ескерту жасау немесе  он тәулікке дейінгі  мерзімге әкімшілік қамаққа алумен толықтырылды. Жоғарыдағыдай әрекетке тағайындалған жазаны ауырлату — мұндай олқылықтардың алдын алып, азаюына әсер етумен қатар, адамдардың қоғамға деген сыйластығын, адамдармен қарым-қатынас барысында әдепті болуын, өзгенің құқығына қол сұғылмауын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Заң — баршамызға ортақ. Елімізің Ата Заңы да азаматтардың тегіне, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарай алалауға жол берілмейтінін бекіткен. Ендеше, әлсіздерге әлімжеттілік жасаушыларға жазаның қатайтылып, пәрменнің күшеюі дер кезінде жасалған дұрыс қадам деп түсінеміз.

Ермек Оразқұлов,

аудандық соттың судьясы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.