A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауыл көркі  – тазалық

1 180

Ауыл тазалығы, аула тазалығы, үй тазалығы  туралы әркезде болсын, қай жерде болмасын аз айтылып келе жатқан жоқ. Тіпті үйдегі ыдыстың тазалығына қарап сол үйдің әйелінің тазалығы туралы да баға беруге болады. Ыдыс – аяғының тазалығына қарап отырып сол әйелдің қолынан ас ішсең жиіркенбей ішетініміз, үйдің тазалығына сүйсініп риза болатынымыз жасырын емес.

Сонау кеңестер заманында облыс, аудан басшылары малшылар  қауымын аралап, шаруа жайымен танысып жүрген кезде  басшылар тоқтайтын үйдің тазалығына қарайтынбыз. Үйінің айналасы, ыдыс – аяғының тазалығы, тіпті сол үйдегі балаларының киімінің тазалығына, сол әйелдің сарамжалдығына мән беретін едік.

Есімде Ұланбел ауылындағы  «Шу» қаракөл совхозында Ахмет  Аюпов деген қойшының әйелі Сары – Арқа мал жайылымындағы киіз үйінің айналасына гүл отырғызып, көріктендіріп қоятын. Үйіне келген адамдар сол әйелге риза болып, рахметін айтып, басшылар сол әйелді басқаларға үлгі ететін еді.

Осы жерде  тазалыққа байланысты аталарымыздан қалған бір мақал ойға түседі. Мойынқұмдық ардагер ұстаз Ағыбаева Гүлбахардың жиі айтатын «Жақсы әйел – сүрді, сүрге қосады, салақ әйел – кірді, кірге қосады» — деген мақалы тазалыққа қатысты айтылғаны көрініп тұр.  Бұған ешқандай түсініктеменің керегі жоқ екені өзінен өзі айтылып тұр емес пе?

Сол сияқты жоғарыда айтқандай ауыл мен аула тазалығы сол тұрған ауыл мен аулада тұрып жатқан  азаматтарға байланысты екені шындық.

Ауыл тұрғындарының ауылды таза ұстауы әр азаматқа байланысты әрі сын. Ауылға келген әр қонақ алдымен ауылымызға тазалыққа қарап баға береді.  «Ауылдарыңыз таза екен, ауылдың азаматтарына көп рахмет»- деп өз бағасын беріп жатса әрине мақтанамыз. Немесе «ауылдарыңыз лас екен, азаматтарыңыз қайда қарап жүр»- десе еңсең түсіп, сүмірейіп, айтуға сөз таппай қаласың.

Ал енді қазір өзіміз тұрып жатқан Мойынқұм ауылының тазалығы қандай дәрежеде? Ол қалай сақталып келе жатыр деген сұраққа жауап іздесек сырт көзге ауылымыз таза болып көрінеді. Ауыл әкімінің негізгі жұмысының біреуі осы ауыл тазалығын қамтамасыз ету екендігін білеміз. Ауылдың тазалығы қоғамдық жұмысшылардың еңбегінің арқасы десек артық айтқан болмас едік. Сол азаматтар күнделікті ауылдың, көшенің тазалығын қамтамасыз етіп келеді. Неге әр көшенің тұрғындары өз үйлерінің маңайын тазаламайды? Ауылдың  тазалығына  ауылдың әр азаматы бей-жай қарамай ат салысатын болса ауылымыздың көркейіп, бұдан да ажарлана түсетіні сөзсіз.

Өкінішке орай көптеген ауыл тұрғындары ауыл тазалығы бұл әкімнің жұмысы деп қарайды. Тіпті есігінің алдындағы қоқысты жинамайды, қайта көшеге шығарып тастайтынын қайтесіз. Автомашинамен жүріп келе жатып сусындардан босаған ыдысты көшеге тастап кетіп жатады. Ауылдың жекелеген жерлерінде таксилердің тұратын жерлері бар. Сол жерлерді қараңызшы, темекінің қорабы мен тұқылы, сусыннан босаған шөлмектер жататыны күнделікті әдетке айналып бара жатыр. Оған түнде жұмыс істейтін сауда орындарының айналасындағы түнде ішілген сусындардың бос ыдыстарын қосыңыз. Ал дүкен иесі болса түк білмегендей түнімен саудасын жасап, нәсібін тауып отырған жоқ емес пе? Дүкен иесі неге ерте тұрып, дүкеннің айналасын тазаламайды?

Бірлік ауылынан келе жатқанда Шу өзеніндегі көпірдің айналасы Мойынқұм ауылының тұрғындарының жаз мезгілінде суға барып түсетін орнына айналған. Сол жерді кешке барып көрсеңіз, шашылған қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Қоқысты кім тастап кетті, қай ауылдың азаматы деген орынды сұрақ туады.

Әрине, олар біздің ауылдың тұрғындары. Біреуміздің баламыз, біреуміздің бауырымыз, көршіміз.  Тіпті өзіміз де болуымыз мүмкін. Ауыл жастарынан сұранатынымыз ауылымызды таза ұстайық.

Ауылымызда көпшілік демалатын біраз орындар бар. Сол орындарды көріктендіріп, абаттандырып, тазалығын сақтап отыру ауыл әкімінің тікелей жұмысы екені белгілі. Бұл салада біраз жақсы жұмыстар атқарылып келеді. Жаз- ата саябағы мен А.Назарбековтың ескерткішінің айналасына гүл отырғызылып, күтімге алынды.

Сол саябақта ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің аллеясында 8 Еңбек Ерінің мүсіні қойылған. Сол батыр аталарымыздың ұрпақтары қазіргі кезде ауылымызда тұрып жатыр. Атамыз батыр деп мақтанатын да шығар, ол орынды. Алайда, атын атап, түсін түстемей – ақ қояйын, сол атамыздың ұрпақтары сол аталары мүсінінің айналасына келіп тазалап, гүл отырғызып, оны күтімге алып жатқанын осы күнге дейін көрмеппін. Осы жерде олар атасының әруағынан қорықпай ма деген де ой туады. Мені біреулері жазғырар, бәлкім жазғырмас бірақ шындық осы.

Мынау келіп жатқан індетте те тазалықты сақтамаған соң өршіп бара жатқаны ешкімге жасырын емес. Індетті жоюдың басты талабы да тазалықты сақтау болып тұр. Сондықтан да ауыл тұрғындарын ауылдың тазалығын сақтауға шақыра отырып, сабырлық пен төзімділік танытып, келген індеттен аман – есен болайық дегім келеді.

Мұханбетқұл САБЫРОВ,

Мойынқұм ауылдық ардагерлер

 кеңесінің төрағасы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.