Жамбыл облысында «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгін партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Алибеков Серік Айдарұлы, Сапарбеков Нұрлан Ғиззатұлы және Жолмаханова Айтбала Абухасовна Сарысу ауданындағы «Еврохим – Тыңайтқыш» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті. Жиын барысында кандидаттар кәсіпорын қызметкерлерін партияның 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарымен таныстырды.
Кездесуде өңір экономикасын дамыту, өндіріс орындарын қолдау және еңбек адамының әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Партия бағдарламасында адал еңбек пен кәсібилікті қоғамның басты құндылығына айналдыру көзделген. Осы бағытта 2031 жылға дейін облыста 116 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар кемінде 63 мың адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту міндеті қойылған.
Өндірістік өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілмек. Атап айтқанда, 2031 жылға қарай Жаңатас қаласын қоса алғанда, облыс қалаларында 70,5 шақырым жылу желісін қайта жаңғырту арқылы олардың тозу деңгейін 53 пайыздан 44,3 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Бұдан бөлек, Жаңатас, Қаратау, Тараз және Шу қалаларында кәріздік тазарту құрылыстарын салу және өңірде 1,2 мың шақырым су құбыры желісін жаңарту қарастырылған.
Бағдарламада шағын қалалардың экономикалық әлеуетін күшейту мен әлеуметтік қолдау тетіктері де нақты айқындалған. «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі бизнес субъектілерінің кемінде 500 жобасына қолдау көрсетіліп, өңірдің жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 27,2 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ 2031 жылға дейін 4,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй кезегін 13 пайызға төмендету жоспарлануда.
Жиын соңында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, аудан мен өңірді дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кандидаттар «Әділет» партиясының басты мақсаты — орындалмайтын уәделер беру емес, нақты істер арқылы халық сенімін ақтау екенін атап өтті. Кездесу қорытындысында олар еңбек ұжымын алдағы сайлауда белсенділік танытып, әділдік пен өрлеу жолын таңдауға шақырды.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.