Жамбыл облысында «Әділет» партиясының мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңындағы 27 күндік үгіт-насихат науқаны аяқталды. Осы кезеңде өңірдің 10 ауданы мен Тараз қаласында 11 794 іс-шара ұйымдастырылып, 357 елді мекеннің 583 мыңнан астам тұрғыны ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Науқанға партиялық тізім бойынша ұсынылған 37 кандидат пен бірмандатты округтерден ұсынылған 18 кандидат қатысты.
Үгіт-насихат жұмыстарының негізгі мақсаты – партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» өңірлік сайлауалды бағдарламасын таныстыру, оның басым бағыттарын түсіндіру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды. Осы мақсатта кандидаттар ауыл-аймақтарды аралап, кәсіпкерлермен, жастармен, ардагерлермен, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдерімен, өндіріс қызметкерлерімен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауызсу және газбен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесі, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағыттары қамтылды.
Тұрғындарға өңірлік бағдарламаның алдағы бес жылға арналған нақты міндеттері мен жоспарлы көрсеткіштері таныстырылды. Атап айтқанда, 2031 жылға дейін 116 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Тұрғын үймен қамту бағытында 8 833 пәтерді пайдалануға беру, білім беру саласында 8 жаңа мектеп салу, денсаулық сақтау жүйесінде 6 жаңа медициналық нысан ашу жоспарланған.
Инфрақұрылымды дамыту аясында 456,5 шақырым автомобиль жолын жаңғырту және орталықтандырылған газбен қамту деңгейін 97,3 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Ал экологиялық бағытта орман алқаптарын 46,4 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.
Қорытынды штаб отырысында сөз сөйлеген «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәурен Каипов өңірлік бағдарламаның әзірленуі мен оны іске асыру тетіктеріне тоқталды.
«Өңірлік сайлауалды бағдарлама республикалық сайлауалды бағдарламаның 10 басымдығы мен негізгі бағыттарына сәйкес қалыптастырылып, партия облыстық филиалының 2026 жылғы 23 қазандағы III кезектен тыс конференциясында бекітілді. Бағдарламаны іске асыру мақсатында 75 тармақтан тұратын өңірлік Жол картасы, сондай-ақ қала мен аудандарға арналған Жол карталары әзірленді. Ендігі міндет – белгіленген жоспарлардың орындалуын жүйелі бақылау», – деді Дәурен Каипов.
Өңірлік Жол картасын әзірлеу барысында тұрғындардың ұсыныстары да ескерілді. Құрылтай сайлауы кезеңінде жиналған 378 өтініш-тілектің 275-і бағдарламаға енгізілді.
Тұрғындармен тікелей байланыс орнатуда «Есіктен есікке» акциясына ерекше мән берілді. Оның аясында партия белсенділері мен үгіт топтары елді мекендерді аралап, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Акция барысында 230 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Жалпы науқан кезеңінде облыс бойынша 355 мыңнан астам үгіт-насихат материалы таратылды.
Бұдан бөлек, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде сайлаушылардың ұсыныстары мен өтініштері қабылданды. Қайталанған өтініштерді есептемегенде, тұрғындардан 266 ұсыныс пен талап-тілек түсті. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және жер мәселелеріне қатысты болды.
Ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары да бірнеше бағытта жүргізілді. Науқан барысында бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда 876 материал жарияланып, партияның ресми парақшалары мен кандидаттардың әлеуметтік желілерінде 6 509 материал орналастырылды.
27 күндік үгіт-насихат науқаны облыстық, қалалық және аудандық штабтардың, кандидаттардың, партия белсенділері мен еріктілердің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты. Қорытынды штаб отырысында науқанды ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріліп, алдағы кезеңдегі міндеттер айқындалды.
29 қарашада өтетін Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына қатысып, «Әділет» партиясын дауыс беріңіз!
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.