A place where you need to follow for what happening in world cup

Атқарылған іс аз емес, мәселе де жеткілікті

192

«Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімі Жарылқасын Айтақов қоғамдық кеңес мүшелерімен есепті кездесу өткізді. Айта кету керек, Ж.Әбдіғапарұлы бұған дейін ауданға қарасты барлық ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндаған болатын. Ал, қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында бірден ауданымыздағы түйткілді мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолын ұсынды.

Жасыратыны жоқ, өзге аудандарға қарағанда Шу ауданы барлық сала бойынша оқ бойы озық шығып, өткен жылдың қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Дейтұрғанмен, әлі де шешімін күткен мәселелердің бар екені сөзсіз. Осыны ескерген аудан басшысы қоғамдық кеңестің назарына қиюы келіспей тұрған күрделі түйткілдерді ұсынып, үстіміздегі жылы атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталды. Мәселен, аудандағы ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп саласының тамырына қан жүгіртетін өндіріс ошақтарының саны өте аз көрінеді. Бүгінде тұрғындар тұтынатын негізгі азық-түліктің алдыңғы қатарында сүт пен еттің тұратыны белгілі. Ал, ауданымызда дәл осы сүт пен етті өндіретін тиісті өндіріс ошақтары мүлдем жоқ. Бұдан бөлек, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы қордаланған мәселелер де аудан әкімінің назарынан тыс қалмапты. Ж.Айтақовтың айтуынша, қалада жалпы саны 349 көше болса, оның 40 пайызы ғана сапалы жолмен қамтылыпты. Шынын айту керек, шулықтардың жанайқайына айналған жол мәселесі кейінгі жылдары біршама ретке келіп қалды. Ал бұл мәселені түбегейлі қалыпқа келтіруге қаржы жағы қолбайлау болатыны айтпаса да түсінікті. Алайда, аудан әкімі Шу қаласының биылғы 60 жылдық мерейтойына қарсы мұндағы жол мәселесін мейлінше жүйелі түрде шешуге тырысу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, қаладағы «Батыс» мөлтек ауданында орналасқан кәріз жүйесінен шығатын қолаңса иіс те ондағы тұрғындардың негізгі мәселесіне айналған. Ондағы кәріз жүйесінің тозығы жетуіне байланысты бұрнағы жылдары жаңа кәріз жүйесін салу мәселесі туындап, тіпті, тиісті жұмыстар да басталып кеткен еді. Десе де, белгілі себептерге байланысты ол жұмыстар аяқсыз қалды. Ал бүгінгі таңда аудан әкімінің бастамасымен бұл жұмыстар қайтадан қолға алынбақ. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Аудан әкімі Ж.Айтақовтың сөзіне сенсек, биыл атқарылатын жұмыстардың да ауқымы кең болмақ. Олардың қатарында ауылдық округтердегі мектеп пен балабақшаларды табиғи газға қосу мәселесі де бар. Ол үшін биыл аудан қазынасынан 47 миллион теңге бөлінген. Осылайша, үстіміздегі жылы бұған дейін көгілдір отын жеткізілген ауылдардағы барлық білім ошақтары мен балабақшалар газға қосылмақ. Сондай-ақ, ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай, бірқатар нысандар ел игілігіне берілетін болады.

Қоғамдың кеңес мүшелерімен өткен есепті кездесу барысында қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов Шатыркөлдегі мәселені көтерді. Айтуларынша, Шатыркөл кен орнынан шығатын шикізаттың аудан экологиясына тигізер зияны көп көрінеді. Соған байланысты аудан тұрғындары наразылық танытып, ауылдықтардың арыз-шағым жазуы жиілеп кеткен. Аудан әкімі Ж.Әбдіғапарұлы бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.