Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков аудан халқының алдында жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, есеп берді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысқан есепті жиында Нарбай Әбілқасымұлы ауданға жаңа мәдениет үйінің қажеттігін айтты.
– Мәдениет саласында көңіл аударатын мәселе – ауданға жаңа мәдениет үйін салу екенін айтқым келеді. Орталықтағы бұл мәдени ошақ өткен ғасырдың 1956 жылы пайдалануға берілген болатын. Егер қолдау болып жатса, аудан орталығынан 400 орындық нысанның бой көтергені тұрғындарға ерекше қуаныш болары анық. Ал ескі ғимаратты этно мәдени орталықтардың, жастардың «Достық» үйі ретінде пайдалануға мүмкіндік болар еді, – деген аудан әкімі аталған саладағы жетістіктерге де тоқталып өтті.
Оның айтуынша, аудандағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің базасында цифрлық сауаттылыққа оқыту және ақпарат алмасу мақсатында 12 ауылда цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған. Ал биыл тағы екі елді-мекеннен ақпараттандыру орталықтарын ашу жоспарланып отыр екен.
Келесі кезекте Н. Ергебеков аудандағы білім беру ісінің ахуалына тоқталды.
– Білім саласында жалпы 39 білім беру мекемелерінде 11 244 бала білім алуда. Барлық мектептер компьютендірілген, 1 компьютерге 7 оқушыдан келеді. Қ.Сағындықов, С.Байтіков, А.Байтұрсынов, Мыңбұлақ орта мектептерінде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алатау және Дихан ауылындардағы орта мектептерінің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін басқа мердігермен келісім-шарт жасау жоспарлануда. Алдыңғы мердігердің құжаттары сотқа жолданды, – деді аудан басшысы.