Ауылды өркендету – алдыңғы қатарлы мақсат — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауылды өркендету – алдыңғы қатарлы мақсат

14

№17 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
Қысық Тілек Тұрсыналыұлы

Өмірбаян

Қысық Тілек Тұрсыналыұлы 1998 жылғы 3 қыркүйекте Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген.
2017 жылы Құлан агротехникалық жоғары колледжін «Ветеринария», 2021 жылы К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетін «Ветеринарлық медицина» мамандығы бойынша, 2024 жыл Семей қаласындағы Шәкірім университетін ветеринария ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесімен тәмамдаған.
2017 жылы ҚР ҰҚК ШҚ 2019 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметкері болып отан алдындағы борышын өтеген.
Еңбек жолын 2018 жылы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде өндірістік оқыту шебері қызметінен бастаған.
2022-2025 жылдары аралығында Құлан агротехникалық жоғары колледжінде арнай пән оқытушысы болып қызмет еткен.
2025 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Құлан агротехникалық жоғары колледжі директорының орынбасары.
Үйленген, екі баланың әкесі.

Сайлауалды бағдарлама

Мен елдің ертеңі ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайымен тікелей байланысты деп есептеймін. Өйткені ауылдың әл-ауқаты, халықтың тұрмыс сапасы, азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылық осы саланың дамуына тәуелді. Менің негізгі мақсатым – ауыл шаруашылығын заманауи талаптарға сай дамытуға ықпал ету, мал өсірушілерге қолайлы жағдай жасау және жас мамандардың аграрлық салаға келуіне мүмкіндік туғызу.

Мал шаруашылығына мемлекеттік қолдауды жетілдіру

— Мал өсірушілерге берілетін мемлекеттік субсидиялардың қолжетімділігін арттыруға, оны бөлудің ашық әрі әділ тетіктерін қалыптастыруға ықпал ету;
— Шағын және орта шаруа қожалықтарына жеңілдетілген несие мен қаржылай қолдау алу мәселесінде көмек көрсету;
— Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, малдың өнімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қолдау;
— Мал азығын дайындау, сақтау және тасымалдау шығындарын азайту жолдарын қарастыру;
— Шаруалардың жайылымдық жерлерге қолжетімділігін жақсарту, пайдаланылмай жатқан жерлерді тиімді айналымға енгізу мәселесін көтеру.

Ветеринариялық қауіпсіздік

— Ауылдық округтердегі ветеринариялық пунктердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал ету;
— Ветеринариялық мамандардың тапшы- лығын азайту, олардың еңбек жағдайы мен әлеуметтік қолдауын жақсарту мәселесін көтеру;
— Мал арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, уақтылы вакцинациялау және диагностикалық тексеру жұмыстарын жүйелеу;
— Қаңғыбас жануарларды есепке алу, оларды жауапкершілікпен ұстау және ветеринариялық бақылау шараларын жетілдіру;
— Мал дәрігерлерін қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы көлікпен және дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге атсалысу;
— Мал өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту.

Шағын және орта агробизнесті қолдау

— Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру;
— Шағын шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуіне қолдау көрсету;
— Ет, сүт және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорындардың ашылуына жағдай жасау;
— Жергілікті өндірушілердің өнімдерін сауда орындары мен нарықтарға шығаруға жәрдемдесу;
— Ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз өткізуге мүмкіндік беретін сауда алаңдары мен жәрмеңкелерді дамыту;
— Жергілікті өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау.

Жастарды аграрлық салаға тарту

Ауыл шаруашылығының болашағы – білімді, ізденімпаз әрі жаңашыл жастардың қолында. Өзім де жас маман болғандықтан, бұл мәселенің маңызын жақсы түсінемін.
— Ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдаған жастарға арналған әлеуметтік және кәсіби қолдау тетіктерін жетілдіру;
— Жас ветеринарлар мен агрономдардың ауылдық жерлерде жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау;
— Жас кәсіпкерлерге мал шаруашылығы мен агробизнес саласында өз ісін бастауға қолдау көрсету;
— Аграрлық білім беру ұйымдары мен шаруашылықтар арасындағы байланысты нығайту;
— Жастардың заманауи технологияларды, цифрлық шешімдер мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығына енгізуіне мүмкіндік туғызу.
Мен жас болғаныма қарамастан, туған өлкемнің дамуына үлес қосуға деген ниетім мен кәсіби білімім бар. Ветеринария саласындағы тәжірибемді ел игілігіне жұмсап, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үнін билікке жеткізуді азаматтық міндетім деп санаймын.

Су ресурстарын тиімді пайдалану және егін шаруашылығын дамыту

Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы жер мен суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Әсіресе су тапшылығы жағдайында суару жүйелерін жаңғырту, егістік алқаптарының өнімділігін арттыру және шаруалардың су ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды.
• Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, каналдар мен арықтардың жағдайын жақсарту мәселесін көтеру;
• Су үнемдеу технологияларын, оның ішінде тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін енгізуді қолдау;
• Шаруаларды сапалы тұқыммен және заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалардың қолжетімділігін арттыруға ықпал ету;

Тапсырыс беруші: № 17 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Қысық Т.Т.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан
жабылатын шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.