– Жылдың қорытындысы айтылды. Облысымыз алдыңғы қатардан көріне білді. Бұл, ең алдымен, әр саладағы жерлестерімізбен бірігіп атқарған жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Мемлекет басшысы нақты міндеттерді жүктеді. Ең бастысы — халықтың тұрмысын жақсарту, жұмыс орындарын ашу! Осы орайда бізде басталған пилоттық жобаның маңыздылығы мен жауапкершілігі өте үлкен. Өткен жылдық үрдіс жалғасын тауып, алдағы міндеттерді ойдағыдай орындауға жұмылатындығымызға сенімім мол. Табысты болайық,-деп жазды Үкіметтің отырысынан оралған соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов фейсбуктегі парақшасында.
Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Асқар Мамин республикада даму қарқыны жоғары өңірлерді атады. Жамбыл облысы Шығыс Қазақстан облысынан кейін екінші аталды. Яғни, Жамбылға әкім болып барғанына екі жыл толған Мырзахметовтың атқарған жұмыстары жемісін бере бастады деген сөз. Сонда Әулиета өңірі әкімінің іскерлігі Өмірзақ Шөкеевтен де, Амандық Баталовтан да асып түскені ме? Сіз қалай ойлайсыз?
Мырзахметовтың айтып отырғаны қандай пилоттық жоба? Былтыр қыркүйекте үкімет отырысында Асқар Исабекұлы Жамбыл облыстық әкімдігінен құрылған жұмысшы топтың өңірдегі барлық аудан, ауылдық елдімекендерге арнайы барып, 138 мың аула толық зерделенгенін атап өткен еді. Әкім:
– Талдау нәтижесі көрсеткендей, салыстырмалы түрде тұрғындар қосалқы шаруашылықты тиімді табыс көзіне айналдыра алмай отыр. Себеп – тиісті ұйымдастыру жұмыстарының төмендігі. Осы тұрғыда зерделеу барысында тұрғындардың ұсыныстарымен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған 5 бағыт қарастырылып отыр. Олар: үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау-мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру. Бұл 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіншілігі анықталып отыр. Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады деп күтілуде. Сол секілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға ұлғайып, сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30 пайызға артуы есептелген, – деген болатын.
Мамин Мырзахметовтың бастамасына қолдау білдіріп, егер ол Жамбылда сәтті жүзеге асса, тәжірибені өзге өңірлерге де таратуды тапсырған.