Суицидтің алдын алу – ортақ міндет

10 қыркүйек – Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күніне орай, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №25 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істер басқармасының «Ақ ниет» қоғамдық қорының мүшесі Сейтхази Мұстафамен мекеменің теолог және психолог мамандарымен бірлесе, сотталған азаматтарға профилактикалық бағытта түсіндіру жұмыстары, Суицидтің алдын -алу тақырыбында тест, және Тренинг жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – «Суицидтің алдын алу – ортақ міндет» қағидасын түсіндіру, адамның өмірін сақтаудың маңыздылығына назар аудару, қиын жағдайға тап болған кезде психологиялық көмекке жүгінудің маңызын түсіндіру және сотталған азаматтардың психологиялық тұрақтылығын нығайту.
Кездесу барысында «Адам өмірі – ең жоғары құндылық» екендігі ерекше атап өтіліп, әр адамның өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қараудың, қиындықтарды сабырмен еңсерудің және дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар, қатысушыларға өмірлік қиын жағдайларда жалғыз қалмау, өз мәселелері мен ішкі алаңдаушылықтарын жақын адамдарымен, психологпен немесе басқа да мамандармен бөлісу қажеттігі айтылды.
Іс-шара барысында сотталған азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, олардың психологиялық және эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған ұсыныстар берілді.
Адам өмірі – баға жетпес құндылық. Оны сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

Маржан Сейдуллаева,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты
№25 мекемесінің аға инспектор-психологы, әділет майоры