Менің басты қағидам – ашықтық, жауапкершілік және нақты нәтиже — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Менің басты қағидам – ашықтық, жауапкершілік және нақты нәтиже

13

№6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
Сансызбаев Нурлан Каражанович

Өмірбаяным

Мен, Сансызбаев Нұрлан Қаражанұлы, 1976 жылы 29 шілдеде дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ.
1993 жылы Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, 1997 жылы аталған оқу орнын «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымды 1997 жылы Жамбыл университетінің «Қазақстан тарихы және саясаттану» кафедрасының оқытушысы болып бастадым. 1998-2002 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Жалпы тарих» кафедрасында оқытушы қызметін атқардым. 2002-2005 жылдары осы университеттің аспирантурасында білімімді жалғастырдым.
2005-2010 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Отан тарихы» кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істедім. 2010-2011 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» директорының орынбасары қызметін атқардым. 2011-2012 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Тарих және тарихты оқыту әдістемесі» кафедрасында аға оқытушы, 2012-2013 жылдары институттың медиа бөлімінің жетекшісі, 2013-2014 жылдары ректордың көмекшісі болып еңбек еттім.
2014-2015 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін атқардым. 2015-2017 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының кеңесшісі, 2017-2018 жылдары әкімшілік-шаруашылық жұмыстары жөніндегі проректоры болдым. 2018-2020 жылдары «Имидж және қоғаммен байланыс» басқармасының басшысы қызметін атқардым.
2020-2022 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының жалпы мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс істедім. 2023 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналыстым.
2026 жылғы 1 сәуірден бастап Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Жастар саясаты және тәрбие жұмыстары басқармасының басшысы қызметін атқарып келемін.
Кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында бірқатар республикалық семинарлар мен тренингтерге қатыстым. Атап айтқанда, 2015 жылы Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Интерактивті оқыту әдістері» және «Әлеуметтік ғылымдар мен гуманитарлық ғылымдар саласында ғылыми журналдарды таңдау және мақалаларды жариялау» тақырыптарындағы республикалық семинарларға қатысып, тиісті сертификаттарға ие болдым.
Жалпы еңбек өтілім – 26 жыл. Осы уақыт аралығында жоғары білім беру саласында, мемлекеттік басқару құрылымдарында, жастар сая- саты, тәрбие жұмыстары, ұйымдастыру және қоғаммен байланыс бағыттарында мол тәжірибе жинақтадым.

Сайлауалды бағдарлама

Қадірлі сайлаушылар!

Менің басты мақсатым – Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына адами капиталды дамыту, сапалы білім беру, жастардың әлеуетін ашу және қоғамдық бастамаларды қолдау арқылы үлес қосу. Өңірдің өркендеуі тек өндіріс пен инфрақұрылымға ғана емес, ең алдымен, білімді, білікті, отаншыл әрі белсенді азаматтардың қалыптасуына байланысты деп есептеймін. Осы ретте төмендегі сайлауалды бағдарламамды ұсынамын.

Білім мен ғылым – өңір дамуының негізі

• Облыстағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, заманауи зертханалар мен шығармашылық кабинеттердің ашылуына ықпал ету мәселесін тұрақты бақылау- да ұстау.
• Ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы білім сапасы мен цифрлық мүмкіндіктер алшақтығын азайтуға бағытталған облыстық жобаларды қолдау.
• Жоғары оқу орындары, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтіп, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға жағдай жасау.
• Оқушылар мен студенттердің ғылыми жобаларына, зерттеушілік жұмыстарына және зияткерлік сайыстарына қолдау көрсететін өңірлік бастамаларды дамыту.
• Дарынды балалар мен әлеуметтік жағдайына байланысты қосымша білім алуға мүмкіндігі шектеулі жастар үшін білім беру гранттары мен арнайы бағдарламалар санын арттыру мәселесін көтеру.
• Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуына және жаңа оқыту технология- ларын меңгеруіне мүмкіндік беретін жобаларды қолдау.

Жастар саясаты: уәдеден нақты мүмкіндікке

Жастар – өңірдің ертеңі ғана емес, бүгінгі дамуының да қозғаушы күші. Олардың әлеуетін тиімді пайдалану үшін тек бос уақытын ұйымдас- тыру жеткіліксіз. Жастарға кәсіби өсуге, өз идеясын жүзеге асыруға және қоғамдық өмірге араласуға нақты мүмкіндік берілуі керек.
• Жастардың әлеуметтік, ғылыми, кәсіпкерлік және шығармашылық жобаларын қолдауға арналған облыстық бастамаларды кеңейту.
• Ауыл жастарының білім алуына, кәсіптік бағдар таңдауына және жұмысқа орналасуына көмектесетін тәлімгерлік жүйесін дамыту.
• Жас мамандарды өңірде тұрақтандыру үшін тұрғын үй, жұмыспен қамту және кәсіби өсу мәселелерін кешенді шешу жөніндегі ұсыныстар енгізу.
• Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жандандырып, жастардың облыстық деңгейдегі шешімдерге қатысу тетіктерін қалыптастыру.
• Жастар арасында волонтерлік қозғалысты, әлеуметтік кәсіпкерлікті және азаматтық жауапкершілікті насихаттау.

Әлеуметтік әділеттілік және тең мүмкіндіктер

Әрбір азамат өзінің тұрғылықты жеріне, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға, қоғамдық өмірге араласуға және қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік алуы тиіс.
• Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім беру, мәдениет және қоғамдық кеңістіктерге қолжетімділігін арттыру мәселелерін тұрақты көтеру.
• Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына қосымша білім мен шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндігін кеңейту.
• Аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған ұрпақтар сабақтас- тығы жобаларын қолдау.
• Ауылдық елді мекендердегі мәдени, спорттық және білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар енгізу.

Құрметті жерлестер!

Мен өңірдің болашағын адам капиталының сапасымен өлшеймін. Білімді ұрпақ, кәсіби маман, белсенді азамат және жауапты қоғам – Жамбыл облысының тұрақты дамуының басты кепілі.
Депутат ретінде тұрғындардың талап-тілегін облыстық мәслихат мінберінде көтеріп қана қоймай, оның шешілу жолдарын іздеуге, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға басымдық беремін.
Менің басты қағидам – ашықтық, жауапкершілік және нақты нәтиже.

Тапсырыс беруші: №6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Сансызбаев Н.Қ.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.