№1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
ШАДИЯРБЕКОВ УЛДАРБЕК ТОКТАРОВИЧ
Өмірбаяным
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Шадиярбеков Улдарбек Токтарович, 1973 жылғы 17 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Коммунар» совхозында дүниеге келдім.
1980 жылы Сарысу ауданындағы орта мектептің бірінші сыныбына қабылданып, 1990 жылы осы өңірдің Саудакент ауылындағы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепті тәмамдадым.
1990 жылы Самарқанд қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1996 жылы аталған оқу орнын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алдым.
1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Президенттік «Ұлан» әскери бөлімінде әскери борышымды өтедім.
Еңбек жолымды 1999 жылғы маусым айында Сарысу аудандық салық инспекциясында бастап, 2001 жылғы қаңтарға дейін осы мекемеде қызмет атқардым. 2001–2003 жылдары Сарысу аудандық салық комитетінде еңбек еттім. 2002-2004 жылдары Қаратау қаласындағы Агротехникалық университеттің «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын тәмамдадым.
2003-2005 жылдары Сарысу ауданының қаржы бөлімінде бас маман қызметін атқардым. Ал 2005-2006 жылдары Тараз қаласындағы №20 мектепте директордың шаруа- шылық жұмыстары жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім.
2006-2019 жылдар аралығында жеке кәсіпкерлікпен айналыстым.
2019-2025 жылдары Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қарасу ауылдық округінде бас маман – әскери есеп жүргізуші лауазымында қызмет атқардым.
2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында кешенді әкімші қызметін атқарып келемін.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Қадірлі жерлестер!
Елдің ертеңі – бүгінгі атқарылған істің нәтижесімен өлшенеді. Ал өңірдің өркендеуі, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуы, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуы – баршамызға ортақ міндет. Халықтың сенімін ақтау, ел игілігі жолында еңбек ету және әрбір азаматтың ұсыныс-пікіріне құлақ асу – мемлекеттік басқару ісіндегі маңызды қағидаттар. Осы ретте №1 сайлау округі бойынша Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде өзімнің сайлауалды бағдарламамды ұсынып отырмын.
Бірінші. Ауылдың әлеуетін арттыру – басты бағыт
Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, ел экономикасының маңызды тірегі. Ауылдық жерлердің дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту – өңірдің тұрақты өркендеуінің негізгі шарттарының бірі.
Осы бағытта:
• Ауылдық елді мекендердегі жолдардың сапасын жақсарту, ішкі көшелерді жөндеу және көлік қатынасын дамыту мәселелерін тұрақты бақылауда ұстаймын;
• Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, электр желілерін жаңарту және газдандыру жұмыстарын жеделдетуге ықпал етемін;
• Елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңдары мен қоғамдық демалыс орындарын көбейту бастамаларын қолдаймын;
• Ауыл шаруашылығын дамытуға, шаруаларға мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімді болуына және ауыл кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыруға басымдық беремін;
• Шалғай ауылдардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешу үшін тиісті мемлекеттік органдар алдында жүйелі ұсыныстар көтеремін.
Екінші. Әлеуметтік саланы дамыту – адам үшін жасалған қызмет
Қоғамның басты байлығы – адам. Сондықтан әрбір тұрғынның сапалы білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне және қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау маңызды.
Бұл ретте:
• Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің қажеттіліктерін шешуге қолдау көрсетемін;
• Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандарының жағдайын жақсарту, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтеремін;
• Мектептер мен медициналық мекемелерді білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды қолдаймын;
• Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың, көпбалалы отбасылардың, жалғызбасты ата-аналардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін назардан тыс қалдырмаймын;
• Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау, әлеуметтік тұрғын үй салу және қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгіземін.
Үшінші. Жастарға жаңа мүмкіндіктер, ұлттық құндылықтарға тірек
Жастардың әлеуетін ашу – ел болашағына салынған инвестиция. Олардың сапалы білім алып, спортпен шұғылданып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік жасау қажет.
Бұл бағытта:
• Ауылдарда спорт алаңдарын, мәдениет және бос уақытты тиімді өткізу орталықтарын көбейтуге қолдау көрсетемін;
• Дарынды балалар мен талантты жастарды қолдауға бағытталған жобаларды дамытуға ықпал етемін;
• Бұқаралық спортты дамыту, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бастамаларын қолдаймын;
• Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, еріктілік қозғалысының дамуына және азаматтық жауапкершілігінің артуына жағдай жасауға атсалысамын;
• Ана тілімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен тарихи мұраларымызды дәріптеуге бағытталған іс-шараларды қолдаймын.
Қадірлі жерлестер!
Менің мақсатым – ел игілігі үшін нақты істердің жүзеге асуына үлес қосу. Әрбір ауылдың мәселесі, әрбір отбасының тұрмысы, әрбір азаматтың өтініші мен үшін маңызды. Өңіріміздің дамуына бағытталған бастамаларды қолдап, халықтың талап-тілегін тиісті деңгейде жеткізуге бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ болса, алынбайтын асу жоқ. Елдің сенімі мен қолдауы – жауапкершілікті еселей түсетін үлкен күш.
Тапсырыс беруші: №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Шадиярбеков У.Т.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.